Дулыға Ақмолда: ӘР КЕЙІПКЕРІМНІҢ «ТАҒДЫРЫ» ҮШІН ЖАУАПТЫМЫН

Бұл актер жайлы сөз қозғағанда биіктік пен тереңдік дейтін бір-біріне контраст ұғымды қатар айтқың келеді. Өйткені ол сомдаған кейіпкерлердің болмысы сондай. Бірде от болып жанып тұрып, келесіде мың құрсаулы қасат мұзға айнала салады. Бір рөлі екіншісіне ұқсамайтын ерекшелікке ие. Иә, бұл актер туралы айтқанда адалдық турасында ақтарылғың келеді. Ол – адами адалдық қана емес, өнерге, киелі сахнаға деген адалдық. Өйткені біздің бүгінгі кейіпкеріміз саф өнер – театр үшін өзін үнемі сақтап, баптап келе жатқан санаулы суреткердің бірі. Текті өнерді кие тұтқан талғампаз жан. Сондықтан болса керек, киноға да сирек түседі. Бірақ ол түскен фильмдер де театрдағы рөлдері сынды көрерменін бір сәт бейжай қалдырып көрген емес. Үнемі үздіктер қатарында. Сөз ауанынан-ақ аңғарған боларсыздар, біз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Дулыға Ақмолда туралы айтып отырмыз.

– «Оралман» фильмі шыққаннан кейін сыншылар мен көрермен тарапынан «Әттең, Дулыға өнері өркениет деңгейіне көтерілген АҚШ немесе Еуропа секілді елдерде өмірге келгенде әлдеқашан мегажұлдыз болып кетер еді. Қазақстанда жүріп өзінің лайықты бағасын алмай жүр-ау...» деген пікірлер жиі айтылып қалып жатты. Бұған не дейсіз?

– Әрине, халықтың өнерімді бұ­лай жоғары бағалап жатқанына қуа­ныштымын. Алғысым шексіз. Алайда, мен өзімді мұндай пенде ойлардан ба­рынша аулақ ұстауға тырысамын. Жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Менің міндетім – өнер тудыру. Қалғаны – көзі қарақты көрерменнің құзырында. Өмір бойы сол атақ пен мансаптың жолында жүрген адамдар бар ғой. Мүйіз шықса, қанеки?! Мені қызықтыратын басқа нәрсе. Ол – рөлімнің дұрыс шығуы және содан өзімнің һәм көрерменімнің рахат табуы. Мен сахна мен экрандағы әр кейіпкерімнің «тағдыры» үшін жауаптымын. Аллаға шүкір, осы күнге дейін еңбегіміз бағаланып, азды-көпті атақ та алдық. Алайда, мен үшін атақ­тың ең үлкені – көрерменімнің маған арналған ыстық қошеметі. Жалпы, мен түсінбеймін... Әртіс неге өз еңбегін бұлдауы керек? Актер болу да инженер, дәрігер, мұғалім, металлург сияқты қатардағы көп кәсіптің бірі ғой. Сонда әртіс «жұлдыз» болуы керек те, инженер жұмысы тасада қалуы керек пе? Әрбір маман өз кәсібінің жұлдызы. Біз тек халықтың алдына жүргеннен кейін де аздап еркелеу шығармыз. Айыр­машылығы сол ғана. Ал енді «Голливуд жұлдызы болмады» деген әңгімеге келсек, адам өзінің тағдырына жазылғанын көреді. Демек, менің пешенеме әу баста Қазақстанда туып, қазақ болу бақыты бұйырған. Тағдырыма ризамын! Шүкір.

– «Оралман» фильміне түсу сізге не берді?

– Актерде «оң жамбасына келді» дейтін рөлдер болады. Сөзсіз, «Орал­ман» фильміндегі Сапарқұлдың рөлі мен үшін сондай сәтті рөл болды. Кейіпкерімнің табиғаты, жан дүниесі жақын болғандықтан ба, әлде біраз жыл сахна мен түсірілім алаңында тәжі­рибе жинақтап, психологиялық рөлді ойнауға әбден дайындалып, піс­кендігімнен де шығар, фильмнің басынан аяғына дейін рахаттанып ойнап шықтым. Жаным демалды. Ал актер адамда мұндай сезім өте сирек болады. Тіпті ондай бақытты сезін­бей өт­кендер қаншама. Осы тұрғыдан келгенде рөлден де, режиссерден де жолым болды деп айта аламын. Режиссер Сәбит Құрманбековпен жұмыс істеудің өзі бір бақыт қой. Әу бастағы мамандығы суретші болғандықтан, режиссер ретін­дегі ракурсты, сюжетті көруі ерекше. Жалпы, оралман мәселесі – өте ауыр, күрделі тақырып. Бұған келудің, фильм­ге атау берудің өзі түсірілім тобын біраз сарсаңға салғаны бар. Бірақ режиссердің табандылығының арқасында картина көрерменімен қауышты. Сыншылар оң бағасын бергеніне қарағанда, еңбегіміз еш кетпеген сыңайлы. Әйтсе де, жеке өз басыма фильм аяқталмай қалғандай болып көрінеді. Жалғасы түсірілсе деп ойлаймын. Біраз көрерменнен де осы тектес пікір естідім. Алайда, көпшілік айтқандай, Сапарқұлдың елге келгеннен кейінгі өмірі емес, керсінше, шегініс жасалып, арғы беттегі тағдыры көрсетілсе, тіпті керемет болар еді. Міне, сонда фильм толық межесіне жетеді, оқиғаның нүктесі қойылады, меніңше.

– Ал театрда ойнаған рөлдеріңіз ше? Олардың арасында оң жамбасыңызға келгені бар ма? Мәселен, Қорқыт сияқты...

– Қорқытты жақсы айттыңыз. «Қор­қыттың көрі» спектаклі театрымыздың (М.Әуезов атындағы академиялық Қа­зақ драма театры. – авт.) репертуарындағы драматургиясы (Иран Ғайып) да, ре­жиссері (Йонас Вайткус) де, актерлік құрамы да кәсіби келіскен сәтті спек­такльдердің бірі десем, артық айтқаным емес. Онда басты рөлді ойнағаным үшін айтып отырған жоқпын. Ақиқаты солай. Литвалық белгілі режиссер Йонас Вайткустың актерлермен жұмыс істеуі расымен бөлек. Осы тұрғыда біз жақсы түсіністік. Жалпы, театрға тіл­дің де көп қажеті жоқ-ау. Бастысы идеяң ортақ үндестік табуы керек. Сол үйлесім бізде болды. Қойылымды түрлі халықаралық фестивальдерде әлемнің түкпір-түкпірінен келген театр сыншылары да жоғары бағалады. Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын Татарстанның Қазан қаласында өткен «Наурыз» фестивалінде барып, үлкен жүлдемен оралдық. Был­тыр ғана Францияның Авиньон фес­тиваліне қатысып қайттық. Мұның бар­лығы театр­ үшін үлкен жетістік, актерлер үшін теңдессіз тәжірибе.

– Әлі есімде, қателеспесем 2015 жыл болуы керек, «Алматыға литвалық Йонас Вайткус келіп, «Қорқыттың көрі» спектаклін қояды, басты рөлде Дулыға Ақмолда ойнайды екен» деген жаңалықты естігенде «Қорқыт Дулығаға бағына қояр ма екен?» деп сенімсіздік танытқандардың бірі едім...

– Иә, ондай пікірлер жиі айтылды. Өйткені біз Қорқытты белгілі бір қалыпқа салып алғанбыз. Қорқыт десе, алдымызға сала құлаш сақалы бар қарияның бейнесі келеді. Қорқыт туралы портреттер де солай салынып келді. Ал ақиқатына келсек, мәңгілік өмір іздеген күй кемеңгері бар болғаны қырық жасында өмірден өтіпті. Ал қырық деген әсте қарттың жасы емес. Демек, Қорқыттың сыртқы кейпі емес, ішкі жан дүниесі қартайған. Мен өзімнің актерлік сараптауым арқылы осыны жеткізгім келді. Бұл ойыммен режиссер де келісті. Сол арқылы Қорқыттың жан әлемінің күңіренісін, қобыз сарынын көрсетуге күш салдым. Сол жолда іздендім. «Қор­қыттың көрі» – театрымыздың ре­пер­туарындағы өте күрделі, ауыр спектакльдердің бірі. Әр ойнаған сайын 1-2 кг салмақ тастап шығамын. Әу баста бұл рөлге келуімнің өзі қызық болды. Алғаш бұйрық беріліп, рөл бекітілген кезде мен тізімде болған жоқпын. Қорқыт бейнесі Берік Айтжанов пен Азамат Сатыбалдыға жүктеліпті. Бірақ кейін Беріктің түсірілім жұмыстарына байланысты таңдау аяқасты өзгеріп, Қорқыттың рөліне кездейсоқ келіп қалдым. Күтпеген шешімдер кейде осылай барлық ой-санаңа төңкеріс жасайды. Мен үшін Қорқыт сондай рөл.

– Ал кезінде үлкен пікірталасқа арқау болған «Ақтастағы Ахико» қо­йылымындағы Ахико бейнесін қа­лай бағалайсыз? Актер ретінде көңі­ліңізден шықты ма?

– Ахиконы да шығармашылық жо­лымдағы ерекше рөл деп айтсам болады. Өмірде бар, тірі адамды ойнау – кез келген актер үшін үлкен жауапкершілік. Себебі тірі адамның болмысын көшіру мүмкін емес. Мен бұл рөлді сомдарда негізінен Ахиконың ішкі жан дүниесіне үңілуге тырыстым. Елестетіңізші, 15 жас­тағы балаңызды Жапонияға алып кетіп, «халық жауы» деп түрмеге жапса, сұмдық қой. Еш себепсіз, тіл білмейтін жерде 10 жыл түрмеде қалды. Егер табылмай қалса, тағдыры қалай болар еді?! Кездескенімізде маған Ахико ақ­сақал айтты: «Дулыға, мен 25 жасымда түрмеден шықтым. Салмағым 24 келі еді», – дейді. Суреттерін көрдім, шынымен тек сүйектері ғана көрінеді. Көз алдымнан Алаш арыстарының трагедиялы тағдыры өтті. Сондықтан менің сараптауымдағы Ахико жекелей адамға арналған рөл емес, жиынтық бейне.

– Рөлге қалай дайындаласыз?

– Рөлдің үлкен-кішісі болмайды. Эпизодтық болсын, басты рөл болсын бірдей дайындықты талап етеді. Кез келген кейіпкердің өзінің тарихы, мінез-құлқы болады. Яғни, рөл деген – тұлға. Жасаған әрбір бейнең тыңғылықты зерттеуге сұранады: «Ол кім?», «Қайдан жүр?», «Бұл сөзді неге айтып тұр?», «Не себепті мұндай әрекетке барды?», «Неге қылмыс жасады?». Міне, осы сауалдарға жауап табылғанда ғана толыққанды образ туады. Актердің жасаған әр рөлі оның сыртқы ғана емес, ішкі интел­лектуалдық деңгейін де көрсетеді. Сахна деген айна ғой. Таяз болса, түбі бос шелектей даңғырлап көрініп қалады. Сондықтан да біз үшін ізденіс, білім ауадай қажет. Актер өз рөлін бағбандай баптап, жасап жатқан кейіпкерінің өн бойына «құйылуы» керек. Ол да киген киімің сияқты ғой. Өлшемі сай болмаса, олқылығы қобырайып бірден көзге ұрады. Сондықтан әртіс адам әрбір рөліне мұқият болып, үлкен сақтықпен келуі қажет. Менің актер ретіндегі басты ұстанымым – осы.

– Бір сұхбатыңызда «Эксперимент – өнердің жауы емес, досы» деген екен­сіз...

– Әлі де сол пікірдемін. Театр – жаңа­лықты сүйетін өнер. Сондықтан да экс­перименттен қашпау керек. Қазіргі заманауи театр өнеріне бұл аса қажет. Мәселен, 1997-98 жылдары марқұм талантты режиссер Қайрат Сүгірбеков деген досыммен бірге Франц Кафканың «Превращение» спектаклін қойдық. Жұрт түсінбеді. Себебі көрермен ондай дүниелерге дайын емес еді. Ал қазір заман да, өнерге деген талап та басқа. Бүгінгі театрға бір орында тұрып қалуға болмайды. Жан-жақты ізденіс қажет. Өйткені өнерде бәсеке мықты. Ендеше тәжірибеден де қорықпау керек. Өнер тәуекелді сүйеді. Бірақ біз­де эксперимент деп айды аспаннан бір-ақ шығаратын режиссерлер бар. Экспериментті «түсініксіздік» деп ойлайды. Жоқ, эксперимент дегеніміз – сенің күнделікті ойнап жүрген рөліңе дайындалу жолындағы түрлі ізденіс тәжірибелері. Ең әуелі соны түсінуіміз керек. Мысалы, мен «Абайдағы» Керім­нің бейнесін сахнаға шыққан сайын экспериментке салсам болады. Оның әр қимылын, іс-әрекетін сынап, байқап көруге дайындық та жетіп жатыр. Аны­ғында эксперимент деген жанр жоқ. Ол театрға, актерге тәжірибе үшін ғана керек. Біз айтып отырған театрлардың барлығы да экспериментпен өмір сүруі тиіс.

Бірнеше мыңжылдықты артқа таста­ған театр өнері неге өлмей бүгінге жетті? Жауабы оп-оңай, оның сыры заманмен бірге ауысып сахнаға оралып отыратын түрлі тәжірибелердің арқасында. Сол арқылы театрлар түрленеді, өнер өзгеше өрнек түзді. Мейлі, театрдың бір залында дәстүрлі спектакль ойнала берсін, бірақ келесі залды экспериментке беру керек. Ол жерде арнайы режиссерлік зерттеулерге батыл барып, актерлердің ой-пікірлері тыңдалып, өзара шығармашылық қоян-қолтық қа­рым-қатынас орнауы қажет. Сонда театр тіріледі. Эксперимент – соған бастайтын бірден-бір жол. Егер көрермен актерлермен бірге өспесе, сахнаның керегі не?! Біз көрерменнің деңгейі төмен деп ойлаймыз. Бірақ қазіргі көрерменнің деңгейі жоғары, өресі биік. Олар интернет арқылы кино, спектакль көреді. Жаһандағы барлық өзгерісті алақанға салғандай бақылап отырады. Абай ата­мыздың «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» дейтініндей, мен де өз тарапымнан: «Көрермен түзелді, актерлер, сен де түзел» дегім келеді.

– Қалай ойлайсыз, жалпы қоғамға әсер етуі үшін өнер өткір болуы керек пе, әлде көркем бе?

– Өткір болса да, көркем болса да – ең әуелі өнер деңгейінен түспеуі керек. Өткір екен деп қарабайыр публицистиканы сахнаға шығара беруге болмайды. Сахнаның өз талап-заңдылығы бар. Ең әуелі осыны ескерген жөн. Мен әрдайым өнер жағындамын. Кеңес өкіметі кезеңі біздің миымызға «Театр – тәрбие орны» дегенді құйып тастады. Әрине, тәрбие деген жақсы сөз. Мәселен, театрға барып бас киімді қалай кию, галстукты қалай тағу керек екенін көруге болады. Себебі белгілі деңгейде бұл да театрдың бір миссиясы. Әйтсе де, тәрбиенің төркіні тереңде. Оны мағыналы, мазмұнды, айтары бар сапалы қойылымдар арқылы жасай аламыз. Театрдан шыққан көрермен ойланып шығуы керек. Сахнада жүрген әр актер осы мақсат жолында тер төксе, өнер ұтылмайды. Театр табалдырығын аттаған адам қойылымнан көшеге шыққысы келмейтіндей, күйбең тіршілікке аяғы баспайтындай жағдайда шығуы қажет. Өнердегі катарсис деген сол.

– Актер емес, қарапайым азамат ретінде сізді қоғамдағы қандай мәселе толғандырады?

– Мені адам ретінде толғандыратын мәселе өте көп. Оның бәрін айта берсем, тізім таусылмас. Бірақ солардың ең негізгісі – технократия. Яғни, біз адам­жандылықтан, табиғилықтан алшақтап бара жатқандаймыз. Қазір бізді техника жеп, «темір құрттар» жұтуда. Оған мысал жаңа туған нәрестенің ес білмей жатып қолына телефон ұстап отыруы. Оны көрген үлкендер «техниканың құлағында ойнайды» деп мақтанады. Ал сол мақтанатын дүние ме? Керісінше, одан қорқу керек. Өзім де бала тәрбиелеп отырған әке болғандықтан, осы мәселе мені қатты алаңдатады. Сәби есейіп, ақыл тоқтатпайынша, тек табиғи дү­ниелерден нәр алғаны, соны сезініп өс­кені жөн. Сонда қиялы дамып, жаңа қырлары ашылуы мүмкін. Бәлкім, осы­ның нәтижесінде ойы озық, қиялы жүй­рік ғұлама, таным-қабілеті жоғары тұлға болып қалыптасар. Ал туа салып телефон ұстаған балалар ше? Олар ин­тернеттің маңайында ғана қалып қояды. Техниканың жетістіктерімен қа­тар, зардабы да жетерлік. Мәселен, бұрындары баладан «Анау сурет қайда?» деп сұраса, балалар керек кітапты тауып, ойланып, оның ішін парақтап іздейтін, көрсетуге асығатын. Өзінің сол ізденісін үлкен еңбек деп есептейтін. Сонысына мақтанатын. Ал қазір ше? Телефонды алып, тетікті басады да көрсете салады. Артық ойланғысы келмейді. Міне, менің бүгінгі қоғамдағы қауіптенетін басты қорқынышым – осы. Адамның ойлау жүйесінде шектеулер болмағаны дұрыс. Ал қазіргі техника, оның ішінде смартфондар адамды біртекті ойлауға әкеле жатыр. Адам ретіндегі ерекшелігіміз қалмай барады.

– Шабытқа тәуелдісіз бе?

– Жоқ, шабытқа тәуелді емеспін. «Қорқыттағыдай» (спектакль. – авт.) қасыма жындарды да шақырмаймын (күлді). Бастысы – дайындық бастал­ған күннен сахнадан бір сәт алыстамаймын. Берілген рөлді жан-жақты са­раптауға баса назар аударамын, зерт­теп-зерделеймін. Бір сөзбен айт­қанда, рөліммен «ауырамын». «Ол кім?», «Киетін киімі қандай?» дегендей. Физикалық түр-сипаты, ішкі жан дүниесі қандай екенін білуге тырысамын. Кейіпкер мінезінің барлық бояуын шамамның жеткенінше барлап-бақылаймын. Бұл – рөл дайындаудағы мен үшін бұлжымас қағида. Менің ұғы­мымда, таланттың да, даңқтың да кілті – еңбекте. Ол өнерге де тікелей қатысты.

– Ал көңіл күйіңіз сахнадағы ойы­ныңызға әсер етіп жата ма?

– Бұл енді актердің техникасына байланысты дүние. Актерге шеберлік аса қажет. Оған адам қалыптасуы ке­рек. Бізге ұстазымыз Тұңғышбай Жаман­құлов сабақ берген кезде «Үйдегі, дала­дағы жаман ойларыңды сахнаға алып шықпаңдар. Кәдімгі үйге аяқ киімдеріңді шешесіңдер ғой, сол секілді «біссімілә» деп бар күйбеңді бергі жаққа тастап, содан соң ғана сахнаға шығыңдар» деп бойымызға сіңірген. Бірінші курстан бастап біз үшін осы талап бұлжымас қағидаға айналды. Актерлердің арасында «Сахнаға жиналмай шығыпты» деген сөз бар. Шынымен де, жиналмай шығып ойнаған рөлдерде не істеп жүргеніңді білмей қаласың. Барлығы шашыраңқы болады. Сондай-ақ өз қалыбына түскен, әбден ерттеп мініп алатын рөлдер де кездеседі. Ондай спектакльдерде жан дүниең рахаттанып, әріптестеріңмен қалжыңдасып жүріп ойнайсың. Әрине, ол – сомдайтын рөлің әбден ойға орны­ғып, бойға сіңгеннен кейінгі мереке. Бірақ «Бір образға кіріп алып, шы­ға алмай жүрмін» деген, меніңше, жал­ған сөз. Актерлік тәжірибемнен түй­генім. Себебі театрдың аты – театр. Кейіпкер болмысына қатты кіріп кету де қателік. Ол үшін де техника керек. «Трагедия ойнап жатырмын» деп бар күшті бірден салып тастауға болмайды. Актер өзін сақтай білуі керек. Мәселен, «Қорқыт» қойылымында 3 ми­­нутқа ғана сахнаның сыртына шы­ғып келуге мүмкіндік бар. Қалған уақыт­тың бәрінде көрерменнің назарындамын. Физикалық та, психологиялық та тұрғыдан «Қорқыт» өте ауыр спектакль. Құлаш-құлаш монолог, содан кейін ақ өлең. Ал ақ өлеңнен шатассаң, ештеңені өзгерте алмай қаласың. «Қорқытты» ойнағанда пышақтың жүзінде жүргендей қара терге түсемін. Бірақ сонысына қарамай «Қорқыттан» жаным керемет ләззат алады. Сахнаға әр шыққан сайын күнделікті күйбеңге тазарып ораламын.

– Қарап отырсақ, сізбен тандем­де жұмыс істеген режиссерлер Бо­лат Атабаев, Қайрат Сүгірбеков, Нұр­қанат Жақыпбай, Есмұхан Обаев, Оразхан Кенебаев, Әубәкір Рахимов бастаған кіл жүйріктер екен. Бұл кісілердің суреткер ретіндегі актермен жұмыс істеу ерекшелігін қалай бағалайсыз?

– Есімдері аталған режиссерлермен бірлесіп жұмыс істеу актерден көп нәрсені талап етеді. Шығармашылық теңдессіз тәжірибе десем де артық емес. Әрқайсысының кәсіби маман ретіндегі өзіндік жұмыс істеу тәсілі, ерекшелігі бар. Содан өзіңе қажетін ала алсаң – бақыттысың. Бірақ өкінішке қарай, қазақ театрларындағы көп актер сол берілген мүмкіндікті өз деңгейінде пайдалана алмай жатқандай көрінеді. Иә, мен де актермін. Бірақ мен мақтасам да, даттасам да өзіміздің актерлерді ғана айтамын. Неге? Себебі біздің әртістер театрда өз миссияларын көбіне орындамай немесе орындай алмай жатады. Бәріне бірдей күйе жаққым келмейді. Бірақ басым көпшілігінің сондай екені рас. Олар режиссерлер қойып берген шеңбермен ғана жүреді. Ал сахнада актер орындаушы емес, тудырушы болуы қажет. Өзіндік мені, пікірі, көз­қарасы болуы тиіс. Әрине, режиссер міндеттер бере алады. Алайда, сен сомдайтын кейіпкерді өзіңнен артық ешкім де білмейді ғой. Сондықтан режиссермен келісе отырып, өз ойларыңды ұсынудың да маңызы зор. Ал бізде режиссерлер актерлерге бәрін шайнап беріп жаман үйреткен. Режиссерлер мен актерлердің өз қызметін білуі осы тұста маңызды. Міне, сонда ғана нағыз өнер туады, нәтижесінде көрермен қуанады. Спектакль деген – актер мен режиссердің бірлескен жұмысы. Ал жұ­мыс кезінде байланыс жақсы орнаса, өнер туады, толыққанды дүние пайда болады.

– Әңгімеміздің соңында есіміңіздің қойылу тарихын білгіміз келеді?

– Мен туып-өскен Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында екі-ақ Дулыға болдық. Оның бірі – ауылымыздағы жасы үлкен ақсақал болса, екіншісі – мен. Шынымды айтсам, одан басқа Дулыға деген аттасымды кездестірмеппін. Маған Дулыға деген ерекше ныспының бұйыруына себепші адам – атам. Биік жүрсін, абройлы болсын деген ниетте қойылыпты. Біз бұған көбінесе батырдың бас киімі ретінде ғана қараймыз ғой. Бірақ дулығаның мағынасы кең. Жазушы Тұрсын Жұрт­байдың «Дулыға» деген кітабы бар. Сон­да жақсы жазылған. Аңыз бойынша, Түркі халқында көреген, дана хан өтіпті. Сол замандарда елде нәубет болып, халық ашаршылықтан қырылатын болған соң хан елін түгелімен тауға көшіріп әкетіп, аман алып қалыпты. Риза болған халқы ажалдан арашалап қалған патшасын Дулыға деп атап кетіпті. Содан бастап әскер бастайтын хандар мен батырлар зор мәртебе көріп бастарына дулыға киеді-мыс. Мен үшін де Дулыға деген атқа лайық болып жүрудің өзі үлкен жүк, жауапкершілік һәм зор мәртебе. Алладан осы абыройдан айырмасын деп тілеймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ

«Егемен Қазақстан»,  30 Тамыз, 2019