Саңлақ суреткер

Көрнекті театр-кино актері, Қазақстанның халық  артисі Әнуар Боранбаев қазақ сахна өнеріне атақты алпысыншы жылғылардан кейін келген тегеурінді буынның көрнекті өкілі. Ол отыз жылдық шығармашылық ғұмырында  ұлттық өнерге мол қазына салды, ұрпақтар жадынан өшпес көркем бейнелер жасады.

Әнуар Боранбаев 1948 жылдың 14 наурызында Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келді. Оқушы кезінен өнерге жақын ол 1965 жылы он бір жылдық орта мектепті бітірген соң Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтының студенті атанады. Бірақ көңіл қалауы сахна болған соң, бір жылдан кейін ол оқуынан кетіп, Құрманғазы атындағы консерва­торияның актерлік бөліміне түседі. Талантты жас 3-курста оқып жүргенде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына қызметке шақырыла­ды. Қара шаңырақ театрда М.Әуезов­тің «Түнгі сарынындағы» мұғалім Сапа, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-анасындағы» Майсалбек, Қ.Мұқа­шевтің «Дала дастанындағы» ақын І.Жансүгіров сынды алғашқы рөл­дерімен-ақ театр іргетасын қалау­шылар, аға буын С.Қожамқұлов, Қ.Бадыров, С.Майқанова, тағы басқалардың ыстық ықыласына бөленген Әнуар Боранбаев осы сах­нада қалыптасып өсті, қазақ өне­рінің көрнекті тұлғасына айнал­ды.

b0c1755ac63b513e9f5181d27c2fa97b.jpg (471×342)

Белсенді де тегеурінді шығарма­шылық иесі театрда жетпіске жуық әрқилы кейіпкерді сомдады. Ұлттық топырағы мықты, тіл құдыретін мейлінше терең сезіне білетін және рухани зердесі өте ұшқыр, аса ізде­нім­­паз, ерекше еңбекқор актердің, әсіресе, драмалық, трагедиялық кейіпкерлерінің көрерменге әсер ету қуаты мол болды. Оның М.Әуезов пьес­алары бойынша қойылған спек­такльдердегі рөлдерінің жөні бө­лек. Жоғарыда аталған «Түнгі сарын­д­ағы» Сапа, «Айман-Шолпан­дағы» Арыс­тан, Маман бай, «Абайдағы» Әбдірах­ман, «Таңғы жаңғырықтағы» Тоқпаев, «Қобыландыдағы» Бірсім­бай, «Еңлік-Кебектегі» Кембай, «Қилы замандағы» Прокурор, «Қарагөздегі» Сырым, Дәулеткелді бейнелері басты-қосалқылығына қарамастан, бәрі де көркем де құнарлы шықты. Оның кейіпкерлері қандай әлеуметтік топ-тап өкілі болсын мейлі, дара­ла­нып тұратын. Көрнекті театртанушы Б.Құндақбаев актер Боранбаев суреттеген кейіпкерлердің сахнада дараланып, өзіндік мінез-құлқы, толғанысы, көркемдік болмысымен шынайы шығуының себебі – актердің «сахналық бейненің жанды «суретін» салып, «өмірбаянын» жазуынан деп көрсетеді. Бұл ретте Әнуардың «Қара­гөздегі» Сырым бейнесін ерекше атау керек. Осы рөлді жасауда аға буынның тәжірибесін жақсы зерделеген актер бейненің өзіндік дара нұсқасын жасады. Сырым – Әнуар сөзі жалынды ақын, сері, қарекеті ширақ, мақсаткер, күрескер тұлға болып өрнектелді. Көрнекті режиссер Ә.Мәмбетовтің ой-шешім­дерін зерделей отырып, өзін­дік ізденіс, көзқараспен келетін актердің сомдаған үлкенді-кішілі қай кейіп­кері болсын, мазмұнды, құнарлы шығып отырды. Байыптап қарағанда актер Әнуар Боранбаев көрнекті режиссер Мәмбетовтің сүйікті актер­лерінің бірі болғаны анық көрі­неді, режиссер көптеген спектакльдерінде басты, шешуші рөлдерді Әнуарға сеніп тапсырып отырған – М.Әуезовтің «Қараш-Қарашында» («Таңғы жаңғырық») Ғасыр дауысы, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Еламан, Т.Ахтановтың «Антындағы» Бөгенбай, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесіндегі» Момын шал, «Ғасырдан да ұзақ күнінде» Мәңгүрт, Қ.Мұхамед­жановтың «Жат елдесінде» Бекмырза, «Біз періште емеспізінде» Жәкен Сабырбаев… Тізімді жал­ғасты­ра беруге болар еді.


Ұлттық һәм дүниежүзілік класси­калық туындыларда кесек рөлдер орындап, тарихи кейіпкер­лерді тама­ша сомдаған Әнуардың тәуелсіз­дік кезеңіндегі табыстары да қомақты болды. Жаны сергек, ойы терең актер А.Сүлейменовтің «Төрт тақта-жайнамазында» Райсобес, Б.Римова­ның «Абай-Әйгерімінде» Абай, Қ.Ысқақтың «Жан қимағында» Мұса, Төбе би, Ә.Кекілбаевтың «Абылай ханында» Тұрсынбай, А.Островский­дің «Жазықсыз айыптыларында» Незнамов, Шекспирдің «Ричард III» трагедиясындағы У.Кэтсби, «Асауға-тұсаудағы» Люченцио, Гогольдің «Ревизорында» Шпекин, Мольердің «Ақымақ болған басым-ай!» коме­дия­­сындағы Клитандр мырза, Сотан­виль, О.Иоселианидің «Арбаң аман болсында» Бухути, А.Абдул­линнің «Ұмытпа мені, күнімде» Сер­гей, т.б. көптеген рөлдері қазақ сахна өнерін өсірген, театр тарихына енген образдар деу керек.

Өнерге қалтқысыз қызмет еткен сан қырлы талант иесі Ә.Боранбаев ұлттық кино өнерінде де қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Оның кинодағы аса сәтті дебюті киноре­жиссер Ш.Бейсенбаевтың жазушы-драматург Д.Исабековтің повесі бойынша түсірген «Гауһартас» фильмін­дегі Тастан бейнесі. Бұдан кейін «Түрксіб» фильмінде Т.Рысқұ­лов рөлін сомдаған актер «Қазақ­фильм» киностудиясының «Отқа оранған Орал», «Ақырғы аманат» (Қасым), «Ауылым Көкжотаның бөктерінде», «Созақтан шыққан Гамлет», тағы да басқа, сондай-ақ «Мосфильм» түсірген В.Цвигунның «Біз орала­м­ыз» романы бойынша кино­трилогиясына, «Қырғызфильм» кинотуындыларына да түсіп, қалың көрерменге жақсы танымал болды.

Республика радио-телевидение саласына да еңбегі сіңген хас актердің құлаққа жағымды қоңыр үні спекта­кль­­дер мен кинофильмдердің ғана емес, көптеген теле-радиоспек­такльдердің, хабарлардың көркін ашты, мағынасын тереңдетті. Бұл ретте де ол қара шаңырақ театрдағы алыптар дәстүрі мен дәрісін бойына жақсылап сіңірген өз буынының алдыңғы сапында жүрді. Жаны жарқын, пейілі кең, үлкенге іні­лік, кішіге ағалық таныта алған ол сахнада жақсы серіктес, өмірде адал дос, қалың көрерменінің сүйіктісі болды.

Тағдыр Әнуарды сынға салды. Қанша қиын болғанымен ол мойы­май, шарболаттай шыңдалды. Ауыр операциядан шыққан соң арада жыл өтпестен қасиетті сахнасына қайта оралды. 1994 жылдың сәуірінде «Ана-Жер-ананың» 30 жылдық мерекелік қойылымында шықты. Бұрын Майсалбек рөлімен танылған актер бұл жолы пошташы шалдың рөлін сомдады. Сол бір ерекше кеште актер қаншалықты толқыса, оны сағынған көрермендердің де қуанышында шек болмады. Осыдан кейін актер жеңіл балдағын ұстап жүріп А.Сүлейме­новтің «Штат қысқарту», Қ.Ысқақ­тың «Жан қимақ», Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан», Е.Замятиннің «Еділ патша», А.Бекбосынның «Соңғы сезім», А.Тасымбековтің «Кебенек киген арулар», тағы да басқа пьесалар бойынша спектакльдерде әдемі өнер көрсетті. Сонымен қатар хас шебер Т.Жүргенов атындағы өнер академия­сында студенттерге актерлік шебер­ліктен дәріс оқып, өзінің шеберлік сырларымен бөлісті.

Өзі де, өнері де көркем азамат сурет­керлік және азаматтық тұлғасы­на кіршік түсірмей, мазмұнды да саф өнерімен ұлтының рухани кемелде­нуіне үлкен үлес қосты. Оның мазмұнды да абыройлы өнер жолы мен адами болмысы ұрпақтар жадынан өшпек емес. Бүгінгі таңда Қазақстанның халық артисі, көрнекті театр және кино актері Әнуар Боранбаевтың есімі туған ауданының орталығындағы мектепке және Арқалық қаласындағы кинотеатрға берілген. Оның өмірі мен өнерінен сыр шертетін, белгілі журналист-жазушы Қайсар Әлімнің «Актер тағдыры» атты кітабы 2008 жылы жарық көрді. Әлия БӨПЕЖАНОВА, Театрдың әдебиет бөлімінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


www.aikyn.kz