«Сырласу» бұрышында Алмас Шаяхметов пен Гүлнұр Шыңғысова

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының «Сырласу» бұрышында көрермендермен кездесу ұйымдастырылды.

Театрымыздың репертуары да бүгінгі мерекеге орайластырылып Рақымжан Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтан» тарихи драмасын қоюда. «Сырласу» бұрышының бүгінгі қонақтары аталған қойылымда кейіпкерлерді сомдайтын Қазақстан Жастар одағы «Серпер» Жастар сыйлығының иегері Алмас Мұратбекұлы Шаяхметов пен театрымыздың актрисасы Гүлнұр Жүнісбайқызы Шыңғысова болды.

Кешті жас театртанушы, өнертану магистрі Мирас Әбіл жүргізіп, кездесуге келген көрермендерді бүгінгі мерекемен құттықтап, қонақтар арасында болашақта «актерлік» мамандыққа түскісі келетін үміткерлерде барын, сондықтан алғашқы сауал ұстаздары туралы, актерлік жолда әсер еткен тұлғалар туралы  алғашқы сауалын өзі жолдады.

- Әрине, біз театрымыздың аға буын өкілдерінің барлығын пір тұттық. Заманында талай рет, өнерімен Мәскеуді мойындатып, актерларымыз лауреат атанған. Өткен ғасырдың 60,70,80 жылдары театрымыз биік шыңдарды бағындырған дәуір болған.

Соның ішінде менің бала кезден еліктеп өскен актерім - Әнуар Молдабеков ағамыз болды. Әрине, ол кісінің сахнадағы ойынын көрген жоқпын. Өйткені, 1986 жылы дүниеден ерте өтіп кетті. Сондықтан, ол кісінің кинодағы жасаған барлық образдарына, алғырлығына қарап таң қалатынмын.

Енді, бүгінгі қойылымдағы сомдайтын кейіпкерге тоқталатын болсам, Құтыз сұлтанды сомдаймын. Бұл сектакль қойылған кезде, аға буыны бар, жастары бар, барлық рольдерде ойнаған әртістер көптеген тер төктік деп айта аламын. Спектальді қазір көріп, бағасын бере жатарсыздар. Қолымыздан келгенше рольдерді шынайы ойнауға тырыстық. Ол біздің парызымыз!  – деді Алмас Шаяхметов.

Ал Гүлнұр Шыңғысова бүгінгі қойылымға арқау болған Сұлтан Бейбарыстың тарихи өмір жолдарына тоқталып, ХІІ-ХІІІ ғасырда өмір сүрген сұлтанымыз екенін, 17 жыл тақта отырғанын атап өтіп, бүгінгі көрермендерді Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

- Театр өнерін сүйетін көрермендер! Біздің театрға қош келдіңдер! Бүгінгі мерекемен сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Бұл мерекені ерекше деп білемін! Өйткені, жас ұрпағымызды отанға деген сүйіспеншілігін, рухтарын арттыру және Елбасының өміріне, білімділігіне, талантына еліктетіп жастарды лидерлікке тәрбиелеу деп білемін! Әр дайымда еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! – деді Гүлнұр Шыңғысова.

Сондай-ақ, театрымыздың репетуарындағы «Қыз Жібек» қойылымында Алмас Шаяхметов Төлегенді, Гүлнұр Шыңғысова Жібекті сомдайтынын естіген кездесуге келген көрермендер «Сырласу» бұрышының қонақтарынан ән сұрап, «Қыз Жібек» операсынан үзінді классика тыңдады.

Кездесу барысында кино актері, театр артистерінің айырмашылығы, кино өндірісі туралы көрермендер тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жауаптар айтылды. Кездесу соңында естелік суретке түсіп, «Бейбарыс Сұлтан» қойылымын тамашалау үшін көрермендер театрымыздың үлкен залына енді.