Көңілдің кірін кетірген қойылым

«Мюзикл – әркімнің тісі бата бермейтін, артистердің кәсібилігін, режиссердің суреткерлік шеберлігінің мықтылығын көрсететін жанр» деген ТҰҢҒЫШБАЙ ЖАМАНҚҰЛОВ.

 Әзірбайжандық драматург Үзейір Ғаджыбековтің әлемдік классикаға айналған «Аршын мал алан» атты шығармасын сахналады.

Маусым айының 12 жұлдызында қала халқы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық театрына ағылды. Оған себеп – театр сахнасында жоғарыда аталған «Аршын мал алан» мюзиклінің қойылуы еді. Оның алдында 3 және 5 мамыр күндері сахналанған бұл дүние үшінші рет қойылса да, зал көрерменге толы болды.

«Аршын мал алан» − Үзейір Ғаджыбековтің соңғы әрі танымал туындысы. 1913 жылы Санкт-Петерборда жазылған бұл дүние алғашқы рет 1918 жылы Бакудегі Зейнеллабдин Тагиев театрында қойылды. Әлемнің 75-тен астам тіліне аударылып (мұның ішінде қазақ тілі де бар), АҚШ, Франция, Қытай, Ресей театрларында сахналанды.

Шуше қаласында өткен қойылым бастан-аяқ әсем әуенге, күтпеген шешімге, күлместің езуіне күлкі үйіретін әзілге құрылған. «Аршын мал аланның» шығу тарихы жөнінде осы оперетта желісімен түсірілген көркем фильмде Әскерді ойнаған Рашид Бейбітовтің қызы Рашида Бейбітова «Аргументы и Факты» газетіне сұхбатында: «Менің атам Маджид-бей Бейбітәлі бұрынғы кезде Бейбітовтер әулеті деп аталған. Ерекше дауысқа ие, халық әндерін өте тамаша орындаған атам 30 жасында кәсіби әнші атанған. Оған дейін өз әкесіне көмектесу үшін жібек кілемдерді қоларбаға қатарластыра іліп алып, Шушенің көшелерін жаяулата аралап жүріп, қаланың сәнқой қыз-келіншектерін өзіне сауда жасауға шақыру үшін «Аршын мал алан, аршын мал алан...» деп әндетеді екен. Міне, осы кездеме саудашы малшының жарқын бейнесі болашақ композитор Үзейір Ғаджыбековтің балалық жадында сақталып қалғаны соншалық, кейін келе ол мұны «Аршын мал аланға» негіз етіп алды», − дейді. Міне, бұл опереттаның шығу тарихы осы.

Қ.Мұхамеджанов аудармасы арқылы осы кезге дейін қазақ театрларында қойылып келген дүние алғашқы рет мамыр айында қазақтың Әкемтеатрында сахналанған-ды. Қоюшы-режиссері – Тұңғышбай әл-Тарази, қоюшы-суретшісі – Есенгелді Тұяқов, музыкамен әрлеген – Арман Дүйсенов.

Премьераның аты – премьера. Қойылымды көрмекке көпшілікпен бірге театрға бет алдық.

Сұлтанбек көпестің жалғызы, көркем табиғаттың жаршысындай болған Гүлчахра сұлуға «көшенің кездеме сатушысы» Әскер бір көргеннен ғашық болады. Қыздың да көңілі барды сезеді. Екі жақ та бір-бірін қалап тұр, бірақ ортада бір ғана кедергі бар. Ол «бай қызын бере ме кедейге, егер ессіз болмаса» дегенге сайып келетін белгілі ұғым. Бірақ, Әскер кедей жігіт емес. Кедейліктің кейіпіне ғана еніп, қызбен танысуды мұрат еткен жігіт. Қыз әкесіне өзі баруды жөн көрмеген жігіт әпкесі Жиханды жеңге етіп Сұлтанбекке жібереді. Міне, осы сәттен көрерменді қыран-топан күлкіге қарқ еткен сәттер басталды. Әйелінен айырылған көпес жесір қалған «жігіт жеңгесіне» құлап түседі де өзіне жар етпекке ұмтылады. Бірақ оның келген мақсатын естігенде бұлқан-талқан ашуланып, жеңгесінің артынан келген Әскерді үйден қуып шығады. Тауы шағылған Әскер «байдың тілі байлықта» деп ұғып, малды күйлі адамға айналып қайта келгенде қызын қарсылықсыз беретін Сұлтанбекке кезігеді. Гүлчахарға қолы жетіп, қуана-қуана әнге басады.

Қойылымда көрерменнің назарын аудартқан Әскер де, Гүлчахар да емес. Солардың айналасында жүрген Әсия мен Телли болды. Олардың да бақытты, қызықты өмір сүруге дәмесі бар. Сол күнгі кеште көрерменге жеңіл әзіл мен риясыз күлкі сыйлаған, бастан-аяқ мюзиклдің әрін де, сәнін де келтірген Сұлтанбек бейнесі еді. Бай да болса бала мінез, сараң де болса сайқымазақтығы бар Сұлтанбек мюзиклдың кейбір сын айтар тұстарын «жасырып», еленбей қалуына көмек етті. Сөзімен де, қимылымен де...

«Бір түйір қан, үш сом ақша, тәуір молда болса болды, неке суын ішкізіп, молдаға үш сом қыстырып» деп әндететің, «Сен жесірлігіңді тоқтат, мен бойдақтығымды тоқтатайын» деп Жиханға астарлы сөз айтатын Сұлтанбекті Аралбек Төлеубай, «Қазір Құдай білсін, оның не кәсіп етіп жүргенін» деп о дүниелік күйеуінің кәсібін Аллаһтан білмек болған Жихан рөлін Ғазиза Әбдінәбиева, «Қыз ұнады ма, жоқ па, алдымен соны білу керек қой. Алдымен қыздың өзінен сүрасаңшы» деп назданатын, бай қызымын деп паңданбайтын, көкірек керіп¸ кездескенді кемсітпейтін Гүлчаханды Дәрия Жүсіп, «Көзім көрді, жүрегім сезді» деп жолыққанға жүрегін алып жүгірмейтін, таңдап, талғап сөз айтатын әнші жігіт Әскерді Ерлан Біләлов, «Сен бектің қызысың, бектің. Теңің емес ол сенің» деп әр сөзін қадап айтатын, қадап айтса да қалап айтатын Әсияны Данагүл Темірсұлтанова, «Ей, Алла-ай, бір адам табылып, мені алып, ана қақпас шалдың азабынан құтқарар ма еді» дейтін Теллиді Шынар Асқарова келістіре сомдады.

Одан басқа да Велиді – Жалғас Толғанбаев, Сүлейманды – Жандарбек Садырбаев ойнап, мюзиклдің мән-маңызын аша түсті. Қойылымның соңы кейіпкерлердің қай-қайсысының да қамкөңіл қалмай, қол ұстасып, әндете, билете, театр сахнасынан алыстауымен бітті.

Көрермен қауым риза. Шымылдық жабылар сәтте бәрі де орындарынан өре түрегеліп, риза көңілмен қол соқты. Байқап қараған адамға ду шапалақты соқтырған да, жұртты орындарынан тұрғызған  да Сұлтанбекке деген ризашылық сезім еді. Сондай-ақ көрермендердің бұл ықыласынан сахнадан бір-бірін тауып қосылған жұпқа деген шынайы тілектестік ниеті де аңғарылар еді.

 

Жәнібек НҰРЫШ

А.Яссауи атындағы

 халқаралық қазақ-түрік 

университетінің студенті