Берік Айтжанов: Фильмде Президенттің адами қасиетін ашуды мақсат тұттық

– Берік, әдетте Елбасы туралы фильм түсіру жұмысы қолға алынғанда оған жоғары білікті киномамандар шақырылады. «Жұлдыздар тоғысқанда» филь­­міндегі Елбасының рөліне ұсы­­ныс қалай түсті және сіз оны қалай қабыл алдыңыз?

– Өмірдің қиындықтарына қарсы тұра бергеннен әбден қажып, өзін жоғалтып алған талантты композитордың тағды­рын бейнелеген «Адель» атты фильм­нің түсірілімі аяқтала сала, «Жұлдыздар тоғысқанда» кино­картинасының кастингіне кел­генімде, Елбасы рөліне таңдау жұмысы бір айдан артық жүріп жатқан болатын. Келсем, бүкіл рес­­­­публика театрларындағы «мен» деген актердің бәрі осын­­да жүр. Шынымды айтсам, «Адельде» жүріп шаршап қа­лып­­­пын, аздап тынығып алуды жөн көріп жүргенмін. Алайда Мә­дениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы екі-үш мәрте теле­фон соғып, Ел­басы туралы фильм түсірілгелі жат­қанын, бас қаһарманның рө­ліне мені лайық көретінін айтып, киносынаққа қатысуымды қол­қалады. Онша құлықты бол­мағандықтан, уақыт созып, сыр­ғақтап жүргенмін, бірде ми­нистр: «Әй, Берік, сен әлі түсіру алаңына бармағансың ба? Ре­жис­сер Сергей Снежкинге сен тура­лы айтқан едім, ол күтіп жүр ғой» деген соң сенім арта ай­тылған сөзді аяқасты етуге арым жібермеді. «Жарайды, бір кө­­рініп қайтайын» деген ниетпен киносынақ алаңына кел­дім. Бірақ қанша елестетсем де, Елбасы се­кілді үлкен тарихи тұлға­ның рө­­лінде өзімді көре алмадым, сондықтан болар, ойнауға зау­­қым соқпады. Бұл ойымды ірік­пестен режиссердің өзіне де айт­­тым. «Сергей Олегович, сіз ме­нен қандай Елбасының обра­зын көріп тұрсыз? Түрім болса, мынау» деймін қу жағымды қаулай өскен сақал-мұртымды саусақтарымның сыртымен сипай нұсқап. Кастингке қатысуын қатыссам да, «Мені сынап бай­қаған соң, өздерінің де көзі жетіп, «бұл типаж емес» деп, босатар» деген ой басымырақ болды. Ре­жис­­­сермен әңгімелесіп, бір сағат­­тың айналасында сынақ жа­­садық. Алғашқы сынақтан кейін «болды енді, құтылдым» деп алаңсыз үйге келген бетім сол болатын, кешкісін ассис­тент қыздар хабарласып, ертең өтетін үлкен бейнесынаққа ке­ліп қатысуымды өтінді. Тағы да ұн­жырғам түсіп кетті. Ел наза­рында жүрген, жүріс-тұры­сына дейін таныс, тіпті кірпік қағып, сөйлегеніне дейін көз алдымызға еркін елестете алатын Елбасының рөлін қалай ойна­­мақпын?  Жауапкершілігі ұшан-теңіз сынды ақтай алам ба? Қобалжу мен қорқыныштың арасында жүріп бейнесынаққа тү­суге барғанда да, рөлге бекі­тіле­ті­німе сенген жоқпын. Режис­сер­­дің айтқандарын орындап, өзі­­ме тиесілі жұмысты тез-тез ат­­­­қардым да қош айтысып, кетіп қал­­­дым. Ертеңінде: «Режиссер сіз­­ді таңдады, Елбасы рөліне сіз өт­­ті­ңіз» деген хабар құлағыма ти­­­генде, төбемнен жай түскендей болды.

 – Неге?

– Мен – актермін. Өзіме жүк­­­телген міндеттен бас тарту әлсіздігім болар еді. Тым же­ңіл-желпі, арзан, азаматтық ұс­та­нымыңа қайшы, қолайыңа жақпайтын жобалардан бас тартатын кездеріміз болады, ал мұн­дағы жағдай керісінше, Елбасы  рөлінің жауапкершілігі биік болғандықтан көтере алмайтын шоқпарды беліме байлап, өзімді мерт етпеймін бе деген қауіп жеңіп кете беретін еді.

  – Фильмде Президенттің образы отты, жігерлі, қайсар мі­незде бейнеленеді. Үнемі қар­балас, қауырт. Режиссер мақ­сатты осылай белгіледі ме? 

 – С.Снежкин мақсатымды белгілеген кезде, Президенттің түр-әлпетін, мінезін нақты көр­се­туге міндетті емес екенімді кесіп айтты. «Біз Президент туралы емес, ең алдымен адам туралы, адамның тағдыры туралы фильм түсіреміз» деді режиссер. Театрда болсын, кинода болсын, ең алдымен актер мен режиссердің арасында үйлесімділік, сенім орнай алса ғана ортақ жұмыс нәтижесін береді. С.Снежкин бірден: «Берік, қорықпа, маған сен! Менің қасымда бол, біз бірге алып шығамыз» деді. Сөйтіп фильмнің ең алғашқы кадрлары Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріндегі ең жарқын кезеңнің бірі – 1984 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағалығына тағайындалған кезінен бастап түсіріле бастады. Қандай жобаны бастағанда да, алғашқы бірінші, екін­ші аптада күдік пен күмәннің құр­сауында жүресің, жұмыс та қиындықпен өрістейді. Біз фильмде Прези­денттің адами қасиетін, төң­ірегіндегі серік­тестерімен, қа­ра­пайым жандармен қарым-қаты­насын ашуды көбірек мақсат тұттық. 

 – Рөлге байланысты қан­дай сындар айтылды? Сынды қалай қабылдадыңыз?

– Сын, негізінен, ойынға қатысты емес, гримге байланыс­ты көп айтылды. Фильмде Ре­сей­дің «Один в один» сияқ­ты телебағдарламаларында қол­да­нылатын силиконды грим қолданылды. Бұл кемі 5-6 сағат жасалатын күрделі грим санатына жатады. Гримге таңғы сағат 4-тен бастап отырған күндерім болды. Телебағдарламаларда сәтті шыққанымен, бұл гримнің көркем картинада образбен тым үйлесім таба бермейтіні анық бай­қалды. Себебі сезім, адам жанының толқынысы, буыр­қа­нысқа толы көңіл күй реңкі экранда жанды әсерін жоғалтып алатынын аңдамау мүмкін емес. Кейде Президенттің аға жасына аяқ басқан кезеңін мен сияқты жас емес, өзімен замандас актер ойнағанда сенімдірек, сәттірек шығар ма еді деген ойлар келеді.  

– Елбасы тарапынан рөл қалай қабылданды, экрандағы көркем бейнесі туралы қандай пікір айтты?

– Фильмнің премьерасынан кейін түсіру тобының төрт-бес адамнан құралған ша­ғын ғана шоғыры Нұрсұлтан Әбіш­ұлымен кездесуге шақы­рылды. Бәріміз бірге түскі ас іштік. Пре­зи­дент қал­жыңдап, күліп отырып, фильм туралы жылы пікірін айтты. Нақты өзіме қара­та айтқаны: «Әй, Берік, сен фильмде қабағың қату­лы, тым сал­мақтысың. Мен өмірде сен сияқты тұн­жырап жүр­­меймін. Мен әзілді жақ­сы көре­мін, әнді жақсы көремін. Өмір­де күліп жүретін адаммын» деді күліп.

 –  «Тракторшының махаббаты» мен «Жұлдыздар тоғыс­қанда» – бірі коммер­циялық, бірі көркем жанрда түсірілген, жанры да, мазмұны да, идеясы да бір-бірімен салыс­ты­руға келмейтін екі басқа дүние бол­ғанымен, көрер­мен жылы қа­былдап, танымал­ды­лы­ғы­ңыз да арта түсті. Трак­тор­шының рөлінен Елбасының ор­базына дейінгі аралықта ки­но­­актер ре­тінде қандай да бір өзіндік фор­­мулаңыз қа­лып­­тасты ма, мысалы, нашар фильмге түс­пеймін деген сияқты...

– Киноактердің басты жауы – амплуа. Біздің Әуезов атындағы театрда 2000 жылдардың орта шенінде «Сағыныш пен елес» атты трагедиялық драма жүрді. Әйгілі актеріміз Құдайберген Сұл­танбаевпен сахналас болып, мен немересін ойнадым. Сон­да Құдайберген ағамыз сах­наға шығар-шықпастан, сонау түк­пірден төбесі көрінгеннен кө­рермен жыртаңдап күліп, қол шапалақтай бастайтын еді. Құдай-ау, бұл трагедия емес пе? Несіне күледі? Неге қол ша­па­лақтайды? Амплуаның тұт­қыны болудың қандай екенін алғаш осы мысалдан көрдім. Кино мен театрдың тарихында мұндай мысалдар өте көп. Орыс комедиясының атасы Гай­дайдың фильмдерінде ойнап, бас айналдыратын ғажап табысқа кенеліп, даңқы дүрілдеген атақты Демьянен­ко Шуриктің кесірінен актерлік тағдырын қасіретпен аяқтады. Ішкі қуаты мол драма актері бола тұра, комедиялық рөлден басқа рөлде ойнай алмай, ішқұса болды. Шебер актер осындай шаблонға түсіп қалудан сақтану керек. Өзімді тау қопарып тастаған керемет актермін деп есептемеймін, бірақ бір сарында, бір  жанрда қа­лып қоймауға тырысамын. Бұл мәселе өзіңнің актерлік, аза­маттық ұстанымыңа, кәсібіңе қарым-қатынасыңа байланысты қалыптасады. Мені ең алдымен материалдың маңыздылығы қызықтырады. Тракторшының рөлінен де басқа әлдеқандай әлеу­меттік топтың өкілін ойнау керек болса және ол бейне қызықты, көрерменге ой салар­лықтай мазмұнды болса, бас тарт­пастан бірден келісер едім.

– Төрт жыл бұрын сіз әкем­театрдан кетіп қалдыңыз, неге кеттіңіз және жуырда театрға қайта оралғаныңызды естідік, оралуы­ңыз­дың сыры неде?

– Иә, төрт жыл­ға жуық театр­дан қол үздім. Ол менің жеке ұстанымым мен көзқарасыма байланысты қабылдаған шеші­мім болатын. Театрдағы бұл шы­ғар­машылық үзіліс  өзіммен-өзім жұмыс істеп, рухани қай­та түлеуім үшін керек болды. Егер театрдағы рөлдерім бол­маса, мен бәлкім, бүгінгі Берік Айтжанов болмауым да мүмкін еді. Тіпті театр болмаса, киноға белсенді түсіп жүрген актердің өзінің ішкі органикасы, пластикасы әлсіреп, солып қалар еді деп ойлаймын. Трагедиядан комедияға, комедиядан психометафизикалық драмаға келіп ойнайтын, сол арқылы шеберлігі шыңдалып, ішкі қоры жинақтала түскен теа­тр актері кино алаңда камераны өте нәзік сезінеді, кез келген рөлді қиналмай ойнап шығады. Сол себепті актер ең алдымен театрда ойнауы керек. 

– Театрға келісімен орыс­тың ғана емес, әлем клас­сика­сының жауһарына айнал­ған Чеховтың «Ваня ағайындағы» Астровты ойнағалы жатыр екенсіз. Әжептәуір үзілістен кейін көрермен назары алдымен сізге ауатыны белгілі, өмір туралы толғанғыш дәрігер Астровты қай қырынан ашуды көздеп отырсыз?

– Оны сахна көрсетер. Тео­рияда басқаша, ал іс жүзі­не келгенде өңі айналып түсе­тін тосын жағдайлар театр­да жиі кездеседі. Астров – күр­­­­делі образ. Қашпаған қа­шар­­­­­­дың уызынан дәметіп: «Ой­­­бай, Астровты мен былай ой­наймын, олай ойнаймын» дегеніммен, ертеңгі күні сө­зің мен ісің қабыспай жатса, кө­рерменді қадірлемегенің болып шығады. Арық айтып, семіз шыққаннан артық не бар, бәрін уақыт көрсетер. Әзірге, ізденіс үс­тіндемін.

 – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

https://egemen.kz/article/berik-aytzhanov-filmde-prezidenttinh-adami-qasietin-ashudy-maqsat-tuttyq