АЙТМАТОВ ШЫҒАРМАСЫ САХНАЛАНДЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымының премьерасы көрсетілді. Қырғыз жазушысының бұл әйгілі шығармасын жақында ғана өмірден өткен қазақтың қабырғалы қаламгері Шерхан Мұртаза қазақ тіліне тәржімалаған болатын.

Қазақ өнерінің қара шаңырағына айналған Әуезов театрының 93 маусымы өз жаңалықтарымен, тың серпілісімен кө­рермендерін қуантуда. Соның ішінде Шың­ғыс Айтматовтың романы желісінде сах­наланған «Ғасырдан да ұзақ күн» қойы­лымы жұртшылықтың ыстық ықы­ласына бөленді. Басты рөлдегі Едігені – Дулыға Ақмолда, Үкібаланы Шынар Ас­қарова жоғары дәрежеде сомдап шық­ты. Қойылым көрерменнің жүрегіне те­рең бойлап, оны өз шыңырауына тартып әке­теді. Әсіресе, әке өліміне селқос қара­ғ­ан перзенттің қатігездігі, мәңгүрт бала­сының қолынан қаза тапқан Найман Ана бейнесі және соғыс зұлматында жау қо­лы­на тұтқында қалып, кейіннен мұғалім бо­лып жұмыс істеп, сосын Боранды бе­кетке жер аударылып келген жас Әбудің қыр­шын кетуі – көрермен қауымға ерек­ше әсер етті. Бұл жағдайлар сол кездегі Еді­ге, Әбулерден қалмай, қазіргі күнде де қо­ғам ағысынан ажырамай келе жатқан өзекті мәселе. Қай ел болсын тарихы­мен, дәстүрімен дамитынын меңзей оты­ра елдің болашағына балта шабатын не­гізгі себептердің бірегейі – ұлттың мәң­гүрттікке ілігуі екенін қойылым толы­ғы­мен ашып бере алды.

Артистердің жан тебіренісі, сомдаған рөліне деген жауапкершілігі келушілерді разы етті. Айналамызға көз тастап оты­рып, қойылымға әдейілеп келген жастар­дың да қарасы қалың екенін байқай ал­дық. Шерхан атамыздың «Театр көбейсе, түр­ме азаяды» деген сөзі бар. Бірауыз сөз­­дің астарында түгел елге түрткі болар­лық ой жатыр. Соны ұғынып, іске асыра ал­­сақ қәнекей. Рухани көкжиегімізді кеңей­ту әркімнің өз қолында. Ал театр көрерменін әрқашан құшақ жая қарсы алуға дайын.

Нұржан ДУМАНҚЫЗЫ
https://aikyn.kz/2018/10/16/70656.html