Әсел Сайлауова сахнадағы күтпеген жайттар туралы айтты

Қойылымда дубль жоқ. Ол сонысымен де "тірі". Ал театр актерлары сахнада сценарийде болмаған, өздері күтпеген жағдайға тап болса, не істейді? Өзінің шығар сәтін ұмытып, грим бөлмесінде ұйықтап қалса немесе спектакль кезінде жарық сөнсе, қайтпек? Партнерының тісіне қараймын деп әнін жалғастыра алмаса ше? Кейде рольді жыртық шалбармен де ойнауға тура келеді. Baribar.kz театр артистерінен сахнадағы ыңғайсыз жайттар туралы сұрады.

Әсел Сайлауова, Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы:

Театрға жаңа кірген артистерді “пропискаға отырғызу” деген дәстүр бар. Бұрыннан істейтін актер-актрисалар қойылым кезінде сені сценарийде жоқ ситуацияға тастай салады. Театрға 2015 жылы кірдім. “Күлеміз бе, жылаймыз ба?” деген қойылым жүріп жатқан. Басты рольде Азамат Сатыбалды ойнайды. Мен көпшілік көріністе билейтін болдым. Спектакльді сахна сыртында қарап, билейтін уақытты күтіп тұрғанмын. Азамат аға сахнаға шығып жатып, қолымнан мықтап ұстап, өзімен алып кетті. Сахнаның дәл ортасына дейін апарды да, мені тастай салып, ролін ойнап жатыр. Артында аяқ-қолым сіресіп, қатып тұрмын. Залда актерлар да отырған. Олар тырқылдап күледі, онысын көріп, көзім одан сайын алаңдадым. Сахна сыртында Ажарлым Мағзұм есімді актриса тұрған, маған “Әсел, қаш, қаш” деп қолын сермейді. Келген жағыма қайтуға болады ғой. Жоқ, сахнаға қалай жүгіріп шықтым, дәл солай тарсылдап, арғы бетке қарай қаштым. Үстімде сап-сары көйлек. Артымда Бақтияр Қожа мен Данагүл Темірсұлтанова есімді артистер ойнап жатыр. Менің жүгіріп бара жатқанымды көріп, Данагүл апай: “Ауылға “кришнаиттар” қайдан келіп қалды?” – деп ойнатып жіберді. Сөйтіп, театрдың “пропискасына” отырғанбыз”.

Былтыр “Қобыланды” спектаклінде Көклан деген тылсым кейіпкерді сомдадым. Аппақ киініп алғам, қас, кірпігім де, шашым да ақ. Қойылымды осы кейіпкер бастап, аяқтайды. Көбіне беліме арқан байлап, ұшып жүремін. Рамазан айы болатын, ораза ұстадық. Монологтардан соң шаршап қалдым. Грим бөлмесіне барып, демала тұрайын дедім. Басымды қолыма қойып, көзімді жұмғаным сол еді, ұйықтап кетіппін. Біреу жұлқып оятады. Образымнан қорқып тұрса керек, “Әсел, Әсел” деп оятқанымен сәл арырақ тұрып: “Сіздің сахнаңыз ғой, шығыңыз”, – дейді. Мен ұйқылы-ояу оның сөзіне мән беріп тұрғаным жоқ. Есімді жиып, алып ұшып сахнаға жетсем, қойылым аяқталып, перделер жабылып жатыр екен. Аяқ-қолымның қатты дірілдегені есімде. Ләззат Қалдыбекова мен Назгүл Қарабалина есімді актрисалармен диалогымыз бар-тын. Олар Көкланды “Ана” деп атайды. Сахнаға шығып алып, мені былай іздеген, олай іздеген, таппаған соң өзара диалог жасапты. Бұған дейін анау-мынау қате жіберген емеспін. Жұмысқа кешікпеймін. Содан болар мұныма бәрі кешіріммен қарады.

Дайындаған Таңшолпан Төлеген

"BariBar" сайты