Есмұхан Обаев: Азаматтардың алтын басын көкпарға салуға құмармыз

Ол – болмысын қызмет пен атақ өзгерте алмаған таңғажайып тұлға. Қашан да қарапайымдылығынан, бетке айтып қарап тұратын тік мінезінен танбайды. Жаспен балаша, кәрімен данаша сөйлесе білетін режиссер Есмұхан Обаевпен сұхбаттасуды ойға алғанымызға көп болған. Орайы кеше келді. Ертең, 27 қаңтарда көрерменге жол тартатын жаңа спектаклін желеу етіп барып, өнер саңлағын кең құлашты әңгімеге тарттық. ҚР халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, профессор, М.Әуезов атындағы академиялық драма театры директорының кеңесшісі Есмұхан Обаев бүгінгі қазақ өнерін, ғылымы мен білімін өрістету жайлы ойларын ортаға салды.

– Есаға, бірнеше жыл үзілістен кейін жаңа спектакльді қолға алыпсыз. Атауын ғана естігеніміз болмаса, қойылым не туралы, авторы кім, кім ойнайды – бейхабармыз. Ертең тұсауы кесілетін «Бақыттың кілті» қойылымында қаузалатын тақырып жайлы өз аузыңыздан естісек…

– Иә, Құдай қаласа, ертең театрымызда тұсаукесер! «Бақыттың кілті» атты жаңа туындыны көрермен назарына ұсынбақшымыз. Театрдың үш алыптан тұратынын білесіздер: драматург, режиссер, актер. Драматургияға келер болсақ, осыдан үш жыл бұрын М.Әуезов театры жаңа бастама көтеріп, жас драматургтардың шығармашылығына кең өріс ашу мақсатында байқау жариялаған болатын. Байқаудың шарты бойынша жеңімпаз атанған авторлардың шығармалары театр сахнасында қойылуы тиіс-тін. Білікті мамандардан құралған қазылар алқасының шешімі бойынша төрт пьеса үздік деп танылды. Содан бергі үш жылда сол төрт шығарма кезекпен сахналануда. Атап айтар болсақ, Мәдина Омарова жазған «Ақтастағы Ахико» жуырда ғана қойылып, көрерменнің оң бағасын алды. Мәдинаның тағы бір шығармасын – қазақтың қонақжайлылығын, қанатының астына келген ұлттар мен ұлыстарға деген достық пейілін көрсететін «Көмбенің дәмі» деп аталатын туындысын режиссер Алма Кәкішева сахналағалы жатыр. Көтеретін тақырыбы ЭКСПО-мен мазмұндас болғандықтан, қойылымның тұсаукесері халықаралық көрменің ашылуына орайластырылмақ. Қаламы қарымды жас драматург Әннас Бағдат «Алмас қылыштың» инсценировкасын жазды. Ал соңғысы – Қолғанат Мұраттың «Бақыттың кілті» пьесасы.

«Бақыттың кілті» – бүгінгі күннің өзекті тақырыбын арқау еткен туынды. Шығармада шағын және орта бизнестің бүгінгі хал-ахуалы, сол салада жүрген адамдардың басына түскен қиындықтар ашып көрсетіледі. Өз кәсібімді ашамын, тірлік қыламын деп жүрген еңбекқор жастарды аяқтан шалып, ісін ілгерілетуге кедергі келтіретіндердің пиғылы әшкереленеді. Жоғары жақтан келген бір дөкей бас кейіпкерге: «Әуелі қара халықты емес, бізді тойдыр! Саған жерді берген кім? – Мен! Сондықтан ағаларыңның қамын ойла!», – дейді. Сонда Бауыржан есімді бас кейіпкер: «Сіздердің замандарыңыз келмеске кеткен. Аға, көкенің дәурені өтті. Қазір бәрін заң жүзінде істейміз. Сіз мені олай бопсаламай-ақ қойыңыз! Сізге ештеңе бермеймін. Мұның бәрі – халықтікі!», – деп шорт кеседі. Мұндай сөзден кейін дөкей оны оңдырсын ба? Соңынан адам салады, қудалайды. Шахтаны өртетіп, ішіне су жібереді. Ит қорлықты көрсетеді. Бастаған ісінің күл-талқаны шықса да, сағы сынбаған Бауыржан спектакль соңында: «Мафия, сен мені аттың, астың, ұрдың, соқтың. Бірақ жеңе алмадың. Өйткені мен – шындықпын. Шындыққа оқ өтпейді!», – дейді. Міне, туындының негізгі айтпақ ойы осы!

Бұл спектакльді сахналау оңайға соққан жоқ. Жас драматургтың театрдағы алғашқы қадамы болғандықтан, оның ойы мен көзқарасын сүргілеп, тілін түзеу қажет болды. Шығарма сахнаға лайықталып сан мәрте күзелді, кейбір тұстары қайта жазылды. Жас драматургтардың бәрі мұндай сатыдан өтеді. Оралхан, Баққожа, Дулат, Нұрлан сияқты мықты драматургтар да кезінде осындай шеберханадан өтті. Жас драматургтер зертханасы деген болатын. Сол зертханаға бәріміз жиналып, жастардың тың туындыларын талдайтынбыз. Талай жылдар бойы сахнадан түспей қойылған сүйекті шығармалар сондай талқылау, талдаулар арқылы жарыққа шықты.

Қазақ театрын әлемге әйгілі ету, драматургиясы мен режиссурасын, актерлік мектебін алыс-жақын шетелге таныстыру бағытында талай дүниелер жасалып жатыр. Мысалы, М.Әуезов театрының күні бүгінге дейін бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Германия, Франциядан бастап, Түркия, Иран, іргелес орналасқан бауырлас мемлекеттер – бәріне барып, өз спектакльдерін қойды. Құдайға шүкір, елімізде 57 театр болса, олардың кәсіби деңгейі көршілес елдердің театрларынан көш ілгері. Драматургиямыз дамыған, режиссурамыз ысылған, актерлік мектебіміз қалыптасқан. Театрларының есігіне жаппай құлып салып, ұлттық боламыз деп классикалық операны жауып тастаған бауырларымыз бар. Театрына бір адам бас сұқпайтын ағайындар бар. Өнер ордаларын техникалық жабдықпен қамти алмай отырған бауырларды да білеміз. Біздің театрларымыз мұндай күйден әлдеқашан арылған. Мәселен, «Бақыттың кілтінде» ең озық техникаларды пайдаландық. Киноңыз да, айтыс-тартысыңыз, соғысыңыз да бар оның ішінде. Кейде актердің аузымен айта алмайтын дүниелерді техниканың, заманауи құралдардың көмегімен жеткізуге болады. Сондықтан осындай мүмкіндіктің берілгеніне қуану керек. Үлкен репертуары, 80-ге тарта актері бар театрдың арқалайтын жүгі жеңіл болмайтыны анық. Ел күткен үдеден шығу үшін ұжым үзіліссіз ізденіп, тынбай еңбектенуде.

«Қазақ дәл бүгінгідей тарихқа сусаған емес»

– Бүгінгі театр сыны журналистердің «қойылым жақсы өтті, көрермен ду қол соқты» дегенінен әрі аса алмай тұрғандай көрінеді кейде. Ертеңгі тұсаукесерден кейін кімнің пікірін тыңдағыңыз келеді, кімнің бағасын күтесіз?

– Көрерменнің қабылдауын күтем. «Былай қою керек еді, мына жерін неге бүйтпеген, ана жерін неге сөйтпеген?» дейтін кісілер театрға келіп, спектакльді өздері қойып көрсін. Театр сыншысы әділ болған жерде, спектакль өмір сүреді. Әділ болмаса, қойылымды да, драматургты да құлатып тынады. «Бірде-бір газет-журналға мақаласы шықпаған, аты-жөнін ешкім естімеген автордың шығармасын сахналапты. Ал біз том-том кітап жазсақ та бір пьесамызды қойған жоқ. Обаевты театрдан құрту керек!» деген күңкілдер де болуы мүмкін сыртымыздан. Ондайға етіміз үйренген. Осы театрда спектакль қойып келе жатқаныма 50 жыл болды. Осы театрда қызмет етіп жүрген әртістердің талай буынын тәрбиеледім. Мені қайтып құртпақшы? Тістері батпаған соң «сын» деген айдар тағып, бірдеңелерді бықсытып жүретіндер бар.

Жастарға жөн сілтейтін, ақсақал сыншы деп атауға болатын маман жоқ қазір. Театр туралы шимайлап жүрген қыздар бар. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, солардың көбі театр тілі тұрмақ, қазақ тілін жетік білмейді. Драматургия мен режиссурадағы ізденістер мен өзгерістерді, өкініштер мен әттеген-айларды сараптап, салмақтай алмайды. Ізденістері аз. Тарихтан, әлемдік өнерде болып жатқан құбылыстардан бейхабар. Мысалы, алысқа бармай-ақ, қырғыз театрларында болып жатқан жаңалықтарды сұрап көріңізші. Жауап бере алатынына күмәнім бар. Қырғыз сахнасында бес спектакль қойған режиссер ретінде бұл елдің театрлары жайлы бір кісідей білемін. Қазір қырғыз театрлары тоқырауда. Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын сахналап болды. Тақырып таппаған режиссерлердің біразы киноға кетті, біразы бұрынғы шығармаларды қайта сахналауда, енді бірі шетелден көргендерін қайталап жүр. Ұлттық драматургия ақсағандықтан, қырғыз театрларының жағдайы мүшкіл болып тұр. Мар Байджиев, Бексұлтан Жәкиев сияқты мықты драматургтер қартайды. Олардың орнын басатын адам жоқ. Болса да, тақырып таппай адасып жүр.

– Тақырып демекші, «Режиссерлердің бәрі тарихты қаузағыш болып кетті. Бүгінгі күннің тақырыбы сахналанбай жүр» дейтіндер аз емес. Бүгінгі күннің тақырыбы деген не өзі?

– Бүгінгі күннің тақырыбы дегеніміз – қоғамның дәл осы кезеңдегі мұқтажын қанағаттандыратын, нақ осы шақтағы жоқ-жітігін түгендейтін, көрерменнің тап қазіргі сұранысына сай шығарма. Мәселен, «Алмас қылыш» – талайлы тарихымызды, өнегелі өткенімізді арқау еткен туынды. Бірақ оны бүгінгі күннің тақырыбы емес деп айта аласың ба? Жоқ! Өйткені қазақ дәл бүгінгідей тарихқа сусаған емес. Өскелең ұрпақтың отансүйгіштігін арттырып, елдің іргесін бекіте түсу үшін тарихи сананы жаңғыртып, өшкенді тірілту қажеттігі туып тұр. Сондықтан тарихи туындыларды дәурені өткен деп ысырып тастай алмаймыз. Керісінше, дәл қазір олар сөренің ең бірінші бөлімінде тұруы қажет.

Қоғамның бүгінгі дертін қаузайтын, жасырын жатқан жарасының бетін тырналап ашатын шығармалар да театр репертуарынан тыс қалмауы керек. Міне, біз сахнаға алып шыққалы отырған «Бақыттың кілті» дәл сондай туынды. Көрермен қалай қабылдайтыны белгісіз. «Обаев қартайғанда өкіметке жағымпаздана бастапты» дей ме, әлде «Тіке айтамын деп таяқ жеп жүретін Обаев өкіметті тағы да жағадан алыпты» дей ме – білмеймін. Кім не десе де, ақиқат біреу: мен оппозиционер емеспін, мен – патриотпын! Бойымда қуатым барда ақбоз атқа мініп, шауып бара жатқан жастардың жолындағы кедергілермен күрескім келеді. Өйткені олар – елдің ертеңі. Олардың шабысы қандай болса, мемлекеттік болашағы да сондай болмақ.

«Қазақ қайсы?» десе, «міне!» деп ұялмай көрсететін білімді, еңбекқор жігіттерді аяқтан шалмау керек. Оларда патриотизм бар, ұлтжандылық, намыс бар. Қазіргі жастар ішпейді, шекпейді. Бес уақытын қаза қылмайтын ұл-қыздарымыз көп. Олар өздеріне дейінгілердің қателігін қайталамау үшін түзу жүріп-тұрғысы келеді. Ал біз сондай азаматтардың алтын басын көкпарға салуға құмармыз. Жерге бөлеміз, одан қалса руға жіктейміз. Жершілдік дейтін дерт әлі күнге дейін жабысып келеді. 1972 жылы Семей театрына көркемдік жетекші болып барғанымда сондағы ақсақалдардың бірі, ел ағасы деп құрметтеп жүрген кісілердің бірі: «Мынау өзі қай жақтың қазағы?», – деп сұрады. «Алматының», – деді қасымдағы кісілер. «Е-е, Алматынікі болса, есекке мініп жүрген үйсін екен ғой» деді жаратпай. Құдай-ау, мен кірме емес, қазақпын ғой. Мен қалай Семейге жат болам? Семей мені қалай бөтенсінеді? Ұлы Абайдың, кемеңгер Мұхтар мен Шәкәрімнің жерін неге жатырқауым керек? Сөз, көз дегенге назар аударған жоқпын. Семей облыстық Абай атындағы музыкалық драма театрында жиырма жыл бойы табан аудармай қызмет еттім. Оң-солын танып үлгермеген жап-жас жігіт болып барсам да, назарсыз қалған театрды аяғынан тік тұрғыздым. Ұжыммен бірге өстім, өндім. Жиырма жылдан кейін Алматыға ораларда қимай шығарып салған ақсақалдардың бірі: «Айналайын, Обаев боп келген едің, Абаев болып қайтып бара жатсың! Абайдың елінде атақ-даңққа бөлендің, әрі қарай да жолың болсын!» деп батасын берді. Үлкендердің тілеуі қабыл болып, әуелі өнер академиясының ректоры, Мәдениет министрінің бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқардым. Одан кейін М.Әуезов театрына келдім. Осы театрда 17 жыл бойы қызмет етіп келемін. Алғашқы 13 жылында директор болсам, 2013 жылдан бері директордың кеңесшісімін.

– Құзыретіңіз, міндетіңіз қандай?

– Бізге сан түрлі мектептің түлектері келеді. Театрда ойнағысы келетіннің бәрін қабылдай бермейтініміз белгілі. Театр басшылығымен бірігіп, соларды сынақтан өткіземіз, іріктейміз. Өзім ұстаздық етіп жүргеннен кейін актерлердің қалай дайындалып жатқанын жақсы білемін. Мынау кімнің шәкірті дегенде масқарасы да, мәртебесі де ең әуелі ұстазға келеді. Мақтанып кетті деп сөксеңіз де айтайын, Ғазиза Әбдінәбиевадан бастап осы театрдағы бірнеше буын актерді тәрбиеледім. «Бақыттың кілтінде» басты рөлде ойнайтын Еркебұлан Дайыров пен оны екінші құрамда алмастыратын Алмас Шаяхметов те, бүгінгі кинолардың басты рөлін бермейтін Берік Айтжанов та – менің шәкірттерім. Өсіп-өніп, өнерде өз қолтаңбаларын қалыптастырып үлгерсе де, менің алдымда әлі күнге дейін оқушы. «Осы Обаев күнде кешке театрда не істейді? Немерелерінің жанында жатпай ма?» дейтін шығар көргендер. Осылардың ойынын көру үшін келем. Жақсы ойнаса, қуанам. Шала ойнаса, тезге салам. Жерге тығу үшін емес, көкке көтеру үшін. Сол актердің өсіп келе жатқанын көргім келеді. Өшіп бара жатса, дем беру керек. Біреуінің үйі жоқ, біреуі ғашық боп жүр, енді бірі әйелімен ұрсысып қалған, біреуі бала бағам деп жұмысқа кешігіп жүреді. Әрқайсысына назар, қамқорлық керек. Басқа оқу орындары студенттердің қалтасын қақса, біз өнер академиясы шәкірттерінің қалтасына ақша салып береміз, қарны ашса, тамағын алып береміз. Сабаққа келмей қалса, үйлеріне барып ертіп келеміз. Бұлар таланттар ғой деп бетінен қақпаймыз. ҚазҰУ-дың дәріс залында 150-200 студент отырса, біздің аудиторияларда небәрі үш-төрт студенттен отырады. Бір әртісті бес мұғалім оқытамыз. Оқу бітірген соң қолдарынан жетектеп, театрға әкелеміз. Бірақ мұнда орын жоқ. Академияда ректор боп отырған кезімде бір жылдың түлектерін апарып, Қызылжардан театр аштық. Келесі жылы бітірген топқа Павлодардан театр ашып бердік. Сол театрлар ары қарай өсе ме, өше ме – режиссураға байланысты. Режиссура – театрдың ары, болмысы мен намысы.

«Ұлтты мазақ ететін бағдарламаларды эфирге жібермеу керек!»

– Ендігі түлектер қайда барады? Бас-басына театр ашып беретін күн келмеске кетті…

– Өздері жеке театрларын аша бастады. Бәйтен Омаров атындағы «Жас сахна» театры, «Екі езу», «Мафия мен тақия», Асылбек Боранбаев басқарып жүрген «ТТТ» да – өз күндерін өздері көріп жүрген театрлар. Ендігі мәселе – олардың сапасы қандай? Сол театрлардың шығармашылығын бақылап отыратын, бағыт-бағдар беріп отыратын идеология жоқ бізде. Алдыңғы күні теледидардан бір әзіл-сықақ театрының қойылымын көрдім. Сахнада тұрған екі актер де – еңбек сіңірген қайраткерлер. Көтерген тақырыптары тың, идеясы өте жақсы. Бірақ шығарманың орындалу деңгейі қандай деп сұраса, тосылып қаласың. Жөн сілтеп отыратын режиссердің жоқтығы көрініп-ақ тұр. Екеуі бұйдаға байлаған бұзау секілді микрофонның алдына байланып тұрды да қойды. Қойылымдарының басы қайсы, шырқау шегі, аяғы қайсы – түсінбейсің. Екеуі де – мүйізі қарағайдай актерлер. Қателеспесем, біреуі тіпті профессор.

Бұрын әрбір бағдарлама Мәдениет министрлігінің репертуарлық кеңесінде бекітіліп, «рұқсат етілсін» деп мөр басылған қағазды алып барған соң ғана эфирге жіберілетін. Қазір бәрін өздері  да, өздері қоя береді. Жарнамасы жер жаратын телехикаяларымыздың да деңгейі төмен. Әрине, тәрбиелік мәні бар, болашаққа бағыт-бағдар көрсететін тағылымды фильмдер баршылық. Бірақ теледидардан беріліп жатқан кейбір дүниелерді көруге ұяласың. Шешесі отырып баласына келін іздейді, момын күйеуі әйелінің айтқанына бас шұлғиды, баласы түкке көңілі толмайтын анасына күнде бір қызды әкеп көрсетеді. Бұл не тәрбие? Айтпақ ойы қандай? Қазақты масқаралау ғой бұл. Ұлтты мазақ ететін бағдарламаларды эфирге жібермеу керек! Біздің телеарналарды қарап отырсаң, қояншық кім – қазақ, парақор кім – қазақ, надан кім – қазақ. Шеттен келген біреу қонақүйде жатып теледидарды қосып қалса – біттік. Бес минуттық бағдарламаға қарап-ақ елімізге бағасын беріп кетеді. Қайда келгенмін деп жағасын ұстайтын шығар. Өз еліне барып Қазақстан жайлы не айтатынын да шамалай беруге болады: «Қазақтардың бәрі жемқор, ұры екен, полицияға ешкім бағынбайды, далаға шықсаң, көлік қағып кетеді, ақшасыз аяқ басу мүмкін емес» дейді, басқа не десін?! Мұның бәрін ол ойдан шығармайды, біздің айтып бергенімізді жеткізеді. Өзімізді сыйлаудан қалып бара жатқанымыз қынжылтады.

Мұның бәрін не себепті айтып отырмын? Қай салада болсын, сүзгі керек. Еленіп-екшелмеген дүниенің сапасы болмайды. Әсіресе, өнер мамандары жіті таңдалуы шарт. Актерлердің қарым-қабілеті ғана емес, түр-түсі, тіпті тісіне дейін қараймыз. Кейде біреудің баласы, біреудің қарындасы деп арасында бірлі-жарым сақаулар да кетіп қалып жатады. Бүгінде стоматология дамыған ғой, қисық тістердің өзін маржандай етіп тізіп береді. Өнерге келгісі келе ме – алдын-ала ойлансын, тіліндегі, түріндегі ақауларын ертерек түзесін. Қазір театрдағы бір ұл, бір қызымыз тістеріне түзулейтін темір тағып жүр. Уақыт бердік. Түзелсе – театрда қалады, түзелмесе – кетеді. Академияда тісін түзеуді құнттамай жүрген бір шәкіртім бар. «Сен қыз маған қарғыс әперетін болдың» деп күнде күңкілдеймін. Біресе ақшам жетпеді дейді, енді бірде анам ауырды, ауылға барып келдім дейді. Тісті жөндеу удай қымбат екенін білем, оңай емес. Оның үстіне, ақы төлеп оқиды. Меніңше, осы ақылы бөлім дегенді қысқарту керек. Біз сонша сорлы мемлекетпіз бе? Бәрін қамтымасақ та, таланты бар таңдаулы балаларды тегін оқытсақ қайтеді? Әсіресе, халықты танытатын спорт, өнер сияқты салалар бойынша мемлекеттік гранттарды көбейтуге болар еді.

Талапты жастарға жол ашудың орнына жолдарына кедергіні үйіп-төгеміз кеп. Басқасын қойшы, балалардан әліппені тартып алғаннан не ұттық? Ыбырайдың, Ахметтің жазғанынан артық па екен оқулықтары? Балалардың басын қатырып қойды. Оқушылардың жүктемесі онсыз да аз емес. Болашағы жарқын болсын деп ата-ана баласын үйірмеден үйірмеге сүйреп жүр. Кішкентай немерем қазір бес жерде оқиды. Мектебінен бөлек, ағылшын курсына барады, пәндерден қосымша репетитордан сабақ алады, спорт үйірмелері бар. Әйтеуір не керек, таңғы сегізде кеткен бала үйге кешкі сегізде сүрлігіп әрең жетеді. Әкесі мен шешесінің бірі жұмыс істеп, бірі соны әрі-бері тасумен күн өткізеді. Тапқан-таянғанымызды соның оқуына жұмсаймыз. Басқа амал жоқ. Ағылшын тілін білмесе ертең нан тауып жей алмай қалуы мүмкін, кеселдерден аулақ болсын деп спорттан қалдырғымыз келмейді. Егер әр қазақтың баласына мемлекет осындай жағдай жасаса, қай салада да сырттан маман іздеп сабылмайтын едік. Бұған мемлекеттің мүмкіндігі жетеді. Құдайға шүкір, табиғатты еміп отырмыз, жер байлығымыз мол. Соны неге балалардың болашағына пайдаланбаймыз? Әрине, білім алғысы келетін жастарға жол ашқан «Болашақ» сияқты бағдарламалар бар. Бірақ оның игілігін көргендер саны тым аз.

Оқу ақысын төлей алмай талай шәкіртіміз өнер академиясынан шығып қалды. Әр тоқсан сайын 235 мың теңгеден төлеу оңай дейсің бе? 235 мыңды төртке көбейтсең бір ғана жылдың ақысы шығады. Ал олар сондай соманы төрт жыл төлеуі керек. Көпшілігінің әке-шешесі ауылда 40-50 мың теңгеге қарап отыр. Шалғайда не жұмыс бар дейсің? Қорадағы екі-үш қойы, жалғыз сиырымен жан бағып отырғандар көп. Соның етін, сүтін, майын, терісін өткізіп, бала-шағасын асырап отыр. Ол тоқсан сайын 235 мың теңгені қалай тауып береді? Айдаладан сүт зауытын, кірпіш зауытын салдық, адам аяғы баспаған жерлерге жол төсеп жатырмыз. Неге сол жолдың бойындағы қараша халықтың жағдайына үңілмейміз? Қынжылтатын дүние көп. Өнерді айтып отырып, амалсыз саясатқа кетіп қаласың.

«Қазіргі режиссерлер тым есепшіл болып кетті»

– Тоқсан жылдан астам тарихы бар театрды 13 жыл басқардыңыз. Директор Обаев пен режиссер Обаев жиі араздасушы ма еді?

– Әрине. Қазірдің өзінде күнде араздасам. Өзімді-өзім боқтаймын. Үйге барған соң сойып алам. Кейде актерлер дайындыққа уақтылы келмейді. Бірі кептелісте тұрып қалады, баласын балабақшаға тапсырады, бірі дубляжда, түсірілімде бөгеледі, ақыры алқынып келіп сахнаға шығады. Жуырда сондай бір жағдай болып, актерлерге қатты ренжідім. «Бұлай болатын болса, театрдан кетіңдер!» – дедім. Оларға менің сөзім ауыр тиеді. Өйткені шәкірттерімнің бәрі мені әкесіндей сыйлайды. Жер-жебірлеріне жеткеннен соң өкпелеп қалады. Сондай күндері «Тым қатты айттым-ау, неге жайлап түсіндірмедім? Өзімнің балаларымдай өрімдер ғой» деп өзіме қатты ренжимін. Бірақ ұрыспасаң тағы болмайды. Жаның ашығандықтан ұрысасың. Кейбірі соны түсінбей жатады. Біздің кезімізде ұстаз ұрыспақ түгілі, ұрып жатса да өкпелемейтінбіз. Өйткені дұрыс дайындалмағанымызды, қате жібергенімізді іштей біліп тұратынбыз. Қазіргідей тоқшылық заман емес, дайындықта аш-құрсақ жүретін кезіміз болды. Әлі құрып, сахнада құлап жатқан қыз-жігіттерді де көрдік. Біздің курс – Қазақстанда дайындалған тұңғыш режиссерлер. Оған дейін қазақ режиссерлері Мәскеуде, Ташкентте білім алды. Тоқпановтың бастамасымен ашылған консерваторияның режиссерлік факультетіне алғаш түскен 26 студенттің 7-еуі ғана бітіріп шықты. Бүгінде екеуінің ғана көзі тірі: бірі – мен, екіншісі – Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры Маман Байсеркенов. Ол сексенге келді, менің жасым жетпістен асты.

Қазақтың театрларын аяқтан тік тұрғызған 68 режиссердің бастаған ісін бүгінгі режиссерлер ары қарай іліп әкете ала ма, өз жолын, сүрлеуін сала ала ма – ендігі мәселе осында. Қазіргі режиссерлер тым есепшіл болып кетті. Мынаны қойсам, депутаттың ықыласына бөленем, мынаны сахналасам, пәленшенің көзіне түсем деген ішкі есеппен жұмыс істейді. Пьесаны таңдарда мансабы үшін тиімді бола ма, жоқ па – соған назар аударады. Бәрі емес, бірақ сондай режиссерлер бар. «Аға, кімді нұсқап отырсыз?» деп алдыма келер болса, аттарын атап, түстерін түстеп бере аламын.

«Бақыттың кілтін» жазған Қолғанат дейтін жігітті танымақ түгілі, атын естіп көрмегенмін. Байқауға шығармасын ұсынды. Ұнаттық, әрі қарай бірге жұмыс істедік. Білмейтіні көп. Театрға көп келмеген жігіт, бірақ ынтасы, қызығушылығы зор. Үйренсем деген талабы таудай. Еңбекқорлығын қараңызшы, басқа жұмысының бәрін ысырып қойып, менімен бірге бір ай тапжылмай отырды. Пьесаны бес рет жазды. Театрдың ішкі асханасын әбден зерттеді. Бір ауыз наразылық білдірмей, ескертулерімнің бәрін құлағына құйды. Нәтижесі жаман болмаған сияқты. Бағасын көрермен береді. Нағыз драматургтар осындай еңбекқор жастардан шығады деп ойлаймын.

– Әуезов театры – өз актерлерінің шығармашылық тұрғыдан өсуіне бар мүмкіндікті жасап отырған еліміздегі санаулы театрлардың бірі. Әртістер соның бағасына жете алып жүр ме?

– Дұрыс айтасыз, біздің актерлердің бос уақыты жоқ. Театрдың бір бөлмесіне кірсеңіз, хор айтып жатыр, енді бір жерде би сабағы өтуде. Заманауи құралдармен жабдықталған үлкен спортзал жұмыс істеп тұр. Формасын жоғалтпау үшін әртістерді бос отырғызбаймыз. Бұл да – қазақшылық. Мәскеуде мұндай сабақтар жүргізілмейді. «Әртіссің ба, жалақы алып отырсың ба – формаңды өзің сақта! Біз неге сен үшін балетмейстер жалдап, теріңді алып, жаныңды қинауымыз керек. Өзің үшін керек пе – өзің айналыс!» дейді. Ал біз актерлер үшін қосымша балетмейстер, хормейстр, концертмейстер, вокал маманын жалдаймыз. Әртістерге тәжірибе мектебі болсын деп пәленбей мың ақша төлеп, еліміздің басқа театрларынан, өзге мемлекеттерден режиссер де шақыртамыз. Ресейдің режиссері Захаров, өзбектің режиссері Салимовтан бастап, талай елдің маманын алдырып, спектакль қойдырдық. Сырттан режиссер шақырту – барлық елдің тәжірибесінде бар үрдіс. Жаңа маманмен жұмыс істеп, тың ізденістерге бару өнерді өсірмесе, өшірмейді. Театр деген – лаборотория. Онда бір ғана лаборант жұмыс істемеуі керек. Онда түрлі бағытта жұмыс істейтін режиссерлар болуы тиіс. Кеңесші деген сол үрдістердің бәрін бақылап, драматургке кеңес беріп, режиссерге ақылын айтып, әртіске бағдар нұсқауы тиіс. Сәл қызметі өссе, көкірегін керіп шыға келетін жастар бар. Дәлізде балпаң-балпаң басып, негізгі міндетін ұмытып кетіп жатады. Соларды тезге салып отырамыз. Қызмет деген уақытша нәрсе. Ертең ол орыннан түсіп қалсаң, баяғы орныңа ораласың. Сондықтан қандай істі атқарсаң да, абыроймен істе, сыйлы бол! Қас жинама, дос жи! Көреалмаушылық, күндестік деген адамға тиетін тұмау сияқты өтпелі дерт. Бірақ кейде тұмаудан адам өліп те кететінін ұмытпау керек.

«Сөздік қорымда «халқым деген» сөз жоқ»

– Күні бүгінге дейін 100-ге тарта спектакль қойыпсыз. Қазақ және әлем классикасының таңдаулыларын түгел сахналадыңыз. Оның әрқайсысын жаныңыздан, жүрегіңізден өткізетініңіз анық. Тоқырауға ұшыраған сәттеріңіз болды ма?

– Ондай күндер де өтті басымыздан. Жақыныңды жоғалтқанда, үміт артқан театрың құлағанда, бір жақсы әртістің опырылғанын көрген кезде құлазисың, жаның жүдейді, тоқырайсың. Жақындарыңа демеу болмасаң, айналысып жүрген ісіңді жан-тәніңмен сүймесең, шәкірттеріңмен бірге қайғырып, бірге күлмесең, сәтсіздіктерімен бірге күреспесең, оның несі өмір? Өзім өнерін қатты құрметтейтін бір актер бар. Талантына бұрыннан тәнтімін. Қазір жасы біразға келіп қалды. Жастау кезінде алшаң басып жүргенін көріп үйренгендіктен болар, қазір жәутеңдеп, кібіртіктеп қалғанын байқасам, жаным қиналады. «Әй, қу уақыт-ай, бірінші – жасты алдың, екінші – қуатты алдың, үшінші – көрікті алдың, бір күні өмірді де аласың-ау» деген ой келеді. Өмірде де, өнерде де тоқыраусыз болмайды. Оны еңбекпен ғана жеңесің.

Күйзеліп көп жүре алмайтын адаммын. Басым ауырса, кітап оқимын. Кітаптың ішіне кіріп кетем де, ауруды ұмытып кетем. Әлденеге ашулансам, немерелеріме барам. Солардың күлкісін көргенде ашуы да, басқасы да жайында қалады. Бес немерем бар. Үйге кіріп барғанда біреуі мойныма асылып, біреуі бетімнен сүйіп жатады. Қартайғанда бұдан артық қандай рақат керек?

Құдай адамға бақты да, сорды да тілеуіне қарай береді. Пейілі ақ адамды Алла жақсылығымен жарылқайды. Мықты денсаулық, жақсы дос, берекелі отбасы, нәсіпті іс береді. Ал тілеуі жаман адамның жолы болмайды. Не отбасы бақытсыз болады, не ісі алға баспайды. Сондықтан ниетіміз түзу болу керек. Бес уақыт намаз оқымасам да, күнде жатар алдында Аллаға сыйынып жатамын. «Иә, Жаратушым, күнәм болса кеше гөр! Досқа күлкі, дұшпанға таба етпе! Осы берген денсаулығыңнан айырма! Бала-шағам, отбасым, ел-жұртыма амандық бере гөр!» – деп жалбарынам.

Халықтың тілеуін тілеп, халықпен бірге жасасқан адам ғана ғұмырлы болмақ. Болдым, толдым дегеннің белгісі болар, өнер адамдарының бір жаман қасиеті бар: сәл қошеметке бөлене қалса, «халқым» деп сөйлей бастайды. Халықтың атынан сөйлеу үшін халыққа бірдеңе беруің керек. Жасым жетпістен асса да менің сөздік қорымда ондай сөз жоқ. Олай дейтіндей мен халыққа не бердім? Жұмыс істесем – өзім үшін істедім. Ел басқарсам – абыройы мен атағы өзімдікі. Халық үшін істедім деп қалай айтасың? Бірақ тәубе деймін, жүзден астам спектакль қойдым, қаншама буын шәкірт өсірдім. Солар жүрген жерлерінде «Обаевтың шеберханасынан шықтық» деп айтып жүрсе, ұстазға одан артық марапат жоқ.

– Кеген жаққа ат басын жиі бұрасыз ба? Ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?

– Әрине, барып тұрам. Кегеннің топырағында әке-шешем жатыр, әруақтар бар. Жылына екі-үш рет барып, соларға құран бағыштап қайтам. Ауылдың бүгінгі тіршілігі қалай деген сауалыңызды естіп, Төлен Әбдіковтің «Ұлы мен ұрысы» есіме түсіп отыр. Шығармада журналист ғалымнан: «Айтыңызшы, қазір демократия бар ма?», – деп сұрайды. Сөйтсе әлгі: «Жоқ!» – дейді. «Ауылдың қалы қалай?» – деп сұраса: «Нашар!», – деп қысқа қайырады. Ол айтқандай ауылдың хәлі жақсы немесе жаман деп шорт кесе алмаймыз. Қолынан іс келетін еңбекқор адам ауылда жап-жақсы өмір сүре алады. Мал ұстауыңа болады, жер бар, жайылым бар. Малыңның басын көбейтіп, әрі қарай кең тыныстай аласың. Консерві зауытын аш, сүт зауытын аш. Елге жұмыс бересің, өз жағдайыңды жасайсың. Одан кейін алаңсыз ел аралап, жер көруіңе болады. Үш-төрт сиырыңды сатып, Парижге барып он бес күн жатып келем десең де өз еркің. Қысқасы, еңбек еткен несібесіз қалмайды.

 – Сұхбатыңызға рақмет! Тұсаукесерде жолыққанша!

– Аман бол, айналайын!

 

Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА

"Түркістан" газеті