Әкемтеатрының майталман артистері Оралда

Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бір топ театр майталмандарымен кездесті. Олардың қатарында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының артистері - ҚР еңбек сіңірген артисі Меруерт Өтекешова, Қазақстанның халық әртісі Гүлнәр Жақыпова, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрының артистері - ҚР еңбек сіңірген артисі Мұрат Ахманов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актриса Хазима Нұғыманова және Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров бар, деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысы əкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуде қазіргі театр өнері мен мәдениеті мәселелері талқыланды.

- Мемлекет мәдениет пен өнерге зор қолдау жасауда. Елбасы мәдениет
саласында еңбек етіп жүрген өнер адамдарына мемлекеттік сыйлықтарды табыстауы соның нақты бір көрінісі. Қазақстандық өнеріне,оның ішінде театр саласынының дамуына Батыс Қазақстанның мектебі ерекше үлес қосуда,-деді облыс әкімі.

Өз кезегінде танымал актриса Меруерт Өтекешова Хадиша Бөкееваның театр және актерлік өнер саласындағы қосқан үлесі туралы әңгімеледі. Ал белгілі театр және кино актері Мұрат Ахманов мәдениет саласының дамуы жолында атқарылған мемлекеттік жұмыстарды баяндады.

Облыс әкімі өңір тұрғындары атынан Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының 25-жылдығына арналған мерекелік шараға арнайы келген театр саңлақтарына алғыс айтып, жаңа шығармашылық табыстар тіледі.

Мәлімет Батыс Қазақстан облысы əкімінің баспасөз қызметінен алынды