«Сырласу» бұрышында аңыз адам - Асанәлі Әшімов

М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Әнуарбек Молдабековтың 80 жылдығына арналған дәстүрлі «Театр көктемі - 2018» атты фестивалі аясында «Сырласу» бұрышында өнердің абыз адамы КСРО Халық артисі, «Қазақстанның Еңбек Ері» орденінің иегері Асанәлі Әшімовпен кездесу өтті.

Салихалы сұхбаттың тізгінін өз қолына алған театрымыздың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова алып, кездесуге келген көрермен қауымға бүгінгі бас қосудың үлкен тарихи сәт екенін атап өтті.

Театр фестивалінің аясында өткен бұл басқосудың алғашқы әңгімесі Әшімов пен Молдабековтің өмір мен өнердегі достығынан бастау алды. 

Әнуар Молдабековтың 80 жылдығына арналған  театр фестивалі өтіп жатыр. Менен бір жас кіші еді. Асаға дегеннен басқа, ол да менің атымды атамайтын. Әнуар 47 жасында қайтса да, көптеген дүниелерді жасап үлгерді. Бірақ, жасайтындары да көп еді. Нағыз жұмыс істейтін кезінде дүниеден озды.  Кеңес одағында жүз шақты театр болса, соның төртінші орында осы М.Әуезов театрының аты аталды. Бұның барлығы ұжымның татулығының арқасы. Әнуардың қазақ театр өнеріне қосқан үлесі ұшан теңіз деді жан досы өткен күндерге көз жүгіртіп. 

Шегіне жеткізіп ойнаса, актердің бақыты сол.  Театр мен фильмді қатар алып жүрдім. Өнерді сыйлаған халықтың тарихын, мәдениетін кино арқылы біледі. «Қыз Жібек» фильмін қырықтан аса ел өз тілдеріне аударыпты. Мен өзім, Парижде французша аударылымын тамалағанмын, -деді Асанәлі Әшімов.

«Сырласу» бұрышына жүзге тарта студент оқушылар келіп, өз көкейіндегі сұрақтарын қойды. Көкейкесті мәселенің бірі, театрға жастардың келмеуі, қызықпауы не себепті екенін және қазіргі таңдағы өзекті сауал өнер жолындағы адамның дін жолында болғанын қалай қабылдайтынын сұрақ қылып қойып, жауаптарды бірге іздеді.

Алматы өңіріндегі Іле ауданына қарасты КазЦИК ауылындағы Әнуар Молдабеков атындағы жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары да көптеп келді. Кеш соңында естелік суреттерге түсіп, аңыз адам Асанәлі Әшімовтен бата алды.

www.auezov-theatre.kz