«Сүйікті менің ағатайым» спектаклін білесіз бе?!

«Театрда ең тамаша жарды жолықтыруға болады» деген Аслан Қаженнің тәмсілі ойымнан шықпай қойғаннан кейін бе екен, жоқ әлде адал адамдардың ортасын аңсағандықтан ба, бір демалысымды қиып тұрып Мұхтар Әуезов атындағы театрға желдей есіп, құстай ұшып жетіп бардым. Бұл жолы маңдайшасында «Сүйікті менің ағатайым» деп тұр екен.
Иә, жәй ғана «аға» деген атаудан әрі аспай жүрген адамды «Сүйікті менің ағатайым» деп әспеттеу һәм меншіктеп алу қандай тамаша сезім еді. Түптеп келгенде бұл атаудың өзінен бір белгісіз жылылық еседі...

Жә, қиял қанатынан бір уақ түсіп, сіздерге қойылым барысын баяндайын.
Иван Войницкий жиені Соняның үйінде тұрады. Екеуі таңның атысынан қара кешке дейін бар тапқан табысын қаладағы жездесі, ғылым, білім, өнер қуған профессор Александр Серебряковтың қолына ұстатады.
Александр Серебряков – аталмыш қойылымның һәм бүкіл қоғамның дерті. Бір аяғы көрде жүріп озбырлық, ұятсыздық, тойымсыздық, ашкөздігімен баласындай болып кеткен Иванның еңбегін, оның әкесінен қалған үйін, үйіндегі бар дүние-мүлкін сүлікше сорады. Сөйте тұра кәрілігін маңайына міндетсінеді. Александр - профессорлардың бәрі парасатты адам емес екенін дәлелдеу үшін дүниеге келген образ секілді.
Ал оның 27 жастағы жас әйелі Елена Андреевна өзінің сұлулығын қаусаған шалға тәрк еткені үшін еш өкінбейді. Себебі оның алдына қойған жоспары, мақсат - мұраты мүлдем жоқ. Бар көздегені қызық сауық пен ер-азаматтарды қылығымен арбау. Елена - осынау қоғамның «арсыздығын» өзі арқылы әшкерелейтін бірден бір кейіпкер.

Қойылымдағы Александрдың туған қызы мен «дәрігер» жігіт және басты рөлдегі Иван – соңғы кездері сиреп бара жатқан «адамдар» тобырынан. Бірақ жылдар бойы қатігездікпен күресіп, әл-дәрмендері қалмаған, әбден шаршаған...
Қойылымда ондаған, жоқ жүздеген, тіптен мыңдаған пәлсапалық сөздер айтылды. Тыңдадық да таңдай қақтық.
Мәселен, «Сенің алдында тірі жүргенім үшін айыптымын», «Әйел – еркектің досы болу үшін алдымен көңілдесі болу керек», «Ажарсыз әйелді әдетте шашың, көзің қандай әдемі деп алдайды», «Бүгін 20 рет жылай жаздап барып, өзімді әрең тоқтаттым»- деген сөздерді естігенде мен де өзімді әрең тоқтаттым. Ал «Тұрмысқа шығу – есіл ажарды әлдекімге құрбан ету, жастық жігеріңді тұншықтыру» дегенінде тіптен құлап қала жаздадым.

Қысқасы, басты рөлдегі Иванды маңайындағы адамдар тірідей көмгенде іштей адалдық пен шындықты өлтіргеніне көзім жетті. Актерлердің кәсібилігі жоғары. Қойылымнан алған әсер жүрекке түскен шоқтай. Орыстың туындысын төл тілімізде сайратқан Ә. Кекілбаевпен, қойылым режиссері А. Маемировтың тапқырлығына тәнті болдым.

Бәрі бірдей көтеріп жүрген есіктер – әр адамның өтпес қамалы, қорғанышы әрі табыты екенін түсінгенде кеудемде белгісіз бір қорқыныш сезімі ұялады. Қуаныш пен қорқыныш, арсыздық пен ұяңдық, өтірік пен шындықтың ортасындағы өмірден сыр шертетін қойылымды көргіңіз келсе сүйікті ағатайыңызды ертіп алып, «Сүйікті менің ағатайыма» барыңыз деп кеңес берер едім. Бұны көрмеске болмас!

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ,

adyrna.kz