КАРАНТИНДЕ ДЕ ҚАЙЫР БАР

"Үйде отырыңыз! Дәл қазір қауіпті індеттің жаппай таралуына жол бермеудің жалғыз амалы осы. Үйде отыру – үйдей пәледен сақ­тану ғана емес, үйіліп қалған біраз шаруаны тындыруға зор мүм­кін­дік  емес пе?! Осындай оймен карантин кезінде немен ай­на­лы­сып жатқанын сұрап, есімін ел танитын азаматтарға хабарласқан едік",- деп жазады "Түркістан" газеті. 

Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстан және КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Естеліктер жазып жатырмын

– Қазір үйден шықпай отырғаннан басқа қолдан келер қайран жоқ. Барлық әлем­ді жаулаған дерттің алдын алудың және таралмауының жалғыз жолы – оқ­шау­лану. Бұл індет ұлт таңдамайды. Қазір бар­лық халықтың тілеуі де, жағдайы да бір­дей. Тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Бұ­рын жасай алмай, жаза алмай жүрген ес­те­ліктерім бар еді. Қазір үйде соны жазу­мен ай­налысып жүрмін. Студенттеріме де те­лефон арқылы тапсырма беріп жүрмін, ка­рантин кезеңі аяқталған соң олардан бер­ген тапсырмамды сұрап, емтихан ала­мын деп отырмын. Қанша қиын болса да, ағайын-туыс, дос-жаранмен телефонмен ғана хал-жағ­дай сұрасып отырмыз. Көппен көрген – ұлы той. Әлем елдеріндегі жағдай тым ауыр, ін­деттен көз жұмғандар мен ауру жұқ­тыр­ған­дар саны күннен-күнге артып жатыр. Те­зірек осы індетті жеңсек деген тілеуім бар. Талай қиыншылықты бастан кештік, бұл кезеңнен де өтетін боламыз. Халқыма жақсылық, аманшылық тілеймін. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, кинодраматург, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

«Балалық шақ» естеліктерін аяқтадым


– Бүгінде барлық саланың мамандары үйде отырып жұмыс істеп жатыр. Жазу­шы­лар – карантинге дейін де үйде отырып жұ­мыс істеуге үйренген қауым. Ал жұмыс іс­тейтін жазушылардың өміріне бұл індет өз­геріс әкелді деуге болады. Өзім Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлт­тық өнер академиясының профессорымын, ки­но драматургиядан дәріс беремін. Қа­шық­тықтан оқуға көшкен студенттерге он­лайн дәріс оқып жүрмін. Бірақ шығар­ма­шылық тоқтаған жоқ, кітап оқу мен жазу жүріп жатыр. Мен соңғы 20 жылдан бері тек сце­на­рий жазумен ғана айналысып, қара сөзге жо­ламай, прозадан аулақ кетіп қалған бо­ла­тынмын. Мұным қара сөзге деген құр­меттен, махаббаттан туындаған еді. Адам соны тым қастерлегеннен кейін де қара сөз­ге басын ауырта беруге сескенеді. Ал бі­рақ осы қыста мен бір естелік жазуға отыр­дым. Оны жазуға себеп болған 4-сы­нып­та оқитын немерем. Қарап отырсам, Б.Соқпақбаев пен С.Мұратбектің про­за­ларынан кейін балаларға арналған тар­тымды жазылған, қызықты прозалық шы­ғармалар жоқтың қасы екен. Содан бүкіл жазушыларға үндеу жариялау керек екен деген ой келді. Бірақ соңынан осы жұртқа үндеу жасап жатқанша жұмыс істеу керек қой деп ойладым. Қолымнан келсе өзім жазуым керек деп, «Балалық шақ» атты естеліктер топтамасын бастаған бола­тын­мын. Міне, қазір сол тұтасымен балаларға ар­­налған шығармамды аяқтап қалдым. Бү­гінгі таңда Құдай Тағаладан бала-ша­ға­мыз­дың, жақын жуығымыздың, хал­қы­мыздың амандығын тілеумен отырмыз. Қо­лы­мыздан келері тәр­тіп­ке бағыну деп біле­мін.

Әбділхамит РАЙЫМБЕРГЕНОВ, күйші, өнер зерттеушісі, Мәдениет қайраткері:

Күйші Қазанғаптың кітабын даярлап жатырмын

– Әдетте, шығармашылықпен айна­лы­сатын адамға уақыт жетпей жатады. Менде жа­зылмай қалған, басы басталып аяғына жет­пеген дүниелер көп. Ал қазір сол дү­ние­лерді ешқайда асықпай, аптықпай, ар­хивім­ді ақтарып, таңертеңнен кешке дейін оты­рып алаңсыз жасап жатырмын. Күйші Қазанғаптың шығармашы­лы­ғы­мен көптен бері айналысып, деректер мен мәліметтер жинап жүрмін. 300-400-ге жуық әр­түрлі орындаушылардың жазған күй­ле­рін сараптап, қолда барын нотаға түсіріп, редакциялап, бір жүйеге келтіріп жатқан жайым бар. Қазанғап туралы зерттеуімді күз­ге таман кітап етіп дайындап шығарсам деп отырмын. Көп жылдық ізденісімнің нә­тижесін қазақ және орыс тілдерінде жа­рық­қа шығарғым келеді. Ал кітаптың үшін­­ші томына Қазанғаптың қасына ерген, көзін көрген қарттардың, орындаушы­лар­дың 1958 жылдан бері жазылған үнтас­па­ларын, кейінгі кезде үлгеріп түсірілген ви­­деотаспаларын, таза ноталық жазба­ла­рын енгізіп, көрнекті дүние жасасам деген мақсатым бар. Елге келген індет ұлттық құнды­лық­та­ры­мызға, дәстүрімізге, мәдениетімізге қай­та айналып соғуымызға себеп болып отыр. Салт-дәстүрін сақтаған кәріс пен жапон, темірдей тәртіпке бағынған қытай бұл індеттен құтылды. Дәстүрі мен болмысын жо­ғалтқан ұлттардың берекесі кетіп жатқанын көріп отырмыз. Өзімізде бар құндылықты жоғалтпай, рухани, мәдени, тарихи, әдеби байлығымызды бір жүйеге келтіретін кез келгендей.

Өмірқұл АЙНИЯЗОВ, әнші, Мәдениет қайраткері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты:

Онлайн концерт беруге дайындалып жүрмін


– Карантин режимі басталғалы бері бі­раз үй шаруасын еңсеріп тастадық. Жер үйде тұрғаннан кейін үйге қарап, аула­мыз­ды тазалап, бау-бақша жерін де аударып қой­дық. Ауа райы кішкене салқындау бо­лып тұр, әйтпесе егінді де салып жіберуге бо­­­латын еді. Үй шаруасынан бөлек шығарма­шы­лық­қа да уақыт табылып жатыр. Ең әуелі ре­пер­туарымды реттеп, жыр-термелерді қа­рап, кітап оқып жатырмын. Ұмыт қалған, айтылмай кеткен жыр-термелерді қайта еске түсіріп, бұрын студияда жазылған ән­дерді әлеуметтік желі арқылы халықпен бө­лістім. Соның бірі Мұрат Мұстафаұлы жазған «Бір шәугім шәй» әні. Ауылдағы ата­мыздың қара шаңырағы, анамыздың қара шәугімі мен шәйі қашанда есімізде, сағы­на­мыз, ұмытпаймыз, бірақ ауылға ат ізін көп салмаймыз. Амандық болса, осы жазда ауылға барып осы әнге бейнебаян түсірсем деген ой келді. Ауыл да бұрынғыдай емес, біздің балалық шағымыздағы үйлердің орнына бүгінде еңселі үйлер бой көтерді. Ауыл­да әжеміздің көзі деп бұзылмай тұрған үй бар. Сол үйді құлатып тастамай тұр­ғанда ауылымды, анам жаққан ошақты, өзім өскен шаңырақты бейнебаянға тү­сірсем деймін. Өзім осы карантин күндерінде онлайн концерт беру туралы ойымды ұйымдас­тыру­шыларға айтқан болатынмын. Өзім үйде отырып жасайын десем, сүйемелдейтін музыкалық аспаптар жоқ. Әлі де осы онлайн концерт беруге дайындалып жүрмін. Мүмкін әлеуметтік желі арқылы үй жағдайында домбырамен концерт беремін деген жоспарым бар.  

Жанел МАҚАЖАН, театр және кино актрисасы:

Өзімді жаңа қырымнан танып жатырмын


– Біздің басымыздан өтіп жатқан жайт­тар жайдан-жай деп ойламаймын. Дәл қа­зіргі таңда менің ой түйгенім көп адамдар жұ­мыс, ақша деп отбасын ұмыт қалдырды, ұл-қызымен сырласуға уақыт таппай кетті. Соның бәрінің қарымтасын қайтарып жат­қан сияқтымыз. Әр істің қайыры бар деген осы болар. Қазіргі уақытта мен де ел қатар­лы үйдемін. Осыған дейін жұмысқа көп мән беріп келдім, бос уақыт деген мүлдем бол­майтын. Қазіргі уақытта үйде киім тігу­мен айналысып жатырмын. Бұрын сенің қ­о­лыңнан киім тігу келеді деп біреу айтса сенбес едім, ал қазір өзімді осы жағынан жаңа қырымнан танып, таңғалып жүрмін. Ойы­ма келген сан түрлі идеяны жүзеге асы­рып, әрі қарай дамытуды көздеп отыр­мын. Сонымен қатар оқуым керек деген кітаптарды оқумен айналысып жатырмын. Осыған дейін әлеуметтік желіде анда-санда өзім оқыған поэзияларды бөлісіп тұратын­мын, енді тұрақты түрде поэзия оқуды қол­ға алмақпын. Одан бөлек үй шаруасы, та­залық жұмыстарына да көңіл бөліп жатырмын. Шынымды айтсам, соңғы бір жа­рым жыл ішінде дәмді тағамдар дайын­дап, тәттілер пісірмеппін. Осы олқылықтың ор­нын толтырып, аспаздық шеберлігімді арт­тырып жатқан жайым бар. Отбасымда ба­лаларыммен өткізген әр сәтімнен ләззат алып, уақытты пайдалы етіп өткізіп жат­қаным ұнайды. Басымыздан өтіп жатқан қиын кезеңнің уақытша екеніне сенімдімін. Жағдайды қиындатпай, тәртіпке бағынып, сабырмен күтсек жақсы нәтижеге қол жеткізеріміз анық.  

Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург:

Қайым Мұхамедханұлы туралы зерттеу мақала бастадым


– Карантин уақытында көптен жос­пар­лап жүрген, бастап аяқталмай қалған дү­ние­лерді қолға алып жатырмын. Мәселен, дра­матургия саласында орыс тілінен қазақ тіліне екі аударманы аяқтадым. Олар жапон жазушысы Кобо Абэнің «Таяққа ай­нал­ған адам» пьесасы және қырғыз дра­ма­тургы Мар Байджиевтің «Дуэл» деген дра­масы. Өзім жазған «Екеу» деген пьесамды аяқ­тап, «Мәдениет» порталында жариялап, оқыр­манға ұсындым. Пьесада аты айтып тұр­ғандай екі-ақ кейіпкер бар. «Екеу» дра­матургия саласында махаббат тақырыбына жаз­ған алғашқы лирикалық драма. Бұдан бө­лек «Жалғыздық», «Омарташы», «Дала­дағы силуэт» деген үш әңгімемді жазып аяқ­­тадым. Саналы ғұмырын хакім Абайды зерт­теуге арнаған текстолог, әдебиеттанушы Қайым Мұхамедханұлы туралы ғылыми-публицистикалық мақала жазуға кірістім. Ме­нің мақсатым – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында жалпы жұртшы­лық­қа Қайым Мұхамедханұлының абайтануға сіңір­ген еңбегі туралы жеткізу. Өзінің идея­сы үшін сотталып, түрмеде отырса да сол идеясынан бас тартпаған тұлғаны халық тануы керек деп есептеймін. Сонымен қа­тар мәдениеттану, дінтану, әлеуметтану, пси­хоанализ салаларына қатысты жиып қой­ған кітаптарымды оқуға да уақыт та­былып жатыр.

Олжас ҚАСЫМ, ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері:

Балаларға арналған топтамамды аяқтадым


– Жұмыста карантин жарияланғаннан кейін үйде қашықтан жұмыс істеп жатыр­мыз. Басқа салғаннан кейін көнесің. Бұрын жұ­мыс деп үйдің бетін көрмейтінбіз. Осы кез­де үйдегі адамдарға көңіл бөліп жатқан жайымыз бар. Одан кейін күніне бір-екі мез­гіл ауылда жатқан ата-анамызға хабар­ласатын болдық. Халық карантин режи­міне үйреніп, онлайн қызметке бейімделе бастады. Ойда жүрген жоспарларды іске асыру­ға уақыт пайда болды. 2018 жылдан бастап балалар тақырыбына арналған шы­ғар­маларды жазуға кіріскен болатынмын. «Достарыммен мақтанамын» деген балалар­ға арналған бір топтаманы аяқтадым. Бос уақытты пайдаланып Толстойдың «Крей­цер сонатасы», Қажығали Мұхан­бет­қали­дың «Тар кезең» және Тұрсын Жұртбайдың «Бей­нет сусыны» кітаптарын оқып жатыр­мын.  

                                                                                                                                            Дайындаған Арайлым БИМЕНДИЕВА