«Қырманбайдың тойына» келіңіз!

Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мем­­ле­кеттік академиялық дра­ма театрында «Бес бой­дақ­­қа бір той» спектаклі қо­­­йылды. Араға бес жыл сал­­ған үзілістен кейін көрер­мен­ге қайта жол тартқан спектакльді көпшілік расын­да сағынып-ақ қалған екен. Лық толы зал мен қайта-қайта қол соғып, ризашылығын біл­­дірген қалың көрерменнің бал-бұл жанған жүзінен мұны аңғару қиын емес еді.  

 

Өнерсүйер қауымға спектакль­дің аты да, заты да таныс. Өйткені көрнекті жазушы-драматург Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір той» комедиясы бұрын да қойылған, көпшіліктің көңілінен шыққан. Былай қарасаң кө­рермен күлкіге қарқ болып, кө­ңіл көтеріп қайтатын жеңіл спек­такль сияқты. Спектакльдің ұтымдылығы – астарлы әзіл, қал­жың арқылы көрерменді ойлан­­ды­­ратынында. Қырманбай образы арқылы ата-ананың қаді­рін бұрынғыдан да ұғынып, өзін кейінге ысырып қойып, ұл-қы­зын бірінші орынға шығаратын қа­за­қы мінезді байқайсың.

Бұл – көрерменнің көңілі­нен шыққан спектакльдің бірі. Жиырма үш жыл бойы аншлагпен қойылу оңай дүние емес. Сол кездері бір кісінің қойылымға жиі келетінін байқадым. Реті кел­­­­генде себебін сұрап едім, «Бұл спек­такльге 20 рет келдім. Әке-шешемді, бауырларымды сағын­ғанда осы спектакльге келем. Мынау тура біздің ауламыз» деп жауап берген болатын. Мұнда отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қайырымдылығы, еркелігі, назы – бәрі бар. Қазақы мінезге жақын дүние. Сценарийге, деко­ра­цияға көп өзгеріс жасалған жоқ. Өйткені бұл спектакльге кел­ген адам өзінің ауылын, өскен орта­сын іздейді. Бұрын қойылған кезінде декорацияларымыз тозып кеткен соң үйді заманауи үлгідегі коттедж сияқты етіп жасағанбыз. «Үйлерің коттедж боп кетіпті ғой» деген көрермендер болды. Сол себепті үйді бұрынғы күйін­де қалдырдық. Спектакльді да­йын­дауға бір айдай уақыт кетті. Жастарды ұлттық қалжыңға, қаза­қы мінезге үйретуімізге тура келді. Бек­жан Тұрыс Қырманбай ақса­қалдың рөлін 26 жасында ойнады. Ол кездері театрымыздың бі­раз ақсақалы бар болатын. Рөл­ді соларға бермей, «шалды «ой­най­тын», образ іздейтін адам ке­рек» деп шештім. Сол себепті бұл рөлге Бекжан таңдалған бо­латын. Бұл Бекжанның театр­да­ғы шоқтығы биік рөлінің бірі деп айта аламын. Бұрын Қа­­зақстанның халық артисі Нүке­тай Мышбаева, Жұмағали Маханов ойнайтын. Бұл жолы тәжірибе жинап үлгерген орта буын актрисалар Гүлшат Тұтова, Күнсұлу Шаяхметова ойнайды. Қалғаны кейінгі толқын жас актерлер, – дейді спектакльдің қою­шы режиссері әрі өлеңдерінің авторы Әбубәкір Рахимов.

Спектакльде жер ортасынан асқанда кемпірі дүние салып, аяқтанбаған ұл-қыздарын ойлап қа­мығатын, солардың ертеңгі кү­ніне алаңдайтын Қырманбай ақ­сақал мен оның барынша әке­сінің көңілінен шығуға ты­ры­сатын ұл-қыздарының бейнесі сомдалады. Қойылымда әдемі ән де, қазақы қалжың да бар.

Қазір қазақта той көп. Ке­йінгі кез­де қазақ тойына рефор­ма жа­са­­луы керек деген сыни пі­кір­­лерді жиі естиміз. Бізге «Қыр­­ман­бай­дың тойы» сияқты кө­­ңілді әрі ой­­ландыратын той ке­­рек. Сон­дық­тан ойланам де­сең, қы­зық­қа батам десең «Қырман­бай­дың тойы­на» келіңіз!