Театр Жаңа қойылыммен толықты

Режиссердің бұған дейінгі «Көшкін» қойылымы «Театр көктемі» атты дәстүрлі фестивальдің «Үміт» жүлдесін иеленген болатын. Адамдардың санасындағы соны құбылыстарды көрсеткен түрік драматургі Түнжер Жүженоғлының сахналаған туындысы халық көңілінен шыққан еді. Серік Асылбековтің де сахналаған қойылымы өз кезегінде халықтың театрға деген қызығушылығын арттыра түсетініне шүбә келтірмейміз. Өйткені аталмыш спектакль қазіргі қоғамымыздың көкейкесті мәселелерін тілге тиек етеді.

Қаланың қақ ортасында «Империя» мейрамханасы тұр. «Империяның» иесі Айдар – кәсіпкерлікпен айналысып, байлыққа белшесінен батқан бұрынғы ғалым. Айдардың туған күнін тойлау үшін мейрамханаға оның бұрынғы әріптестері жиналады. Той өтіп жатқан еңселі ғимаратқа ауылдан кәсіпкердің туған бауыры Берікбол да келеді. Қымсынып, бір бұрышта отырып қалған оны өзге түгіл Айдардың да елер ойы жоқ. Келген қонақтардың есіл-дерті – байлығымен бәлсініп жүрген мейрамхана иесі мен мансабымен менменсіген профессор Сұлтанбек Ертуғанұлында. Ал тойды басқарып жүрген Тойболды болса, жағымпаздығымен күнелтіп жүрген қорқау. Той барысында арақтың қызуымен қоса, ақша мен мансаптың буына мастанған кәсіпкер мен профессордың арасында жанжал туады. Жанжал кезінде көзін тәкаппарлық шелі басқан меймандар мен жағымпаздардың да шынайы бет пердесі ашылып, Шекспирдің «Өмір – театр, адамдар оның актері» деген қанатты сөзінің мағынасы айқындала түседі. Нәтижесінде мекеме бір-бірін жеуге бар екі жүзді жандардың ұрыс-керіс ошағына айналып, кәсіпкер ақшасына дос болған адамдардан да, әйел, бала-шағасынан айырылып, жалғыз қалады.

Қызғаныш, тәкаппарлық, жағымпаздық, парақорлық, нәсіпқұмарлық секілді қасиеттердің барлығы қамтылған қойылымның режиссері өз ойын былай түйді: «Бұл – менің көп жыл бойғы ізденістерімнің жемісі. Негізі, әрбір режиссер бір қойылымды өз биігінде көрсетіп шығуы үшін көп дайындалады. Режиссердің өмірі ізденістен тұрады. Ол қоғамдағы құбылыстарды жіті бақылап жүріп, онда туған идеясын сахналанған көркем дүниеге айналдырады. Талай жылдардың іріктеуінен өтіп, көрерменге жол тартып отырған спектакль көпшілік көңілінен шығады деп үміттенемін. Мен осы туынды арқылы қоғамның көкейкесті проблемасын көрсеткім келді».

Спектакльдегі басты кейіпкерлерді Руслан Сенкебаев, Жалғас Толғанбай, Дулыға Ақмолда, Нұржан Бексұлтанова, Ермек Бектасов, Жанат Тінбаев, Анар Бөкенбай, Гүлнар Жақыпова сынды театр актерлері сомдады. Жас актер Руслан Сенкебаевтың алғашқы үлкен рөлі екен. Бірақ соған қарамастан, артист рухани байлығынан айырылып бара жатқан кәсіпкердің рөлін өз деңгейінде орындап шықты. «Сахнада адамның қилы-қилы тағдыры көрсетіледі. Міне, сондай тағдыры қилы жандардың бірі – Айдар. Ол – негізі жақсы адам. Бірақ бар рухани құндылығын жоғалтып алған адам. Байлық оның рухани дүниесін тоқырауға ұшыратты» дейді Алма Кәкішова. Тіс қаққан актерлер Жалғас Толғанбай мен Дулыға Ақмолданың рөлдері де асқан шеберлікпен орындалды десек, қателеспейміз. Актерлердің ойыны туралы режиссер: «Қойылымдағы актерлер – менің әріптестерім, студенттерім. Алғашқы қойылым болғандықтан, сәл қобалжулары мүмкін, бірақ олардың ойыны көрермен көңілінен шығады деп сенемін» дейді.

Қазақстанның халық артисі, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, профессор Есмұхан Обаевтың: «Сахнаның ең басты мақсаты – адам проблемасын көрсету. Көкейкесті мәселені көтерілмеген ортаға көрерменде келмейді» деген сөзі бар. Ал «Империя кешінде» тілге, жемқорлыққа, қыздардың тәрбиесіне қатысты мәселелер қозғалып, қазақ қоғамының кемшіліктері көрсетіледі. Бір емес, бірнеше мәселелерді қамтыған қойылымға келетін халықтың саны көп болары хақ.

 

Сабина Зәкіржанқызы

(«Айқын» 201(1868)28 қазан 2011 жыл)