Абай туралы фильмдер нақтылануда – Ақтоты Райымқұлова

«ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жақын арада Абай туралы қандай фильмдерге мемлекеттік қаржылық қолдау көрсетілетіндігі туралы айтты», – деп хабарлайды ҚазАҚПАРАТ тілшісі.

 

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатынан кейін тілшілер министрден Абай туралы көркем фильмді кім түсіретіндігін сұрады. «Өздеріңіз білесіздер, Ұлттық киноны қолдау орталығында осы күндері, яғни бір апта бойы ашық байқау өтіп жатыр. Бұл байқаудың нәтижесінде қандай көркем фильмдер, қандай деректі фильмдер, сондай-ақ қай нұсқалар мен жобалар қолдау тапқанын білетін боламыз. Сонымен қатар, сарапшылық комиссия (27 ақпан мен 6 наурыз аралығында) қарауында үлкен әрі маңызды сұрақтар қаралады», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Абай туралы бірнеше деректі фильм мен телесериал түсірілетіні айтылған еді. Бұл туралы елордадағы Абайдың 175 жылдық мерейтойының ресми ашылуына арналған салтанатты шарада ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті.

Естеріңізге салсақ, 2019 жылдың наурыз айында Қазақстан Тәуелсіздік алғалы осы салада қабылданған алғашқы заңнамалық құжат - ҚР «Кинематография туралы» заңға сәйкес Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды. Бұл ұйымның қызметінің негізгі бағыты ұлттық киноны қолдау, оны халықаралық деңгейге көтеру және әлемдік нарыққа шығару, Қазақстан киноөндірісіне инвестиция тарту.

Аталған орталық арқылы ұлттық фильмдерге, ұлттық фильм атағын иеленуге ниетті киножобаларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі, сонымен қатар кинематография саласында субсидия беріледі.