90-маусым «Абаймен» ашылды

Қазақ өнерінің қарашаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр өзінің 90-маусымын «Абай» спектаклімен ашты.

Жылдағы дәстүрмен театр басшылығы БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, жаңа маусымның жаңалығымен бөлісті. Биылғы маусым театр үшін де берекелі, мерекелі жыл болмақ. Бұған дейін театр ұжымы екі бірдей қойылымды сахналауға өз үлестерін қосты. Оның бірі – Астана төрінде өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» театрландырылған қойылымы болса, екіншісі – Тараз төрінде өткен дүбірлі тойда көрсетілген  Жабал Ерғалиевтың «Қилы жол» драмасы. Екі қойылым да театр ұжымының мерейін асырған шоқтығы биік туындылар.

Бұл – театр тарихындағы тоқсаныншы күз, тоқсаныншы көктем болмақ. Театр қойылымдарын асыға күтетін көрермен үшін де бұл маусымның бәсі жоғары. Өйт­кені, тоқсаныншы шымылдығын түрген театрдың тарихы тым тереңде жатыр. Бұл сахнада қазақ өнерінің саңлақтарының ізі қалған. Талғамы жоғары көрермен Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Фа­рида Шәріпова және тағы басқа кіл мық­тылардың өнерін ұмытқан жоқ.
Биылғы маусымның жаңалығы не? Театр директоры Ерлан Біләл көрерменге ұсы­нылар жақсы қойылымдардың көп еке­нін айтады. «Қазақ «арық айтып, семіз шық» демей ме? Алдағы уақытта жасалатын дү­ниелердің көбі көркемдік кеңестің тал­қылауына салынып, әбден пісіп-жетіл­ген­нен кейін ғана көрермен назарына ұсы­ны­латын болады. Көрерменнің сұранысына ие спектакльдер жалғасын таба бермек. Он-он бес жыл бойы үздіксіз ұсынылып ке­ле жатқан спектакльдер бар. Бұл спек­такльдер әлі де мән-маңызын жоғалта қой­маған. «Қандай спектакльдер ре­пер­туардан түсіп қалды?» деген мәселеге кел­сек, – біз оны көркемдік кеңеспен ақылдаса отырып, шешетін боламыз. Репертуардан тү­сіп қалған қойылымдардың орнын жаңа пьесалар басады», – дейді директор.
Театр басшылығы өздері қалаған пье­саны сахнаға шығаруға мүмкіндігі бар ма? Әрине, ол үшін ең алдымен демеуші табу қа­жет. «Театрға демеушілік танытқысы ке­летін жомарт жандар болса, міндетті түрде спектакльді шығаруға болады. Қаржылай ыңғайымыз келіп тұрса, көрермен тала­бына сай келетін кез келген шығарманы сахналауға болады», – дейді театр басшылығы.
Театрдың жаңа маусымды «Абай» спек­так­лімен ашуының да өзіндік маңызы бар. «Жаңа заман туар, жаңа ұрпақ келер. Заман өз­гереді. Ол заманды мен көре алмаспын, бі­рақ көре алмасам да, сол заманға сәлем дең­дер, сәлем деңдер, достарым» деп Абай те­гін аманат еткен жоқ. Театрдың әр за­манда өз Абайы болған. 1940 жылы Асқар Тоқпанов, 1960 жылы Әзірбайжан Мәм­бетов, 90-жылдары Жанат Хаджиев, Болат Атабаев, 2010 жылдан бастап, Есмұхан Обаевтың «Абайы» қойылды. Әр режиссер, әр актер ақын жанын әр қырынан ашты. Әрі әр заманның өз көрермені болды. Сондықтан әр заманға өз Абайы керек.
Бүгінгі «Абайды» сомдау – М.Әуезов теат­рының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләлге бұйырыпты. Со­нымен бірге «Абай» трагедиясында өнер­дің жілігін шағып, майын ішкен театр саң­лақтары өнер көрсетті. Әйгерімнің рө­лінде – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіп, Айдар бейнесінде – «Серпер» Жастар одағы сыйлығының лау­реаты Алмас Шаяхметов, Ажар – «Пла­тиналы Тарлан» сыйлығының иегері Наз­гүл Қарабалина, Мағауия – Ж.Бай­сал­беков, Әбдірахман – Б.Айтжанов, Оразбай бей­несінде – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айдос Бектемір, Жиренше рө­лінде – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс, Керім рөлінде – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дулы­ға Ақмолда өнер көрсетті.

“Айқын” газеті