«Сырласуда» қонақта: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Асқарова мен Қазақстан Жастар одағы «Серпер» жастар сыйлығының иегері Еркебұлан Дайыров

        Театрымыздың «Сырласу» бұрышында қонақта: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Асқарова мен Қазақстан Жастар одағы  «Серпер» жастар сыйлығының иегері Еркебұлан Дайыров.

      «Сырласудағы» бұл кешті жас театртанушы, өнертану магистрі Мирас Әбіл жүргізді. 

         «Оралман» толықметражды көркем фильмінде басты рөлдердің бірін ойнаған Ш.Асқарова мен жуырда ғана көрерменге жол тартқан «Әміре» фильмінде Мұстафа Шоқай образын жасаған Еркебұлан Дайыров кино өнері жайлы ғана сыр ақтармай, қазақ театр өнері жөнінде ой толғады. «Қазақ актерлік» өнері рухани күш-қуатымен, энергетикасымен ерекше екені «Мәмбетов дәуірінен», «Молдабековтердің» жүріп өткен жолынан айқын екенін атап өткен Мирас Әбіл алғашқы сауалдарды өз тарапынан қойып, салиқалы сыр-сұхбаттың шынайы әңгімеге негізделгенін көрсетті.

Шынар Асқарова театр өнерінде талантын ашқан аға буын артистер мен ұлағатты ұстаздарын үлкен құрметпен атап өтсе, Еркебұлан Дайыров Бауыржан Момышұлының: «Батырды соғыс тудырады» деген сөзі мен көрермен көкейінде қалар ойларымен бөлісті. 

                Рухани іргетасымыздың берік бекіп, адамгершілік-иман­дылық ұстаным­дардың қалыптасуына ұлттық мәдениетіміздің мақтанышына айналған қазақ өнерінің кәсіби қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының қосқан үлесі ұшан-теңіз. Өзінің тоқсан жылдан астам шығармашылық ғұмырында ондаған-жүздеген өнер жұлдыздарының аты-жөндерін ел-жұртқа кеңінен таныта отырып, көрермен қауымның да талғамын қалыптастырды.

«Сырласу» бұрышы да сахна өнерінен сыр шерте отырып, көрермен талғамын қалыптастырып, қазақ театр өнерінің өркендеуі жолында жасалып отырған жиын екеніне тағы да көз жеткіздік.

www.auezov-theatre.kz