Ақтөбедегі Шәмшінің баба жұрты "Сыған серенадасы" мюзиклымен шалқыды

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Батыс Қазақстан өңіріне гастрольдік сапар ұйымдастырып, қойылымды Ақтөбе қаласынан бастады. Облыстық Т.Ахтанов драма театрында қойған қойылымнан бөлек, тарихи ауылдарды аралап спектакльдер қойды.

Әуезов театрының әуенге, драмалы әсерге де толы өздерінің белді қойылымдарының бірі Шәмші тағдырын тоқайластырған Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» атты поэтикалық драмасы.

Театр ұжымының спектакль қойған ауылдардың бірі, облыс орталығынан 40 шақырымдай қашықтықта орналасқан, қазіргі таңда қазақ вальсінің патшасы атанған Шәмші атамыздың атын алған Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылға қойды.

Бұл ауылдың күллі қазақ халқының мақтанышы, сазгердің серісі, артында үш жүзге жуық ән қалдырған Шәмші Қалдаяқовтың аты берілуі де тегін емес екен. Тарихқа көз жүгіртсек, Шәмші атамыздың Жағалбайлы руы негізінен Кіші жүз ішіндегі Жетірудан тарайтыны баршаға мәлім. Олар еліміздің батысын қоныстанған көне ру. Жағалбайлы руының ата қоныс мекені Ақтөбе облысына қарасты Ор және Қарғалы өзен бойлары. Ал ұзындығы 286 шақырымға созылған Ор өзені  Жайыққа келіп құяды.

-Қазақ өнерінің қара шаңырағы саналатын театр ұжымы ауылымызға келіп, өнерлерін көрсетіп, бізді бір қуынышқа бөлеуде. Осы ауылда туып өстік. Қызмет жасадық. Қазір зейнеткермін. Меніңде руым Жағалбайлы. Шәмші бауырымыз Ақтөбе облысындағы Темір техникумын бітіріп, Ырғыз ауданында мал доғдыры болып алғашқы жұмысын істеген. Содан ата-аналары Оңтүстік Қазақстанға көшіп, қалған өмір жолы сол жақпен байланысты болды, - дейді ауыл ақсақалы Наурызғали Сағынтаев.

Ал Жағалбайлылар туралы «Қыз Жібек» эпосының бас кейіпкері Төлеген батырдың тарихы арқылы біздерге таныс болып келген еді. Қазақ вальсінің патшасы атанған Шәмші атамыздан бөлек, ұлы әнші Роза Бағланова, жаңа тарихымыздағы ең жарқын саясаткерлердің бірі Нағашыбай Шайкенов шыққан екен.

-Біз бүгін керемет, басқа театрлар әлі бастан кеше қоймаған, ғажайып сәтті басымыздан өткеріп тұрмыз. Өйткені, қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов театры Шәмшінің рухы, Шәмшінің атын алған, сол Шәмші атамыздың ата-бабасының қаны тамған, кіндігі кесілген жерге келді. Қазақтың тарихы тереңде жатыр. Шәмші атамыздың, бізде осы елде тума-туысқандары тұрады. Мына жерде ел аралаған адамдар біледі, Жағалбайлы руынан «Берікқұл аулие» дейтін атамыз, Жағалбайлы «Сәркі» дейтін батыр жатыр. Осының бәрінің шыққан тегіне қарап отырсақ, Шәмші атамыздың тегін емес екендігін ұғынуға болады. Бірақ енді тарих осылай Шәмшіні бүкіл қазаққа қылу үшін даңқын, атағын биікке көтерді. Сондықтан қазақ өнерінің қара шаңырағы, Әуезов театрының осы жерге келуінің өзі үлкен көрегенділік. Басқа өнер әлемінде қызмет етіп жүрген күллі өнерпаздарға көрсеткен үлкен өнегесі, тәрбиесі деп ойлаймын- деді Т.Ахтанов театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Орал Байсеңгір.

Жалпы бұл ауыл 2007 жылдан бастап Шәмші Қалдаяқовтың атын алған. Оған дейін, осы елден шыққан Виктор Пацаев деген ұшқыштың атында болған екен. Ауыл тірлігіне көз салсақ, ауыл шаруашылығын өрістетіп отырған ірі шаруа қожалықтары бар, шаруашылығы дөңгеленген ауыл.

-Алматыдан келген театр ұжымының бүгінгі қойылымы Шәмші ағаның шығармашылығын аша түскендей болды. Екінің бірі оның әндерінің тарихын біле бермейді. Міне соның бәрін ашып, халыққа көрсетуде. Біздің ауылымыз Шәмші Қалдаяқов атын алғанына ауыл тұрғындары қуаныштымыз. Шәмші ағаның атын алғалы бізде бірталай жақсы істер болып жатыр. Ауылымызға газ, су келді. Жаңадан мәдениет үйі салынды. Ондағы жақсы кітапхана осының бәрі өскелең ұрпаққа жаңа серпін бергендей. Ал енді театр тұрғысына келгенде, өте рахметіміз мол. Бізде артистерді күнде көре беретін жағдай бола бермейді. Спектакль барысында кейбіреулері қойылымға еніп кетіп, «Шәмшіні ұрма» деп айқайлап жатты. Соның бәрі артистердің ролдерді сомдаудағы шеберлігі, шыныменде сондай оқиға болып жатқандай болды, -  деді  спектакльді тамашалап шыққан ауыл тұрғыны Гүлмира Кәкешова.

Қойылым соңынан кейін ауыл ақсақалдары баталарын беріп, шын көңілдерімен ризашылықтарын білдірді. Театр артистері ауыл ортасында тұрғызылған Шәмші Қалдаяқов кеуде тұғырының қасына естелік суретке түсті.

Ә.КЕРЕЕВ