Ғайникамал Байқошқарова: Арманым әлі таусылған жоқ

8 ақпан – М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері  Байқошқарова Ғайникамал Мұқанқызының туған күні. 50 жылға жуық қазақ сахнасына қызмет етіп жүрген Ғ.Байқошқарова ұлттық және әлемдік классикада, заманауи және аударма шығармаларда негізгі рольдерден көрініп, кино саласында да жемісті еңбек етіп жүр.

Өзінің мерейлі 75 жасын қарсы алған актрисамен БАҚ менеджері Ержан Тоқтардың сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз!

 

– Мұзбалақ ақын Мұқағали «Сәби болғым келеді, сәби болғым» деп жырлағандай, өнер адамдарының мінез-құлқы сәбиге ұқсас келеді дегенге қалай қарайсыз?

– Алаштың ақиық ақынынан асырып айту мен үшін мүмкін емес. Шыныменде өте дұрыс айтқан. Өнер саласына тән қай мамандық иелері болсын, әсіресе әртістер қауымын алғанда болмас нәрсеге ренжіп, болмайтын нәрсеге көңілденіп, бабаларымыздың тілімен айтқанда «бір атым насыбайға бола» көңілі қалып қалатын сәби мінезді келетініміз рас. Оған өмірлік тәжірибемнен алып қарағанда көзім анық жетті. Сахнада өзіңнің болмысыңдағы табиғатыңмен қоса, ойнайтын кейіпкеріміздің табиғатына бейімделіп, өмірін тұла бойымызға сіңіріп, сәбидей сеніп сол образбен қойылым біткенше өмір сүреміз..

 Өнер адамына сәбидей болуымен қатар, адам мысын бір көргеннен басатын рухты дарындар тарих қатпарынан ойып орын алады екен.Мен студенттік кезімде құрбы қыздармен бірге Жазушылар Одағының асханасына барып тамақтанып отырғанбыз. Осы кезде асхана есігі айқара ашылып, шашын артына қайырған алып денелі Мұқағали аға кіріп келді. Бәріміздің ішіп отырған асымыз жайына қалып қарап қалыппыз. Мұқағали аға жан-жағына қарап сәл аялдап тұрды да, басқа дастарханда ауқаттанып отырған, ақын-жазушыларға қарамай біздің дастарханға беттеді. Қол-аяғымыз дірілдеп  отырмыз. Мұқаң жақындап келді де, бізге қарап өлең оқыды. Қыран дауысына елітіп тыныштық тапқан даладай асхана іші өлең құдіретіне бас иді. Сол кезіме әлі өкінем орнымнан ұшып тұрып, ағамды дастарханға отырғызып күтудің орнына, қазақ қызына тән ұяңдығыммен  отырып қалыппын. Бір қарасам, Мұқағали ағам кетіп қалыпты. Мұны айтып отырған себебім: қазақ поэзиясына өлшеусіз үлес қосқан Мұқағали ағам сияқты қазақ театрының іргетасын қалаған Қаллеки,Елубай, Серке ағамдар бастаған дарындар көзі тірісінде-ақ алаштың рухына айналды. Ондай дарындардың табиғаты сәбиге ұқсас болғанмен, дарынын былай қойғанда жүріс-тұрысының өзімен-ақ халыққа үлгі еді. Біздің қазіргі қоғамға осындай рухты дарындар жетіспейді.

 

– Театр сахнасында ең алғашқы ролін сомдап шыққандағы өрімдей жас Ғайникамалдың алған әсері қандай еді?

– Мен Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының актерлік бөлімін, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хадиша Бөкееваның алғашкы түлектерінің бірімін. Өнер жолымды ұстазымның нұсқауы бойынша Ғабит Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер мен балалар театрында бастадым. Алғашқы ойнаған рөлім – М.Хасенов ағамыздың «Қаралы сұлу» қойылымындағы Меруерт образын сомдадым.Әлі есімде Қаралы сұлу қойылымымен бірге күрсіну үшін жан-жақтан ағылған көрермен  балалар мен жасөспірімдер театрының залына сыймай кететін. Сонда әйгілі Әмина Өмірзақова апайым менің сомдаған рөліме көңілі толған болуы керек «бізге болашағы зор актриса келді» деп қол соққанда төбем көкке екі елі жетпей тұрды.Кейін М.Хасенов ағамыздың жары Зейнеп апай  мені Хадиша ұстазымның үйінде көріп, "сен біздің Меруерт емессің бе көп жаса" - деп маңдайымнан иіскегені есімде.Ұстазының көзінше жақсы лебіздер есту шәкірті үшін ол да бір бақыт екен.Кезеңінен асып ол күндерде келмеске кетті.

– Кино мен театрдағы сомдаған рольдеріңізге келсек, сіз киелі үш әріптен тұратын ана – әже - ене рөлін шырқау шыңына шығарып ойнайсыз. Оған дәлел барлық қазақ қызығып көрген «Қарашаңырақ» фильміндегі басты ана ролін сомдадыңыз. Өмірдің өзіндей көрерменді шынайы сендіріп ойнаудың сыры неде деп ойлайсыз?

 

– Мен жалпы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірмдер театрынан бастап, еліміздің бас сахнасы Әуезов театрына ауысқалы бері қасиетті қарашаңырақта саналы ғұмырымды өткізіп келемін. Кино және театр репертуарында ұлттық және әлемдік классикадан театрда тоқсанға тарта, ал кинода отызға жуық үлкенді-кішілі рөл сомдаппын. Музыкалық комедия мен фарстан бастап психологиялы драма және трагедиялық қойылымдарға дейін бар шеберлігімді салып көрермен көңілінің көкжиегінен шығатындай етіп ойнадым десем артық айтпағаным болар. Соның бірі – «Қарашаңырақ» фильміндегі басты рөлдің бірі Гауһар ана обрызын сомдадым. Гауһар ананың бейнесін жасау арқылы қазақ әйелінің анасының, әжесінің қандай болуы керектігін көрсеткім келіп, ежелгі міндетіне күш салдым. Әрбір ананың бойында бар байыптылық, байсалдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттерді Гауһар ана образы арқылы беруге тырыстым.Менің атам Мұсатай,ұлы жазушы Мұхтар Әуезов атамызбен үзеңгілес дос болып бірге жүрген.Ал әжем гармон тартып, ән шырқап, жүрген жерін той думанға ұластырған көрікті жан болған.Абай атамның ұрпақтары үйлерінде жақсылық болса міндетті түрде пар атты күйме жіберіп, менің әжемді алдырып ән салдырған.Ал, анам көп сөйлемейтін сырбаз, келісті жан болған.Гауһар ана обрызының сәтті шығуынада бір жағынан әжеммен анамнан алған тәрбиенің ұшығы бар.Қазір маған кез келген ортада жастардан бастап қарттарға дейін танып құрмет көрсетіп жатады. Жалпы көрерменді баурай білудің сыры –өзіңнің табиғи талантыңмен қоса, әр сомдаған образбен біте қайнасып бірігуде.

– «Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» деген екен Серке Қожамқұлов ағамыз. Ұстаз – ұлы есім. Үлгі тұтатын ұстаздарыңыз жайлы қосарыңыз болса.

– Менің үлгі тұтып бағалайтын ұстаздарым көп болды. Алғашқы жұмысқа орналасқан сәттен ақ сахнадағы аға-апаларымның әр ойнаған рөлдерімнен бастап бағалап, өнер майталмандарының адамгершілігін, пайым-парасатын, маған берген ақылын, өмірлік сабақ ретінде қарап, бәрінен үлгі-өнеге алдым десем болады.20 шы ғасырда қазақ халқының сахналық және кино өнерін биікке алып шыққан Қазақстан және КСРО халық әртісі Сәбира Майқанова апамменде гастролдік сапарларға шығып,ол кісіден алған тәлім тәрбием көп болды. Сол тұлғаларымыздың ішінде ерекше атап өтетінім бойымдағы тұмшаланып жатқан өнердің қайнар көзін ашып, мәпелеп өнер додасына қосқан өмірлік ұстазым – Хадиша Бөкеева. «Қазақтың Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешева, жақында жер бесікке кеткен

«Төлеген» – Құман Тастанбеков, тай-құлындай тебісіп өскен құрбым, сахна сұлуы Рахиля Машурова, қарасөздің кемеңгері сыншы Әшірбек Сығай – бәріміз Хадиша Бөкееваның шеберлік мектебінің тұңғыш түлектеріміз. Ол кісінің маған берген білімі ұшан-теңіз. Хадиша апамның өмірінің ақтық сапарына дейін қасында болдым. Ұстазым туралы қысқа айта салу да қиын. Ол кісінің ойнаған рөлдері бірінен бірі озады. «Асауға тұсау» қойылымындағы Катарина рөлінің өзін сонау Англия төріндегілер де ұстазым сияқты ойнай алмаған шығар. Сондықтан әр ойнаған рөлдерінің бәрін жіпке тізіп айтып шығу мүмкін емес. Былтырғы «Театр көктемі – 2017» фестивалі ұстазыма арналды. Ол – бақытты адам. Менің өнер теңізінде жеткен жетістігім, театрға сіңірген еңбегім қандайда бір істеген жақсылықтарым болса, сөз жоқ, оны ұлы ұстазым Хадиша апамнан дарыттым.

– 75 жас деген күн бесінге ауған шақ. Биыл осы жасқа келдіңіз. Жалпы 75 жас қалай екен?

– Қазақтың біртуар актрисасы КСРО және Қазақстанның халық әртісі Бикен Римова апайым театрда сахнаға қарап тұрып, «Сахнам – алтын бесігім менің» деп тебіреніп, осы сөзді жиі айтатын. Кейін ойланып қарасам тал бесіктен шығып, сахна бесігінде тербеліп, сол алтын бесігіне өмірін арнап, енді бәріміз баратын жер бесікке кетті. Мен де өмірімді әкем театры қарашаңырағына арнаппын. Театрдағы қай әртіс болмасын бұл бәріміздің алтын бесігіміз. Осы алтын бесікте тербеліп өміріміз өтіп келеді. Мен 60,65,70 жасқа келгендеде өзімді сол жастамын деп ойлаған емеспін. Бірақ бәрін уакыт жеңеді. Биыл 75 ке келгенмен ішімдегі Ғайникамалым өзін әлі 50 дегі Ғайникамалдай сезінеді. Себебі менің арманым әлі таусылған жоқ. Кәрілік барлық жастың баратын орны демекші өзімді сол жастамын дегенмен әзірше мойынсұнып тұрған мен жоқ. Қатарынан біраз киноларға түсіп, аздап денсаулығым сыр бергенмен, қазір түзеліп келемін. Биылғы 2018 жыл – менің жылым деп ойлаймын. Алға қойған жоспарларым бар, бәрі «сабақты ине сәтімен» демекші, орындалып жатса оны бөлек бір сұхбатымда айтып берермін.

                                                                                        Әңгімелескен

                                                                                        Ержан Тоқтар