Шаңырақ неге шайқалады?

Замананың ең көкейкесті мәселелерінің бірі бүгінде – ажырасу болып тұр. Бір кезде сүйіп қосылған адамдар түбінде түсіністік таппай неге айырық жолдарға түседі? Шаңырақтар неге шайқалады? Ерлі-зайыптылардың арасына кірген шайтаннан қайтіп құтылмақ керек? Өмірдің осынау өзекті сауалдарына орай, бұл күндері Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Асхат Маемировтың режиссерлігімен «Қоштасқым келмейді» драмасының премьерасы жүруде.

Терең психологизммен ерекше­ленетін көрнекті орыс драматургі Александр Володиннің пье­сасы бойынша жүріп жатқан қойы­лымда ажырасуға бел буған сегіз отбасының әрқилы тағдыры арқау болады. Жасы, әлеуметтік мәр­тебесі, дүниетанымы жағынан әр­түрлі бірнеше шаңырақ иелері сан түрлі өмір драмасына ұшырап, күмән-күдікке, тәкаппарлыққа бой алдырады – бақытты кездесулер баянсыз қоштасуларға ұласқалы тұр. Некелерін бұзуға сотқа келген оларды татуластырмаққа судья барын салады. Алайда, өзімшіл ерлі-зайыптылар бірін-бірі тыңдаудан, түсінуден қалған…

Мына бір отбасы енді ғана ажы­расып болды ма десек, соттың ал­дынан келесі жұптар кезегімен табылып жатады. Қаншама ажырасулар болса – соншама күйреген тағдырлар бар. Егер іргелерін бір-бірінен аулақ салуға шешім қа­былдаған жүз отбасы болса, оның жүз түрлі себебі табыла бермек.

Сонымен, шарттылық белең ала­тын қойылымда театрдың танымал, тәжірибелі, байырғы актерлерінен бөлек, жас дарындардың ойыны ойдан шығып тұр. Қыс­қасы, «Әкем­театрдың» кіші залында қойылып жат­қан драмада театр­дың түгел та­ланты салтанат құруда.

Мысалы, бір үйдің ішінде, бір бөлменің ортасында қабырғадан қамал тұрғызып, өмірлерін жал­ғыздықпен өткізген жұпты Ғазиза Әбдінәбиевадай актрисалар қа­лай-қалай ойнайды десеңізші! Театрдың жарты байлығындай – Бекжан Тұрыс, Азат Сейтметов, Дулыға Ақмолда, Күнсұлу Шаях­метова, Жалғас Толғанбай, Шынар Жанысбекова сынды сахна сардарлары драманың бүкіл бояуын, психологиялық күйзелістерді күлдіре отырып жылатып, жылата отырып күлдіре жеткізеді.

Сахнадағыдай, айналамызда бір мезетте қаншама адам қап­тап жүрсе де, жалғыздықтың аза­бын тартып жүргендер мына өмірде аз ба?! Миллион-миллион тұр­ғы­ны бар мегаполисте өз адамына жолықпай, іздегенін таппай, ба­қытына жолықпай ғұмыры өтіп жатқандар да жеткілікті.

Әдетте, біз сияқты көрермендер қойы­лымнан кемшілік іздеп отырады. Ал іздемесе, сол ізде­ген кем­­шілігінің өзі мені неге көр­мей­сің деп көзіңді шұқылайды. Жаңа қойылымда бұлай болған жоқ.

Сахна мен залда отырған адам­дардың бәрі дерлік сол драманың ішінде жүргендей күй кешті. Көп адам өзін көрді, отбасының тау­қыметін тартқан әрбір көрермен ажырасулар мен қоштасулардың қақ ортасына кіріп кетті. Сахна мен залдың арасындағы кеңістік бірігіп, білдірмей жымдасып бара жатты. Тіпті, көрермендердің бар­лығы дерлік бірте-бірте сахналық декорацияның жоқ екенін де ұмыт­ты. Сахнаның тым кедей, жұ­пы­нылығы туралы ойланған да жоқ. Символикалық дүниелер спек­­такльдің кеңістігін толты­рып отыр­­ды. Маемировтың артық­шы­лы­ғы да осы жерде.

Қарап отырсақ, мына өмірде миллиондаған халқы бар қалада, бір пәтерде, өз төсегінде Никулина (Күнсұлу Шаяхметова) сияқты жалғыздықтан көз жасына шыланып жатқандар аз ба?!

Болмаса күйеуі (Бекжан Тұрыс) «Моцарт, Бах, Бетховен» десе, ондай «қатындардың» атын естуден мезі болғандар (Гүлшат Тұтова), қысқасы, бір отбасында екі тілде сөйлейтіндер ше?

Әрбір отбасының өз трагедия­сы бар. Режиссер осы заманның ең өзекті мәселесін барынша ше­бер жеткізе білді. Жылап отыр­ған­дарды күлдірді, күліп отыр­ғандардың ішіндегі мұңын оятты.

Драмада басты рөлдерде Митя Лавров пен Катя Лаврова сияқ­ты көрінгенімен, бұл жерде ша­ңы­рағы ортасына түскелі тұрған әрбір ерлі-зайыптының тағдыры басты планда.

Сүйіп тұрып та өзінің сүйе­тіндігін мойындай алмайтын адамдар бар. Бұл – Азамат Саты­бал­дының Митясы мен Зарина Кар­менованың Катясы. Сахнаның сұ­лу адамдары алып-ұшқан се­зім­дерді, ойнақтап жүріп от бас­қан­дарды, қателесіп тұрып оны мойындай алмайтындарды жар­қырата сомдады.

Осылайша режиссер сахналық суреткерлігінен бөлек, театрдың барлық буынына, тамаша актер­лердің армиясына жаңа қыр­ла­рымен көрінуге мүмкіндік тудырып берді. Таланттар шеруі салтанат құрды. Біз осыны көрдік. Егер дарынды актерлерді сапалы материал деп есептейтін болсақ, біздің сахна саңлақтары жібекті түте алатын режиссердің қолына түссе, одан да жалтылдай түсетінін тағы да байқатты. Кіші залда жүрген бір ғана лабораториялық қойылым үшін осының бәрі аз дүние емес.

Спектакль біткеннен кейін де театр өнерінің парқын білетін жан­­дармен пікір алмасқанымызда, бәрі бірі бірінің аузына түкі­ріп қойғандай: «Сол сахнадан өзімді көр­гендей болдым», «Таныс­та­рымды таныдым», «Әрбір сөз ма­ған айтылып жатқан­дай әсер етті», деген сияқты болып шықты.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».

Суретті түсірген – Юрий Выблов