Абай

М.Әуезов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық драма театрының 90-мау­сымының шымыл­дығы «Абай» қойылымымен ашылды.
1940 жылы А.Тоқпановтың, 60 жыл­да­ры Ә.Мәмбетовтың, 90 жылдары Ж.Хаджиевтің, Б.Атабаевтың, 2010 жылдан Е.Обаевтың сахналауымен қойылған туынды әдемі жалғасын тауып келетінін айта кету керек.

Заманында әр режиссер, актер ақын жанын әр қырынан ашты, әр кезеңнің өз Абайы, өз көрермені болды. Ұлы Абайдың ақындық қайраткерлік тұлғасы уақыт өткен сайын әр қырынан ашыла түсетін жұмбақ құбылыс екені сөзсіз. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп өзі жырлағандай, данышпандығының арқасында заманның бағыт-бағдарын, өркениеттің бастауларын жете түсініп, туған халқын білім-ғылымға шақырды. Шәкірттеріне адамгершілікті ту етуді үйретіп, соқтықпалы, соқпақсыз ғұмыр кешті. Осындай бейнені сахнаға алып шығу бағы мен бабы қатар шапқан өнер иесіне ғана бұйыратыны анық. Қойылымның қою­шы режиссері – ҚР халық артисі, про­фессор Е.Обаев, қоюшы-суретшісі – ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Е.Тұяқов, хормейстер – Ғ.Ерекешев, концертмейстер – Л.Алдиярова болды. Абай рөлін – ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Ерлан Біләл сомдаса, қойылымға ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Д.Жүсіп, Ж.Байсалбеков, Б.Айтжанов және т.б актерлер қатысты.
Биылғы маусымда сахналанған «Абай» қойылымы жаңа заман талабы­на сай болуымен ерекше­ленді. Абай бей­несін ашуда әртүрлі көркем тәсілдер қолданылғанын да аңғаруға болады. Осы орайда қойылым туралы театр сыншысы Әлия Бөпежанованың, қоюшы-режиссер Есмұхан Обаевтың, Абай рөлін сомдаған актер Ерлан Біләлдің пікірін білген едік.

Әлия БӨПЕЖАНОВА, 
театр сыншысы:

– Абай философ, ақын ретінде осы уақытқа дейін бірнеше рет сахналанды. Ал бұл қойылымда жаңа заманның бас­тауы болған жаңа идеялар, Абайдың соңынан ерген шәкірттері көрінеді. Абайдың шәкірттері арқылы Абайдың бейнесі сәтті ашылған. Қойылымның тағы бір ерекшелігі – мұнда Абайдың елге танымал әндері шырқалады. Бұл әндердің барлығын театр артис­тері өздері орындайды. Мәселен, Әйгерім рөліндегі талантты актриса Дария Жүсіп «Татьянаның әнін» орындап, тек ойынымен ғана емес, әдемі дауы­сы­­ның әуезділігімен де көпшілік көңі­лінен шықты.
Режиссер Есмұхан Обаевтың халықтық идеяларға ерекше ­назар аударып, Абайдың сазгерлік қабі­летіне, яғни музыкалық дүние жасауға мән бергенін байқау қиын емес. Абайдың күрескерлік қыры толығымен ашылғанын айтар едім. Қойылымның тағы бір ерекшелігі, көпшілік рөлдерді орта буын жас актерлер сомдайды. Әр актердің рөлді ашудағы ізденісі, тынымсыз еңбегі көрініп тұр. Әрине, сырт көзге көңіл-күй әсерлері өте көп болып көрінуі мүмкін. Алайда пьесаның құрылымы, тұжырымы надандықпен күрескен Абай бейнесін жеткізуге бағытталады. Қойылымның суретшісі Ерлан Тұяқовтың сахнадағы жарықты беруге көп мән бергенінің өзі ұлы даланың көрінісін шартты сахна арқылы суреттеп тұр.

Есмұхан ОБАЕВ, 
қоюшы-режиссер, ҚР Халық артисі:

– Мен өзімнің режиссерлік тәжірибемде «Абай» қойылымын бес рет сахналадым. Жақында Астана қаласында «Астана Операда» «Абай» операсы қойылды. Орындаушыларға Абайдың әр әнін жүрекпен сезіне білу керектігін айттым. Абайдың әрбір туындысында өмірге деген терең сыр жатыр. Ол 59 жыл ғұмыр кешіп, Гетеден бастап, Лермонтов пен Пушкиндерді аударып, халыққа жеткізіп кетті. Сондықтан Абайға арналған пьеса өз болмысын, құндылығын жоғал­т­пай­тын шығарма. Оны қойған режиссер, рөлді сомдаған актер де осыны сезіну керек. Абай әлеміне саяхаттап қайту, Абай образына кіру екінің бірінің қолынан келмейді. М.Әуезов театрында Абайды бес ұрпақтың артистері қойып келеді. Бұған дейін Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Мәлік Сүртібаев,Ыдырыс Ноғайбаев ойнаса, енді, міне, біздің Ерлан Біләл мен Азамат Сатыбалды сомдайды. Бұл – артистің шынайы шеберлігін көрсететін рөл. Егер сіздің ішкі жан дүниеңіз бай болмаса, Абайды сомдауға ешқандай хақыңыз жоқ. Абайды интеллектуалдық дәрежесі биік, актерлік шеберлігі мығым, ойды, қиялды жеткізе білетін артист қана алып шығады.

Ерлан БІЛӘЛ, 
Абай рөлін сомдаған актер:

– Абай бізге өз шығармалары арқылы көп қазына қалдырған тұлға. Оның басынан өткен қиын тағдырын сахнада жеткізу оңай емес. Мен сомдаған Абай сурет емес, ол өмір­дегі Абай, басынан кешкен тағ­дыры. Қайғыға жүрек сыздайды. Абайдың соншама қасірет шегуі, қайғыға батуы дүниеден өткен баласының жолын жалғастыратын адам болғандығынан. Ол жай ғана баласы, шәкірті емес, олар жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар еді. Абай балаларынан, шәкіртінен айырылғаннан кейін ауыр қайғы шеккені белгілі. Көп ұзамай өзі де дүние салған. Сондықтан оның бойындағы мұң, қасірет пен уайым болашағы мен үмітінен айырылуынан. Балалары – Абайдың арманын жетелейтін адамдар еді. Солардан айырылғаннан кейін қатты қайғыға беріліп, қуатын жоғалтты, өмірі үзілді. Көре алмаушылық, қиянат жасау, ұрлық-зорлық жасау қай заманда болсын болған. Қойылым жас­тарды Керім сияқты ешкімге қиянат жасамай,талапты, еңбекқор, білімді болуға шақырады.
Абайдың шығармасы, Абайдың аты, ғибраты мәңгілік. Қазақ барда Абай мәңгі жасай береді.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

“Ана тілі” газеті