«Империяның» күйреуі


М.Әуезов атындағы драма театрында Серік Асылбекұлының «Империядағы кеш» атты спектаклінің премьерасы жүріп жатыр. 

Театрдың жаңа маусымы басталғалы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында кешкілік мезгілде қарақұрым адам аяғы үзілмейтін болған. Биылғы 86-маусымын ширақ бастаған өнердің қарашаңырағында спектакльдер қойылып, танымал өнер тарландарының мерейтойлары өтіп, көрерменнің мәре-сәре болып жатқан жайы бар. Күні кеше ғана биылғы маусым жаңа қойылымның алғашқы премьерасы – жазушы-драматург Серік Асылбекұлының «Империядағы кеш» атты (қоюшы режиссері Алма Кәкішова) екі бөлімнен тұратын драмасы сахналанды. Драматургиядағы алғашқы пьесаларымен көрерменнің ықыласына бөленіп жүрген Серік Асылбекұлы қай тақырыпқа қалам тартса да әлеуметтік мәселелерді көтеруімен ерекшеленеді.

«Империяның» атын естіген көрермен әуелгіде қойылымға жүк болар оқиға үлкен империяда, әлде бір елде өтетін болар деп те ойлап қалады. Сөйтсек, «Империя» қаладағы көп мейрамхананың бірі екен. Ақшаның күшімен мейрамханасын империяның деңгейіне көтергісі келген кәсіпкердің ойлап тапқан  аты болып шықты.

Ертеден келе жатқан ұлттық драматургияның классикалық шығармаларын жиі қоятын академиялық драма театрының бүгінгі күннің мәселесін көтеретін жаңа қойылымдарды көрерменге ұсына бастауы көңілге шуақ дарытады. Соңғы кезде театр сахналаған «Қылмыскерлікке куәлік», «Тендерге түскен келіншек», «Ескі үймен қоштасу» - соның айқын дәлелі. Заманның ағымына ілесіп, табыс табуды көксеген, дүниедегі жақсылық атаулыны тек ақшамен ғана теңестіретін «Империя» мейрамханасының ерлі-зайыпты иелері Айдар Сейтқалиұлы (рөлді орындаған «Дарын» жастар сыйлығының иегері Р.Сенкебаев) пен Ұлжалғас (Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Н.Бексұлтанова) бизнестің арқасында дүниені белшеден басқан, мейманасы толған жандар кейпінде көрінеді. Айдар туған күн қуанышына отбасы араласқан дос-жарандарын «Империяға» шақырады. Академик Сұлтанбек Ертуғанұлы (артист Ж.Толғанбай), оның көңілдесі Гүлден ( артист А.Бөкенбай), ғылым жолын қуып жүрген Тойболды (ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жастар одағы сыйлығының иегері Д.Ақмолда), оның әйелі Нұрсұлу (Қазақстанның халық артисі Г.Жақыпова), ресторан даяшылары – Сәния (артист З.Карменова) мен Фараби (артист Қ.Мамытқалиев), Айдардың ұлы Болат (Е.Бектасов), ауылдан келген інісі Берікбол (Ж.Тинбаев) қатысқан туған күн кешінде әр саланың, әртүрлі мақсатпен пиғылда жүрген жандардың түсінік-пайымдары қақтығысқа түседі. «Империя» иелерінің ой-мақсаты байлық болса, академик Сұлтанбек Ертуғанқылы ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл мәселесін көтереді. Олардың көңіліне қараған өзгелер қайсысының ығына жығыларын білмей дал болады. Ішкілік бойларын алған кейіпкерлер пікірқайшылығына ұшырап, олардың бет-бейнесі айқын көрініп қалады. Арадағы дау-дамай ушыға келе, Айдардың қалай байығанын – «Орбита» ықшамауданында «самапал» арақ сатып, елді улағанын академик бетіне басады. Ғылыми дәрежесін қорғағалы жүрген Тойболды қай жаққа шығарын білмей, аласұрады. Осылайша жарқын жүзді қауышудан, жақсы тілек айтудан басталған «Империядағы кеш» қоғамдағы әлеуметтік қарама-қайшылықтың пердесін ашқан сайқымазақ шоуға айналып шыға келеді. «Жолбарыс пен аюдың ұрғашысы мен еркегін қалай атайды?» деген сауалдың төңірегінде айтысып-тартысудың өзі адам азғындалуының көрінісі болса керек. Көңілдері асып-тасыған жандардың дастарқан басында сайран салуы, мейрамхана даяшылары – Сәния мен Фарабиге бөлекше әсер етіп, екеуі қол ұстасқан күйі «Империяны» тастап шығады. Айдардың ауылдан келген бауыры Берікболдың: «Сен ауылға ат ізін салмағалы он бес жыл болыпты. Әкеңнің басына баруды да естен шығардың» деп бай ағасын жек көріп кетуі де көрерменді әрқилы ойға жетелейді. Қойылым соңында Айдардың ішкіліктің уытымен ес-түссіз жатуы, әйелі Ұлжалғастың өзге жігітпен көңіл қосып, құшақтасып тұруы, ұлдары әке-шеше арасында беймаза күй кешуімен қойылым аяқталады. Жазушы-драматург Серік Асылбекұлының «Империядағы кеш» спектаклі көрерменге әлеуметтік сауал қоюымен аяқталады. Қоғамдағы кеселді сахна өнерінің құдіретімен бейнелеудің тиімді тәсілі өзінің көздеген мақсатына жетсе де керек.

Өтеш Өтеуліұлы

 «Алматы ақшамы»

 3 қараша, 2011жыл 

№129/453