Салтанат БАҚАЕВА, актриса: Балаға таңдау еркіндігін беру керек

Салтанат Бақаеваны алғаш «Арнау» дуэті арқылы таныдым. Кейін театр сахнасынан көрдім. Актриса соңғы уақытта өзін кино саласында да сынап жүр. Әлеуметтік желіде бақылап жүрсеңіз жақсы ана, жар болуға талпынатынын байқауға болады. Салтанат Бақаеваның есімі жақсы таныс болғанымен, сұқбатын жиі кездестірмеппін. Жақында актрисамен бала тәрбиесі, қоғамдағы оқиғаларға көзқарасы туралы әңгімелестік.

– Балалық шағыңыз қалай өтті? Қандай оқушы болдыңыз?

– Талғар қаласында туып-өстім. Бес жасымнан бастап Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатында оқыдым. Сондықтан балалық шағым, жасөспірім кезімнің бәрі сол интернатпен байланысты. Бес күн бойы интернатта боламыз. Тек демалыс күндері үйге шығамыз. Достарым, қызығушылығым, қызықты оқиғаларым бәрі мектеп қабырғасында өтті. Басқа балалар сияқты күнұзақ далада ойнамадым.

– Өнер жолын таңдауыңызға не әсер етті?

– Қалай таңдағаным, не әсер еткені нақты есімде қалмапты. Есімді енді біле бастағанда өнер саласына еніп кеттім. Күләш Байсейітова атындағы мектептен мықты өнер адамдары түлеп ұшқан. Мені бұл мектепке анам апарып тапсырды. Сол үшін алғысым шексіз.

 – Қазір өнер жолын таңдайтын жастар тез танымал болуға талпынатын сияқты. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Тез танымал болу кейде адамның өнеріне ғана емес, бағына да байланысты. Қазір
халықтың талғамы, деңгейі жоғары. Оны алдау қиын. Сондықтан әнші ретінде танылу
оңайға соқпайды. Мұны түсінгендер танымал болудың басқа жолдарын іздеп, тауып жатыр. Ерекше фото немесе видео түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеу арқылы да танымал болып жатқандар баршылық. Өзім қанша, жыл өнер саласында жүрсем де, танымал болайын деген ниетпен жүрмедім. Сахнаға шығып жүріп аяқ астынан танымал болып кеттім.

– Сізді ана ретінде де жақсы танимыз. Бала тәрбиесінде қандай ұстанымдасыз?

– Үш ұлым бар. Ең бірінші, балаларымның жақсы адам болғанын қалаймын. Әрине,
баласына дұрыс жол сілтеу, ақыл-кеңес беру – ата-ананың міндеті. Балаларым әлі кішкентай болғандықтан, оқуына қарайласып, білгенімді үйретуге тырысамын.

Бала тәрбиесінде әр адамның таңдауы болу керек деген ұстанымдамын. Жалпы адамның
табиғатына өзінің қателігіне, бақытсыздығына біреуді кінәлау тән. Балаға да таңдау еркіндігін берген дұрыс деп ойлаймын.

– Соңғы уақытта қоғамда тренинг, мотивация, челлендж деген сөздер сәнге айналды. Қалай ойлайсыз, аталған трендтердің біздің қоғамға берері бар ма?

– «Әр нәрсенің қайыры бар» дейді ғой. Пайдасы да, зияны да бар. Оны қандай мақсатта,
қай бағытта қолданғаныңа байланысты. Тренингке баратындардың көбейгені бір жағынан қуантады. Демек, олар ізденіп жүр деген сөз. Өмірін, материалдық жағдайын, сенімін
жақсартуға ниетті адамдар көп болса, қоғамда даму болады. Алайда, бәріне оңай қол жеткізгісі келетіндердің көбейгені қынжылтады. Тренингке барып бақытты болып кетем деген ғажайыпқа сеніп, қол қусырып жүрсеңіз, одан нәтиже болмайды. Негізі бәрі
адамның еңбегімен келеді. Ал жоғарыда сіз атаған нәрселер тек сол еңбекті ұйымдастыру,
күш-қуатыңды бағыттауға көмектеседі. Челлендж туралы айтатын болсақ, егер ол жақсылықты насихаттайтын болса – жақсы. Ал хайпқа қатысты болса, бұл өтпелі кезең, өміршең емес.

– Өзіңіз орындайтын шығарманың сөзіне, әніне қаншалықты мән бересіз? Ән таңдағанда кіммен ақылдасасыз?

– Алдымен әуеніне мән берем. Музыкасы ұнаса, мазмұны, табиғаты, үні соған сәйкес мәтін іздеймін. Алдымен өзімнің ішімдегі фильтрден өткіземін. Музыкант болғандықтан, кәсіби сауатыма салам. Сосын өнердегі әріптестеріме көрсетіп, ақыл-кеңес сұраймын. Қалай болса солай ән жаздыра бермеймін. Жеті рет өлшеп, сирек бірақ сапалы туынды шығаруға тырысам.

– Әнші немесе актриса болу, театр әлде кино? Таңдау жасайтын сәттер жиі болатын шығар? Қайсысы жаныңызға жақын?

– Әр ісімді махаббатпен істеймін. Әрбір рөлім, әнім ыстық. Киноға жиі түсемін деп айта алмаймын. Бұл салада тәжірибем аздау. Бар болғаны бір киноға түстім. Әнші, актриса, театр, кино дегеннің бәріне жалпы өнер деген атау беруге болады. Өнер адамы болған соң барлығына араласуға, үлес қосуға тырысамын. Оларды бөліп-жаруға болмайтын сияқты.

– Сізді алғаш «Арнау» дуэті арқылы таныдық. Соңғы уақытта Нұржан Керменбаев екеуіңіз жеке әнші ретінде шығып жүрсіздер. Себебі неде?

– «Арнау» тобы ретінде де, жеке әнші ретінде де жұмыс істеп жатырмыз. Нұржан Керменбаев «Super Star» жобасынан кейін-ақ жеке әнші ретінде сахнаға шығып,
танылып жүрді. Біздің жеке әнші ретінде қалыптасуымызға халықтың қалауы мен ұсынысы
себеп болды. Тіпті, концерт пен тойларға жеке шақыртулар түсті. Бірақ, бұл «Арнау» дуэті
тарап кетті деген сөз емес.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Дана МАРАТОВА

Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2019