«Сырласу» бұрышында өнердің абызы Асанәлі Әшімов пен Шынар Асқарова болды

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының «Сырласу» бұрышында өнердің абыз адамы КСРО Халық артисі, «Қазақстанның Еңбек Ері» орденінің иегері Асанәлі Әшімов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Шынар Асқарова мен кездесу өтті.

Бұл кездесудің негізгі тақырыбы Елбасының Қазақстан халқына Қазан Жолдауына арналды. «Сырласудағы» салихалы кешті жас театртанушы, өнертану магистрі Мирас Әбіл жүргізіп, кездесуге келген көрермен қауымға бүгінгі бас қосудың үлкен тарихи сәт екенін атап өтті.

         - Біз Мұхтар Әуезов театры ұжымымызбен Елбасының  Жолдауын қолдаймыз! Қазан Жолдауында көрсеткендей, негізгі пункті-Жастар. Жастар еліміздің келешегі, тәуелсіздіктің тұтқасын әрі қарай ұстайтын, Елбасының ауқымды стратегиялық межелерін, мақсаттарын іске асыратын да осы жастар екені даусыз! Сондықтан да Елбасы қашан да жастардың мәселесіне ерекше назар аударып, әрбір жолдауында жастарға үлкен ықылас танытады. Енді, біздің Жолдауды қолдап, Жолдауға жауап ретінде театрымызға биыл жас өрендерді жұмысқа алдық. Бұл Жолдаудан кейін, келер жылы бұрынғыдан да жастарға көбірек мән беретін боламыз! Жастар жылына арналған Жолдауды пайдалана отырып, театр өнеріне жастарды көптеп тартып, жастар театрын ашқымыз келеді,- деді Халық артисі Асанәлі Әшімов.

Бұл кездесуге келгендердің дені жастар болды. «Сырласу» бұрышы деп аты айтып тұрғандай, көрерменмен артист арасындағы алтын көпір туғызып, бір-біріне сырын ақтарып, көкейлерінде сайрап жатқан сауалдарын өнердің абыз адамы КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімовке жолдады. «Жүрген соң арасында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» - деп дана халқымыз айтқандай , немесе «Өнердің жаны құштарлық, жауы іштарлық» деген ұғым айтатын мағынаның сырын ашар жастардың сұрағына аңыз адам өз жауабын кеңінен берді. Жастарға өнер жолындағы ақыл мен парасаттылық, даналық жолдарын дәріптеді.

Кездесуде Жолдауда айтылған тағы бір пункт - Педагогиканы да дамыту туралы үлкен мәселе қозғағаны, халық артисінің ұстаздық жолында көп еңбек еткендігі, рухани болсын, шәкірттерінің өте көптігі айтылды.

-Жастарға жақсы оқуыңыздар, көп ізденіңдер деймін. Кейінгі уақытта жастар арасында кітап оқу жағы төмендеп кеткені байқалады. Мен шәкірттеріме бірінші курстан бастап, «Абай жолын», әлемдік классикадан оқуға тапсырма беремін. Оқығандарын талдау барысында студенттердің бірінші курста оқығанымен төртінші курстағы оқығанын салыстырсақ, ойлауы екі бөлек болады. Кітапта көп нәрсе бар! Қанша айтқаныменен, адамға кітап оқу керек!,-деді Асанәлі Әшімов.

Сөз кезегін қазір еліміздің киноэкранында болып жатқан көптеген телесериялдармен киноларға түсіп, көрерменнің жас буынның эстетикалық талғамын қалыптастыруға бірден-бір үлес қосып жүрген, сонымен қатар жақында ғана театрымыздың  «Ғасырдан да ұзақ күн» премьрасында басты кейіпкерлердің бірін сомдаған Шынар Асқароваға келіп жетті.

- Жалпы, мына «Сырласу» бұрышына келіп, Асанәлі ағаның қасында отырып, сіздермен сырласудың өзі мен үшін үлкен бақыт. Сондықтан да осындай абыз, тұлға ағаларымыз тұрған кезде, бізге сөз тауып айту өте қиын. Дегенменде, жақсы сауалдарыңызды Асанәлі ағамызға көбірек қойып отсаңыздар, сіздердің арқаларыңызда мен де көп нәрсеге қанық болар едім, - деді Шынар Асқарова.

Шара барысында көрермендер тарапынан театрдың гастрольдік іс-сапарлары, ауылдық жерге қойылымдарды қою туралы сауалдар қойылды. Бұл сауалға биыл Әнуар Боранбаев ағамыздың 70 жылдық мерейлі тойына байланысты туған жері Арқалық, Торғай өңіріне барып атап өткеніміз, Торғай халқының театр өнерін қатты сағынып қалғаны айтылды.

Сондай-ақ Елордамызға, Батыс Қазақстан, Ақтөбе өңіріндегі Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылға театрымыздың репертуарындағы «Сыған Серенадасы» қойылымын, Батыс Қазақстан облысындағы Сырым ауданынан басталып, Теректі, Переметное, тағы басқа  ауыл аймақтарда спектакльдер қойылғаны айтылды.

Кездесу барысында елімізде театр өнерінің дамып келе жатқаны сөз болды. Көптеген ашылып  жатқан театрлар бар. Бірақ, Әуезов театрының  өз жолы, өз үні бар екені айтылды. Қазіргі рейтингке істейтін қоғамда бұл телеарнаға, әлеуметтік желіге, кино саласына да қатысты, қазіргі таңда не қызық соны көрерменнің назарына ұсынатынын, ақшаға, арзан әзіл – сықаққа бір күні халықтың тоятыны сөз болды. Сол кезде көрерменнің шынайы өнерді іздейтінін, бұл кезеңге әкелетін біздің қара шаңырақтың артистері екені айтылды.

Бұл шараға театрымыздың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров арнайы келіп, бүгін жақсы кездесу болғанын, театрдың бүгінгі «Актерді өлтірген кім?!» қойылымы да театрымыздың абызы Асанәлі ағамыздың режиссерлігімен дүниеге келген қойылым екенін тілге тиек етті.

-Қадірменді, біздің театрымыздың жанашырлары! Бүгін «Сырласу» бұрышында өте жақсы кездесу болды. Сіздердің алдарыңызда театрымыздың абызы, Асанәлі аға отыр. Мен ойлаймын, бұл кездесуде Елбасы жолдауы, өнер туралы, театр кеңістігі туралы жақсы әңгімелер, кеңінен қозғалды деп. Әртіс адамға ең бірінші - гүл және халықтың ыстық ықыласы керек! Сондықтан, рұқсат болса, осы сіздермен тамаша әсерлі кеш өткізген, Асанәлі ағамызға және Шынар Асқарқызына театр басшылығы атынан ықылас гүлін табыс етеміз!,- деді театр директоры Асхат Маемиров.