Наурызда қызғалдақ сыйлау дәстүрге айналса...

Қазақ театрларының қара шаңырағы болып саналатын М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрында Наурыз мейрамы өтті. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасымен өткен «Ұлы даланың ұлы күні – Наурыз» мейрамы жаңа үлгіде тойланды.

А.Мұхамедиұлы бұл мере­ке­ні балалардың көз қуанышына айналдырып, оқушылардың үшінші тоқсандық демалысын Наурыз мерекесіне үйлестіру, Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы һәм символикасын бекіту, тал егу, көрісу сияқты құн­дылықтарды дәріптеп, мере­кені заманауи ұлттық киіммен қарсы алу керегін айтқан бо­латын. Ол сұхбатында «Замана талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни ұстанымына қара­мастан, адамгершілік құнды­лықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамты­ла­тындай мазмұнын жасау керек» екеніне тоқталған.
Расында да, бұл салтанаттың өзгеше болғанына көпшілік куә. М.Әуезов театры алдында шаңы­рақ бейнесінде сахна жаса­лып, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты мәде­ниет ошақтарындағы өнер­паз­дар қара шаңырақтағы өнер ие­лерімен қазақы салт-дәстүр­мен көрісті. Алдымен М.Лер­мон­тов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма теа­тры­ның ұжымы келіп көрісіп, өнерлерін ортаға салды. Одан кейін ретімен неміс, корей, ұйғыр театр өнерпаздары көрермендерді риза етті. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ба­лалар мен жасөспірімдер театры ұжымының кішісі үл­кенге келіп, сәлем беріп, көрісіп, ізет көр­сеткеніндей әдемі әсер қал­дырды.


«Елбасымыз Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­ласында айтқандай, біз тари­хымызға терең мән беріп, дәс­түрімізді аса дәріптеуіміз керек. Мәдениет және спорт министр­лігінің жаңа үлгідегі Наурыз мерекесінде кішкентай бүлдір­шіндерді, көпбалалы отбасы­ларды шақырып, дәстүрімізді көрсетіп жатырмыз. 800 бүл­діршінге сыйлық берілді. Бала­лар асыға күтетін, естерінде сақтайтын үлкен Наурыз мере­кесін көрсетуге тырыстық. Алдағы уақытта да дәстүрімізді ұлықтайық!», – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова.
«Наурыз – ұлы мейрам. Жылдан жылға бұл мерекенің мән-маңызы артып келеді. Әз Наурыз – жыл басы. Көктем келіп, табиғат оянады. Бүгін адамдардың көңіл күйі жоғары. Жақында батыс облыстарда болып, көрісу дәстүріне қатыс­тым. Көрісу күнін 14 наурызда атап өту керегін айтып жүрмін. Бұл бірте-бірте халықтық ме­рекеге айналып келеді. Алма­тыдағы бүкіл театр ұжымының бір жерде Наурыз мейрамын тойлауы да ерекше әсер береді екен. Келешекке осындай әдемі дәстүр қалдырайық. Мәде­ниетіміздің жоғары екенін біл­дірейік», – деді Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов.
Мерекелік сән-салтанатта өнер жұлдыздары әннен шашу шашты. Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаев «Өнер барысы» жобасына қатысатын Еркебұлан Дайыров пен Аян Өтепбергенге бата берді. Бұл күні қолөнер шеберлерінің жәр­меңкесі болды. Көпшілік ұлттық ойындарымызды тамашалады.
Мерекеде көпшілікке ұнаған тағы бір көрініс – өнер қайрат­керлерінің халыққа қызғалдақ сыйлауы. Қызғалдақтың Отаны Қазақстан екенін әлем мойын­дап отыр. Ендеше қырдың қыз­ғалдағын әз Наурызда бір-бірімізге сыйлауды әдемі дәс­түрге айналдырсақ, құптарлық іс болар еді.
Наурызда көшет отырғы­зылып, гүл егілетін дәстүр бұл күні де жалғасты. «Өнер және БАҚ аллеясына» көшеттер отырғызылды.
Бұл мерекені бұрын өзіміз ғана атап өтсек, Мәдениет және спорт министрлігінің ұйыт­қы болуымен осы жолы орыс, неміс, кәріс, ұйғыр ұлт­ы­ның өкілдері де бізбен бірге тойлап, өнерлерін ортаға салып, ұлттық дәмге толы дастарқанын жайды. Жиналған қауым нау­рызкөже мен қазақтың дәстүрлі тағам­да­рынан да дәм татты. Жалпы­ха­лықтық мерекеге ай­налып, жаңа үлгіде атап өтілген Наурыз көптің көңілінен шықты.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

www.aikyn.kz