Театр алдындағы тарландар

Театрдың киелі сахнасын қадір тұтқан, қазақ өнерін шырқау биікке көтерген тарландар аз емес. Солардың бір тобы – КСРО халық әртістері Сәбира Майқанова мен Хадиша Бөкееваның, Қазақ КСР халық әртісі Нұрмұхан Жантөрин мен Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовтің композициялық бейнелері Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының алдында тұр. Театр директоры Берік Жә­меновтің айтуынша, ашық алаң­дағы композиция  «Шығармашылық әңгіме» деп аталады. Бұл композицияны жасауға ал­матылық мүсінші Гүлфия Мелдеш таңдалыпты. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" газеті жазды. 

– Біз халық әртістерінің атын ел есінде сақтауымыз қажет. Өйткені, олар – отан­дық кинематография мен театр өнерінің бастауында тұрған қайталанбас тұлғалар. Оларды аға буын жақсы біледі. Алайда ке­йінгі буын үшін олардың еңбегі тарихқа айналып барады, – дейді Берік Жә­менов.

Ал Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Аманбайұлының мәлім етуіне қарағанда, театр ал­дындағы тарлан­дардың қатары тағы бір топ өнер мен руханият май­­­тал­мандарының бейнесімен то­­лығады. Алдағы уа­қыт­та Қазақ  КСР-нің ха­лық әртісі атанған Қуат Тө­леков, Алма Ахметова, Зарифа Сүлейменова, Жұ­пар Манапова, Қазақстанның ең­бек сіңірген артистері Тө­леген Қуа­нышев, Құр­манғали Доға­ла­қов, Кү­нипа Иманғалиева, Оңай Жақ­сыбаев, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткерлері Чапай Зұл­хаш пен Нариман Үлкен­байұлы, Рахымжан Отарбаев секілді ұлт руха­ниятына өлшеусіз еңбек сіңір­ген тұлғалардың ойға шомған ескерт­кіштері қойылады.

 

АТЫРАУ