Драмалық эпос жанрындағы «Сүйінбай» қойылымы сахналанды

Маусым айының 1-2 күндері театрымызда Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» драмалық эпос жанрындағы қойылымның премьерасы болып өтті.

Тарихи драманың бас кейіпкері - қазақ айтыс өнерінің атасы, атақты жырау, үлкен тарихи тұлға Сүйінбай Аронұлы. Оқиғалары негізінен ХІХ ғасырдың орта тұсында қырғыздың әйгілі ақыны Қатағанмен айтысы төңірегінде өрбитін қойылымда Жырау нағыз толысқан, үлкен қайраткер деңгейіне көтерілген кезінде көрінеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров Максимұлы театрымыздағы драмалық эпос жанрындағы жаңа қойылымға былайша өз ойын білдірді.

- Тәуелсіз мемлекет атанғаннан бергі жиырма жеті жылдың ширегінде қоғамның рухани келбеті мен мәдени кеңістігіміз өзгерістер мен даму жолында екендігі анық. Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі ұсыныстардың маңызын терең түсінеді» деп биік сенім жүктей отырып рухани құндылықтар – ұлттың генетикалық коды» екендігін нақты атап өтті.

Жалпы қоғамның дамуына, жасампаздық идеясымен қаруланған ұлағатты ұрпақты қалыптастыруда, тұлғалардың атқаратын ролі ерекше. Тәуелсіздік алған кезеңдегі рухани әлеміміздегі ұлы тұлғалардың өз халқымен қауышуымен бірге, қазақ театр өнерінің өткен тарихқа деген бетбұрысы айқындалып, күрделі аспектілерге ұласты. Әсіресе, халқымыздың тарихы мен ұлтымыздың мақтанышына айналған ұлы тұлғаларымыз туралы жазылған драмалық шығармаларды сахнаға  шығаруға ерекше мән берілді. Себебі халқымыздың шежіре-деректерінің патшалық ресейдің империялық саясатының ықпалымен, кейiн коммунистiк идеологияның қағидаларының ұстанымдарымен, мүлде жазылып, терiс бағаланғандықтан бірнеше буын ұрпақ тарихи шындықтан ажырап қалды.

Сондықтан, ақтаңдақ жылдарды шаң басқан архивтерден жарыққа шығарып, тарихи деректерді драматургия тіліне айналдырып, көркем туынды жасау үрдісі туды. Белгілі драматург Иран-Ғайыптың да «Сүйінбай» драмалық эпосын таңдаған сәтте де, қазақтың рухани әлеміндегі ұлы тұлға Сүйінбай бабамыздың отты жырларымен, оның біртуар бейнесімен, әсіресе жас ұрпақты тілдестіргіміз келді. Себебі, Сүйінбай Аронұлы - халқымыздың рухани кеңістігіндегі ұлы тұлғалардың бірі, ақиық ақын, қайраткер, дала кемеңгері. Сүйінбай бабамыздың жырларында біздің ұлтымыздың болмыс бітімі жатыр. Өміршең өлеңдерінде ұлтымыздың «рухани коды» жатыр. Сондықтан Сүйінбай біртуар болмысымен бүгінгі ұрпаққа не береді десеңіз, әрине ең бірінші кезекте ұлттық рухтың биіктігін көрсетеді. Намыстың жарқылдаған наркескені іспеттес жампоз жырларымен жас ұрпақты елдік пен бірлікті ту етуге бастайды.

Сондықтан, осындай бейненің өмірі мен шығармашылық жолын арқау еткен туындының сахналық нұсқасын жасар кезде, сол Сүйінбай бабамыз өмір сүрген кезең, орта, біздің халқымыздың сол кезеңдегі қилы тағдыры қандай болды деген сұрақтарға жауап іздедік. Ақынның күрескерлік болмысы, халықшыл келбеті, осының барлығы суреттеліп, көрерменді тарихи тағылым мен таным, тәрбие мен өнеге, рухани эстетикалық әсер сыйлайды. Біздің халқымыздың болмыс-бітімін айтыс өнерінсіз елестету қиын. Қазақ ауыз әдебиетіндегі шоқтығы биік айтыстың бірі- Сүйінбай бабамыз бен Қатағанның арасындағы жыр сайысы. Ғасырдан ғасырға, бабадан балаға мирас болып келе жатқан осы айтыстың сахналық нұсқасы көрермендерге керемет көркемдік эстетикалық әсер сыйлады.

Иран-Ғайып – Қазақстанның сахна өнері кеңістігінде поэтикалық театрдың дамуына зор үлес қосқан реформатор драматург. Иран-Ғайып драматургиясы ақ өлеңге, бейнелі ойлау мен керемет бір поэтикалық шиеленістерге толы. Поэтикалық заңдылықтарға негізделіп жазылған драматургия. Сондықтан, сол драматургтың шығармаларының кілтін тапқан үш-төрт режиссеріміз бар Қазақстанда. Солардың бірі - Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, белгілі режиссер Мұрат Ахманов. Басты айта кететін нәрсе, драматург пен режиссердің ортасында шығармашылық тандем туындаған.

Әрине, бабаларымыздан бүгінгі күнге дейін жеткен халықтық даналығы бар - «Қазақ-қырғыз бір туған» деген. Драматург пен режиссер қойылым арқылы осы ұғымның астарып ашып, халық даналығын ту еткен. Әрине ең бірінші кезекте сол екі халық арасындағы тамыры тереңде жатқан достық пен бірлікті дәріптеуді өздерінің басты мақсаттарына айналдырып және мақсаттарына жете білген. «Сүйінбай» қойылымы арқылы біз көрермендерге «Ұлы Дала театрының» заңдылықтарына негізделген, рухани құндылықтарды дәріптейтін ұлттық қойылымды ұсына аламыз деген сенімдемін, - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Максимұлы Маемиров.

Спектакльді қоюшы режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген арисі Мұрат Ахманов. Ал, қойылымдағы бас кейіпкер Сүйінбайдың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс ойнады.

- Бүгін Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» спектакліне келіп, бір керемет өте жақсы әсер алдық. Осыдан бұрын Атырау театрының «Сүйінбайды» келіп қойғанын көріп едім. Ол өзінше басқа болатын. Әрине, олда жақсы. Бүгінгі спектакль Әуезов театрының аристері қойған спектакль керемет, ғажап болды. Бізге өте қатты ұнады. Нағыз Сүйінбайды бүгін көргендей болдық. Бұрын біз Сүйінбай ақын туралы естуімз,оқығанымыз бар. Ал бүгін мына спектакль арқылы қазақ халқы менен қырғыз халқының арасындағы шиеленісті, содан кейінгі достықты көре білдік. Сүйінбайдың ақындығын рольде ойнаған актер жақсы ойнаған. Керемет жақсы әсер алдық. Әрине, осындай жақсы спектальдар қазақ еліміздің тәуелсіздігіміздің арқасында дүниеге келіп жатқан спектальдер көбейе берсе екен дейміз. Қойылымда ойнаған артистерге барлық көрермен атынан ризашылығымды білдіремін. Еңбектері жана берсін, - дейді зейнеткер Райхан Төлегенқызы қазақ радиосының ардагер журналисті.

Бұл қойылымды тамашалауға арнайы Сүйінбайдың шәкірті Жамбыл бабамыздың атындағы облыстан арнайы келген көрермендер де кездесті.

- Сүйінбайдың шәкірті Жамбыл бабамыздың атындағы облыстан келіп, «Сүйінбай» премьерасына арнайы тамашалауға келдік. Ол Сүйінбайдың премьеарсында қырғыз елімен, қазақ елінің арасындағы татуласуды. Яғни біздің Жамбыл жеріндегі Талас өзені бар. Сол Таласты қырғыз еліде, қазақ еліде емеді. Сол елдің арасындағы бейбітшілікті орнатқан Сүйінбай ақынмен Тезек төреміздің Бөлтірік Әлменұлының болашақ ұрпақ үшін жасаған тірліктерін тамашалап, қайтып барамыз. Өзім сол Талас ауданынанмын, енді ауылыма барғанда, өзіміздің келешек ұрпағымызға жасаған, қазақпен қырғыздың болашағы үшін жасаған тірліктерін паш етіп айтатын боламын,-дейді Жамбыл облысы Талас ауданынан арнайы келген зейнеткер Әділбек Әлмен Әліпбайұлы.

Қойылымда сол кезеңдегі тарихи оқиғалармен астасып, Кенесары ханның өлімінен кейін екі ел арасында орын алған қырғи-қабақ сәттегі татуласудың жөні баяндалады. Қырғыздың бай-шонжар манабы Орманханның шешесіне ас беріп, қазақтың игі-жақсыларын қонақ ретінде шақыратын сәт суреттеледі. Дәл осы жиын үстінде қазақ ақыны Сүйінбай мен қырғыз ақыны Қатағанның кездесіп, Сүйінбайдың жеңіске жеткені тарихтан белгілі.

- Жамбыл айтады «Сүйінбай менің пірім!» деп. Сонда Сүйінбай пір! Жамбыл дүр! Ал, Дүрдің атында облыс бар. Дүрдің атында қалалар бар. Дүрдің атында ауылдар бар. Ал, қазақ халқының пірі Сүйінбайдың атында даңғылдан басқа ештеңе болмай келді. Енді құдай жарылқайтын шығар. Енді бәрі болатын шығар. Халқымызға да, өзімізге де, сахнамызға да құдай әр уақыттада жарылқасын сіздерді, - деп қойылым соңынан кейін, Қырғыз елімен Қазақ елі арасындағы татуласуды Сүйінбай халық жырауы ғана емес, халық елшісі деңгейінде бейнеленелей білген пьеса авторы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран-Ғайып театр ұжымына қойылымда ойнаған артистерге алғысын білдірді.

Әділғазы Бақытұлы