Жыр-термелердің тәрбиелік мәні зор

Сәбит ОРАЗБАЕВ,
Қазақстанның халық артисі:


– Сәбит аға, бала күнімізде маг­ни­тофоннан «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда» деген сіздің қоңыр дауыспен айтылған жыр-терме, толғауларыңызды естіп өстік. Сол себепті сізді кішкен­тайы­мыздан етене таныс, туыс адамдай жақын тартатынымыз бар. Сіздің көппен тез тіл табысып, жақын араласып кетуіңізге осы жыр-терме орындайтын қасиетіңіздің көп септігі тиген сияқты.
– Бұл сөзіңнің жаны бар. Бірақ мәселе сенің не айтқаныңа байланысты. Айтқан жыр-термең маңызды, тәрбиелік мәні зор, жүректі қозғайтын болса, расында тыңдаушыңды үйіріп аласың. Жас актерлерге «Сендер Абайды оқыңдар. Сонда қор болмайсыңдар» деп жиі айтамын. «Оқып жүрміз» деп қояды. Кейде домбыраны алам да, «Дүние төңкерілген бұл бір сағым» деп бір мақамға салып әндетіп отырсам, «Не деген сөз? Бұл кімнің сөзі? Өзіңіз шы­ғарғансыз ба?» деп сұрап жатады. Абайды оқымағаны білініп қалады. «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда» деген Мұқағали Мақатаевтың өлеңі ғой. Сондай бір керемет жазылған. Өзіміз де немерелі болдық, соның әсері ме, бір мақам табылды да, жай ғана айтып едім, сол сұмдық танымал болып кетті. Бір күні Авторлық құқық мекемесінен «Аға, сіздің шығарған әндеріңіздің орындал­ғаны үшін қаржы түскен, соны алуыңыз керек» деп телефон соғады. «Ойбай-ау, мен композитор емеспін ғой, Алтынбек Қоразбаевпен шатастырып отырған шығарсыңдар» десем, «Жоқ, Сәбит аға, сізді білеміз ғой» дейді. Барсам, әжептәуір қомақты қаражат жиналып қалыпты. «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда», «Анама», «Туған күн» сияқты бас-аяғы сегіз-тоғыз әнім бар. Бір композитор інім «Аға, бүйте берсеңіз біз жейтін наны­мыздан айырылып қаламыз ғой» деп әзіл-шыны аралас айтқаны бар. «Алаң­дама, мұның соңына түсіп жатқаным жоқ. Әу демейтін қазақ бола ма, дом­бырамен қосылып айтқаннан кейін кейде осындай бір жақсы ән келіп қалатыны бар» деп жауап бердім. «Аңсау» деген де әнім бар. «Еліме барсам, туған жерімнің қадір-қасиетін, тауларын сағындым» деген мағынада, шетелде жүрген қазақ ақындарының «Елім-ай» деген шағын ғана кітабы шыққан, «Аңсау» деген өлеңді сол кітаптан алдым. Соны анда-санда айтатынмын. Бір күні радио тыңдап отырсам, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Ержан Қосбармақов радиодан орындап жүр. Әнді тыңдап отырып, тіпті өзімнің көңілім босап кетті.
Консерваторияда екі студент менің әндерім бойынша диссертация қорғады. Оның ішінде толғаулар, ақындардың сөзіне жазылған әндер бар. Сол толғау, әндерді үйреніп жүргендер кездеседі.
Театрда бізге рөл береді, кейде ен­шімізге тарихи тұлғалар тиеді. Мысалы, Бұқар жырауды алайық. Сосын «Бұл кім? Қайдан шыққан?» деп іздейсің. Содан ой түйесің. Тарихымызды қарап отырсам, ылғи дүркіреп келе жатамыз да, билікке таласып, бір-бірімізді өлтіріп, қайтадан басқа біреулерге жем болып кетеміз.
– Қазақтың тұшынып оқитын тарихы енді жазыла бастады. Төл тарихымыз жыр-терме, толғау, аңыз-әпсанада жатыр. Бірақ осы жыр-термелерді насихаттау, соларды радио-теледидар арқылы беру жағы онша көңілге қонбайды. Қайта Кеңес Одағы кезінде телеарнадан арнайы, тұрақты хабар берілетін. Қазір сондай хабарларды неге көбейтпеске?
– Иә, Кеңес Одағы кезінде «Халық қазынасы» деген бағдарлама болды. Бірақ 15 минуттан артық уақыт бер­мейтін. Соңғы жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасы осындай үрдіске назар аудара бастады. Шынында да, егемен ел болғалы да отыз жылға жақындап қалды, осындай үрдіс енді қолға алынып, айтылып жатыр. Бұл мәселені қолға алсақ, сөз жоқ, жыр-термелердің, тол­ғаулардың тәрбиелік маңызы өте зор. Қанша дегенмен бабалар сөзі ойға қонатын сөз.
Менің бір байқағаным, қазір кітап оқуға ден қойғандар көбейіп келеді.
Бұл – қуанарлық жағдай. «Компьютерден оқығанның жады нашар болады. Кітап оқу керек» дегенді Президенттің өзі де талай рет айтты. Компьютерден керек нәрсемізді таба қоямыз да, соны жазып аламыз. Ар жағы жоқ. Кітаптағыдай терең бойлай алмайсың. Ал кітап – үлкен қазына. Оның дәмін татқан адам, қай мезгіл болса да, әйтеуір уақыт табады. Ертеректе Мәскеуге барғанымда, метро­да отырғандардың қолынан кітап түс­пейтініне таңғалатынмын. Ылғи шұқ­шиып қарайды да отырады. Қызық жеріне келгенде күледі. Басқада шаруасы жоқ. Өзінің әлемі бар. Міне, біз де ұр­пағымызға кітап оқуды үйретіп, дағды­ландыруымыз керек. Онда бай мұрамыз, қазынамыз жатыр. Жыр-термелерімізді, толғауларымызды қандай жолмен болса да насихаттай беруіміз керек. Өйткені онда қазақтың салты, дәстүрі, бүкіл болмысымыз бар.
– Сіздің қатарыңыз Серке Қожамқұлов, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова сияқты қазақтың тума таланттарының көзін көріп, солардың ойынынан, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен үлгі алды. Құдайға шүкір, өзіңіз де қазақтың абыз ақсақалының бірісіз. Үлкен болудың, елге ақыл айтудың, жөн сілтеудің салмағы қаншалықты ауыр екен?
– Бұл – қиын сұрақ. Жаһанданудың әсері ме, осы күні жеңіл мінезділер көбейді. Еркін жүріп-тұрғысы келеді. Әсіресе, өнерде жүргендер үйін, төсегін, тіпті әжетханасына дейін көрсететін болды. Кейбіреуі тіпті жалаңаштанып кетті. Осыған менің жүрегім қатты ауырады. Кең далада емін-еркін өскен, баяу, асықпай, өлеңін айтып жүрген қазаққа қазіргі өзгерістер ауыр тиіп жатыр. Жеңіл жолмен ақша табуға құмарлар көбейіп келеді. Еңбек етуге құлшыныс жоқ. Балалар тікаяқ. Әне жерде қасық жатса, көтермейді. Қазіргі балалар үлкен кісілер бір нәрсені көтере алмай жатса қарап тұра береді, барып көмектесе салу деген жоқ. Гастрольге шыққанда Серке ағамыз, Сәбира, Шолпан апаларымыздың сүйіктісі болдық. Соларға қамқорлық жасап жүретінбіз. Жүгіріп барып, көмектескіміз келіп тұратын. «Ой, айналайын, жақсы бала екенсің ғой» десе, соған мәз бо­латынбыз. Өйткені оның бәрі біздің менталитетіміз.
Қазақтың қалтасына сәл ақша түссе біреуді кемітіп, ірі сөйлеп, айғайлап, ренжіп, біртүрлі өзгеріп кетеді. Оны «түртіп тұрған» қалтасындағы тиын-тебені. Ал өзгелер қанша тапса да үн­демейді. Өйткені «Бейнетіммен келген нәрсе, оны жария ете алмаймын» дейді. Оларда жанкештілік бар. Жарқын деген інімнің айтуынша, Өзбекстаннан Түркістанға тәу етуге келгендер жан-жағына қарап, «Алла тағала-ай, не деген жер мынау! Бостан босқа жатқанын-ай. Бізге берсе, гүлстанға айналдырар едік-ау» деп тамсанады екен. Абылайханның өзі де қазаққа жер шұқыта алмай кетті ғой.
«Бар еді үш арманым депті Абылай,
Әттең-ай, дегеніме жетпедім-ай.
Үш жүздің басын қосып,
Ел қылып өз алдына кетпедім-ай» деген сөзі бар. Ол елге егіншілікке бет бұруды насихаттады.
Менің айтарым, жаһандану зама­нында етек-жеңімізді жинап, жан-жағымызға сергек қарағанымыз жөн болар еді деп ойлаймын.
– Сәбит аға, 80 жасқа толған мерей­тойыңызды аста-төк тойлаудан бас тартып, өзіңіз туып-өскен ауылға мектеп салдырып бергеніңізді қазір ел жыр ғып айтады. Бұл көрпені өзіне қарай тартқанды ғана білетіндер үшін үлкен сабақ болды.
– Осы тойды жасатпағанымды өнер адамдарының көбісі ұнатпады. Менің Құтарыс ауылым Түркістан облысындағы Қаратаудан Құтырған, Алатаудан Арыс, Қазығұрттан Ақсу өзені келетін, табиғаты ғажайып жер. Сондай жерді қоныс еткен ата-бабамызға ризамыз. Біздің жақта елдің тұрмысы жақсы. Мал ұстайды, егін салады. Жермен жұмыс істеуді жақсы меңгерген. Осы мектеп мәселесі көңі­лімде жүретін. Жетіжылдық мектебі бар-ды. Ол кезінде жақсы мектеп болды. Бірақ балаларға заманауи мектеп болса деп ойлап жүргем.
Облыстың сол кездегі әкімі Бейбіт Атамқұлов «Мерейтойыңызға бай­ланысты жоспар жасап қойдық. Соны ақылдасуға келсеңіз» деп хабарласты. Әкімге өз ойымды айтып едім, ол кісі таңғалды. Обалы кәнеки, «Мектепті жоспар бойынша былай да саламыз, тойды өткізейік» деді. Рақметімді айттым. Өйткені туған жерім 60, 70, 75 жасқа толғандағы мерей­тойымды да жоғары дәрежеде дүркіретіп өткізіп берген. Ризамын. Сөйтіп, әкімнің пәрменімен ауылымызда 1 000 орынды мектеп салынды. Облыстағы алдыңғы шептегі жақсы мектеп болды. Екі спорт­залы бар. Бұрынғы ескі мектепте де спорт­зал жұ­мыс істеп тұр. Бір қызығы, қазір ауылы­мыздан балуан қыздар шығып жатыр. Физиктер, математиктер көп. Олим­пиадаларда жүлделі болып жүрген мықты математик мұғалім бар еді, соны ал­дырт­тық. Үйін алып бердік. Ең бастысы – ел риза.
 Екінің бірі өзіне жасалып жатқан құрмет-қошеметтен бас тартып, мұндай әрекетке бара бермейді. Жалпы, кейде осы біз той тойлаудың бір мәдениетін қалып­тастырғанымыз жөн-ау деген ойға келем. Сіз бұған не дейсіз?
– Иә, Елбасының өзі той жөнінде көп шашылмастан реттеп өткізу керек дегенді айтып келеді. Біздің жақта өзбек ағайындар да тұрады. Олар тойға 200-ден астам адам шақырмайды. Жейтіні де, ішетіні де белгілі. Әнін айтып, биін билеп, көңілді өткізіп жатады. Египетке барғанымызда бір тойына қатысудың сәті түсті. Құдалар бәрі жиналып, неке қиылып, жөн-жоралғыларының бәрі жасалғаннан кейін бір шәй ішіп тарасты. Ал үлкен той дүниеге бірінші перзент келгеннен кейін жасалады екен. Таңғалып, біздікілерге айтсам, «Ой, ол жарымағандардың тойы ғой, Құдай берген несібесінен айырмасын. Той – Құдайдың ырысы» дейді. Біздің халық аста-төк той жасағанды жақсы көреді. Той-думан жақсы, әңгіме үнемдеп, ысырапшылыққа жол бермеуде. Шетелге көп шықтық қой, олар қара­пайым киінеді. Бір шалбар, бір көй­лекпен бір жыл жүре береді. Бір нәрсе алу керек болса, «Мұнсыз өмір сүруге бола ма?» деген сұрақ қояды. Болады десе, соны сатып алып, ақша шы­ғындамайды. Ал біз көзімізге көрін­ген жақсы нәрсе болса, ала береміз. Бізде үнемшілік жоқ.
Англиядан келген досымды көрсін деп тойға алып бардым. Дастарқандағы асты көріп, шошып кеткені бар. Көшеміз толған қымбат джип көлігі. Сол ағыл­шын, «Былай қарасаң, төрт құбыласы түгел, тамағы тоқ, кілең байлар тұратын ел сияқты көрінесіздер. Ал ішкі дүние­ле­ріңізге қарасақ, тіпті басқаша» дейді. Ол көзбен көргенін, шындықты айтып отыр. Біздің қазақтың ең бір осал
тұсы – мақ­таншақтық. Осыны айтып та, жазып та жатыр. Дұрыс екен дейді де, жеме-жемге келгенде өздері де соны жасайды.
Мұнда ең қиыны – несие алып той жасау, өздерінің қатардан қалмайық деген ұраны бар. Ертең аш отырса да, бүгін аста-төк той жасау керек. Ал отба­сы, ошақ қасында шешілмеген пробле­малар көп. Осы несие деген біздің тү­бімізге жететін болды. Біреуге қарыз адамның өмірі тыныш болмайды. Ол отбасында реніш те, ұрыс-керіс те орын алады.
– Қазақты көп сынағанның бірі – Абай. Сөйтіп жүріп жақпады, таяқ та жеді. Сіз де міне, қазақтың ысырапшылығын айтып отырсыз. Өзіміздің тағы қандай осал тұсы­мызды байқайсыз?
– Мысалы, әртістер қанша талантты болса да – жалғыз. Ол қалай сахнаға шықты – жалғыз. Оған ешкім көмектесе алмайды. Артисті қиындықтан алып шығатын – білімі, бойындағы таланты. Сахнаға шыққанда оған әкесі де, шешесі де, ағасы да көмектесе алмайды. Жазу­шылар да, ақындар да солай. «Сен былай істе» деп оған ешкім айта алмайды. Бәрін жүрегінен өткізеді, ойлайды. Оның шығармасының деңгейі – оның көп білгеніне, біліміне байланысты. Сол үшін бізге білім керек.
Театрымызда талантты жастарымыз көп. Мені солардың тілі алаңдатады. Бойы да, ойы да бар әп-әдемі қыздар, бірақ үндері, дауысы жоқ.
Осы күні әзіл-оспақ театрының саны көп, сапасы жоқ. Ел арасындағы анек­доттарды талғамсыз сахнаға шығара беретін болды. Бір қынжылатыным – еркектер әйелдің рөлін ойнауды әдетке айналдырды. Қарттарды мазақ қылады. Солардың өздері қартаймай ма?
Кейде ақсақалымыз, абызымыз, үлкен кісілердің көзін көрген, солардың қолына су құйған, сахнада серіктес болған деп құрметтеп жатады. Онысы рас. Біздің бақытымыз – театрдың негізін қалаған кісілермен дәмдес болғанымыз. Олар – Серке Қожамқұлов, Құрманбак Жандарбеков, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров. Өгізбаев деген керемет актер болған. Сол кісіні есіне алып жатқан ешкім жоқ. Ол да үлкен проблема. Іздеушісі жоқ болғаннан кейін небір таланттардың өзі ұмытылып қалады. Фарида Шәріпова мен Ыдырыс Ноғайбаевтың өмірі керемет басталды. Небір бейнелерді сомдады. Мәскеу де мойындап, сыйлықтар берді. Қалай дүниеден өтті, солай тым-тырыс. Менің ұққаным, қанша талант болса да, оның артында іздеушісі, жүгіріп жүретін біреуі болуы керек екен. «Қазақстан» ұлттық арнасының басшысы Ерлан Қаринге бір жолыққанда «Елге еңбегі сіңген, бірақ ұмытылып бара жатқан осындай адамдар бар. Соларды шығару керек. Сауабын аласың. Олар туралы қазір айтпасақ, кейін мүлдем ұмытылып кетеді» дедім.
«Атады таң, батады күн, толады ай,
Ауысады күнде саба толағай.
Бірде барды, бірде жоқты армандап,
Пенде, шіркін, болды неге қомағай?
Нәпсі сол ғой, ныспы адам болған соң,
Тәркі өмір талқы, тартыс додадай.
Білем талай даналардың данасын,
Олар тау да, мен кішімін обадай,
«Алтынсың!» деп мақтағандар тірімде,
Көзім жұмсам, көрмес мені қоладай.
Адамзатқа соның бәрін ұқтырған,
Әруағыңнан айналайын о, Абай!»
– деген Қуандық Шаңғытбаевтың өлеңі бар. Қазір осы ақын туралы да ешкім айтпайды. Ол кісімен екі-ақ рет кездестім. Талай нәрсені білдім. Керемет энциклопедист, көп білетін адам. Өлеңдері де жақсы. Осы бірауыз өлеңінің өзі керемет. Осындай адамдарды ұмытуға бола ма? Әрине, оны жандандыратын, елге еңбегі сіңген тұлғаларды ұмыт­тырмайтын мәдениеттің жоғарылығы, ұқыптылық.
– Елдің алдында жүрген түрлі саланың майталмандары Елбасы Н.Назарбаевпен кездесіп тұрасыздар. Сондай басқосуларда «Осындай мәселеге мойын бұруымыз керек. Осы бір нәрселер еленбей қалып жатыр» деген ұсыныс-пікірлер бола ма?
– Ең қызығы, бізбен кездесулерінде Елбасы осындай мәселелерді өзі бастайды. Кемшіліктің бәрін біліп отырады. Біз де олқылықтарды айтып өтеміз. Мәдениет саласындағы қызмет­керлердің, театрдағы әртістердің айлығы тіпті аз. Актерлер әр жерге барып киноға түседі. Қазір көбі жеке кино түсірушілер. Олар қаржыны аз төлейді. Осы театрдағы айлық мәселесін талай рет айттық. Айлығы аз болған соң түрлі кештер жүргізіп, асаба болады. Егер материалдық жағдайы дұрыс болса, өнер адамдары алаңсыз, шын беріліп рөлін ойнар еді. Әр жерден табыс тауып жүгіріп жүргенінің кері әсері көп тиеді. Рөлдерін жаттап үлгере алмайды. Дайындықты ойдағыдай жүргізбейді. Содан ортаңқол дүние шығады. Мұндай жүрістің негізгі шаруаға зияны көп. Пәтерде жүреді, жаның ашиды. Осы кезде есіме түсіп тұр. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Елбасы М.Әуезов атындағы театрға келіп «Абылайханның ақырғы күндері» спектаклін тамашалады. Бұл 1993 жыл болатын. Өтпелі, қиын кез. Сол кезде «Не өтініштерің бар?» деп сұраған Пре­зиденттен үйсіз жүрген театр жастарына баспана сұрауға тура келді. Елбасы сөзімізді жерге қалдырмай, театрдың 20 шақты жас актері үйлі болды. Бұл Елбасының өнер адамдарының еңбегін бағалағаны деп білемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

www.aikyn.kz