«Аттила мен Аэций» тарихи драмасы туралы (театрға дайындықпен барайық)

         Тарих туралы деректерді адам көбіне өнер арқылы оңай қабылдайды екен. Кішкентай кезімде əпкем Ілия Жақановтың «Құлпырады дала, гүлдейді орман, Емізеді егіз Еділ мен Жайық» деген əнін ыңылдай отырып айтатын. Сондай мұңға, сағынышқа толы əн. Мектепте тарих-география пəндерін оқығаннан кейін Еділ мен Жайық мағынасын түсіне бастадық. Картадан Еділ мен Жайықты іздейміз. Еділ дегеніміз қазіргі Ресей территориясындағы Волга өзені екен. Ал көне атауы – Еділ (Atil/Atal). Өзен ғұн империясының əйгілі қағаны Атилла, яғни Еділдің құрметіне аталған деседі деректерде. Атилла қаған – батыс ғұндар мен еуропалық көптеген тайпаның басын біріктіріп, үлкен қағанат құрған (б.з. 434-453 жж.) əлемдік тарихта ерекше орны бар тұлға. Орта сыныпқа барғанда көшпенділер даласынан осындай əлемдік тұлға шыққанын оқып, іштей масайрап, рухтанғанымыз есімде.

        

         Жақында М.Əуезов атындағы академиялық театр 94- маусымын «Атилла мен Аэций» драмасымен ашты. Ескі тарихпен қайта кездескендей болдық. Атиллатанушы, француз жазушысы Г.Томский (Г.Тюргэн) пьесасы негізінде сахналанған тарихи драма көпке ой салады. Онда Атилланың адамдық келбетін, діни сенімдерді қадірлейтін дипломаттығын, құлиеленушілікті жоюға атсалысқан тұлғалық бейнесін сахналаған. Достыққа адалдық пен арамдықтың арасы қаншалықты екенін де алақандағыдай көрсетеді. Генерал Аэциймен достығы түрлі ойға жетелейді.

         Спектакльдің басқа қойылымдардан ерекшелігі – театр «жұлдыздарының» басты рөлдерге жапа-тармағай тартылмағаны дер едік. Міне, қараңызшы, Атилла рөлінде А.Жұмабай, А.Лепесбаев, М.Асаубай үштігі кезектесіп ойнайды. Аэций рөлі А.Боранбай мен Ж.Тинбаевқа бұйырған. Кере-Ко – М.Келгенбай мен А.Абдыхамитова, Галла Пласидиа – Г.Жақыпова мен К.Əшімова, Аспар –Б.Мəнжігітов пен К.Бейсеғалиев деп жалғаса береді. Бірді-екілі əртісті айтпасақ, спектакль «жұлдызды» құрамнан ада. Бір жағынан тасада жүрген актерларға танылуға мүмкіндік мол. Əттеген-ай дейтін тұсы да бар. Актерлардың рөлде берілген сөзді ұмытып қалып, өздерінше импровизация жасауы көбіне сəтті шыға бермейді. Неге? Өйткені кейбір актерларда импровизация жасағанда, ұмытып қалған сөзін алмастыра қоятындай сөздік қоры бола бермейді. Құлаққа түрпідей тиетін сөздерді театрдан естіп қалғанда, тіліңді тістеп қаласың. Автордан емес, актердан кеткен қателік екенін ішің сезіп отырады. Сондай кезде актерларды жинап алып, ауылға апарып тастаса дейсің немесе қазақ тілінен емтихан алғың келіп кетеді. Иə, «Атилла мен Аэций» сəтті аударылған. Өткен жылы Есмұхан Обаев қойған «Анна Каренинадағыдай» «түйеден түскендей» сөздер жоқ.

         Бұл шығарманың тілден қағажу көретін жөні де жоқ. Өйткені аудармашы – сыншы Əлия Бөпежанова апайымыз. Тек бірді-екілі жерде актерлардың импровизациясынан кеткен қателіктерді байқап қалғанда, «актерлар қазақтың мықты жазушыларын бір қайтара оқып шықса» дедік. Қазіргі теле-радио, сайттар арқылы санамызды улап жатқан шала аударма тіліне бой үйретіп алса, бүгінгі актердың ең үлкен кемшілігі де сол болмақ.

         Спектакльдің режиссері – Алма Кəкішева (Арғын). Соңғы кезде театрларымызда «сəнге» айналып бара жатқан екеудің құпия қатынасына арналған көріністердің жиілеуі Алма апайымызды да айналып өтпепті. Бəлкім, көрерменді тартудың бір амалы шығар бұл да… Театрда «кинодағыдай көрініс» қайталана берсе, жан-жағыңдағы адамнан өзіңнен-өзің қысылады екенсің. Əрине, мұндай көріністер актердың пластикасын көрсетуге əдемі мүмкіндік береді. Бірақ театрларымызға мектеп оқушыларын репертуар таңдамай апара салатынын ескергеніміз жөн.

         Жалпы, «Атилла мен Аэцийге» бармас бұрын, тарихты бір қайталап алған абзал. Əйтпесе, бұл қойылым дайындықсыз бара салатын əлеуметтік-отбасылық мелодрама, комедия емес.

 

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ақжелкен» журналы, 31.10.2019