93-маусым «Қобыланды» спектаклімен жабылады

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының 93-маусымы өз мәресіне жетті. 2019 жылдың 29-маусым күні сағат 19.00-де театр маусымы жақында ғана тұсауы кесілген «Қобыланды» спектаклімен жабылмақ. Режиссері  – ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Нұрқанат Жақыпбай. Қоюшы-суретшісі – Қазақстанның суретшілер одағының мүшесі – Мұрат Сапаров.

Бұл маусым театр ұжымы үшін берекелі, жақсы жаңалықтармен есте қалады.  Атап айтар болсақ, «Ғасырдан да ұзақ күн» (Ш.Айтматов), «Анна Каренина» (Л.Толстой), «Ұлым, саған айтам...» (Б.Беделхан), «Сүйікті менің ағатайым» (А.Чехов), «Қобыланды» (М.Әуезов) спектакльдерінің премьералары, Шет ел шеберлерінің қатысуымен өткен Республикалық Практикум, Мұрат Сапаров, Ғазиза Әбдінәбиева, Мұрат Нұрәсілов, Торғын Тасыбековалардың мерейтойлары, сондай-ақ Әнуар Молдабеков, Әнуар Боранбаев, Мүлік Сүртібаев пен Айкен Мұсабековаларды еске алу кештері, «Сырласу бұрышында» өткен Жанель Мақажан, Еркебұлан Дайыров, Бекжан Тұрыс, Мейрамбек Тағановпен кездесулер, республикалық деңгейде өткен «Ұлы даланың ұлы күні – НАУРЫЗ» мерекесі,    «ҚАРА ШАҢЫРАҚ – 2019» фестивалі,  «МУЗЕЙ ТҮНІ» шарасы.

Дағыстан Республикасында Каспий жағалауы елдері арасындағы тұңғыш ұлттық театрлардың Халықаралық фестивалінде  «Сүйікті менің ағатайым»  қойылымы  «Үлкен формадағы үздік спектакль» атағын алып, бас жүлдені иеленді.  ВЕНГРИЯ Республикасының астанасы Будапешт қаласында өткен Имре Мадача атындағы V Халықаралық театр фестиваліне «Қорқыт» спектаклімен гастрольдік сапарға барды.

Айта кетейік, бұл маусымда Әуезов театры өз көрермендеріне 5 жаңа спектакль және жалпы көлемде  206 қойылым ұсынды.


ГҮЛІМ РЫСҚҰЛ