«Алмас қылыш»

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында І.Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына арналып, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай сахналанып отырған І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» тарихи драмасының тұсаукесері өтті. 

Көрнекті жазушы І.Есенберлиннің атақты «Алмас қылыш» романы желісімен қойылған спектакль Қазақ елінің іргетасы қалануын бейнелейді. Ең әуелі орта ғасырлардағы қазақ даласы көз алдыңа келеді, бейне бір қанды шайқастардың ішінде жүргендей сезімде боласыз. Әдетте біз өткен дәуірлердің батырлары туралы – ертегі кейіпкерлеріндей айтамыз ғой. Біз – Керей мен Жәнібек хандарды өмірге әкелген батыр халықпыз. Біз – олардың тікелей ұрпағымыз. Көз алдыңызда Асан қайғы мен Әбілқайырға айналатын заманауи кейіпкерлерге қарап, осындай ойды бастан кештік. Спектакльдің ерекшелігі де осында. Шымылдық ашылған алғашқы сәттен бастап жауынгерлік рух сезілді. Мұнда қойылым режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішеваның батырлық рухты берудегі еңбегін байқадық. Қазақ ұлттық сахна өнеріндегі тарихи жанрды байыту жағынан алып қараған кезде, әрине, «Алмас қылыш» тың туынды екендігінде дау жоқ. Ал енді оның таза көркемдік деңгейіне, режиссерлік шешімі мен артистер шеберлігіне, музыкасы мен пластикасына, сахналық безендірілуі мен киім, декорациясына тоқталсақ, көрерменді жалықтырмай, өзімен бірге ілестіріп әкететін ілкімді бедерлері жетерлік. Сонымен бірге спектакльдің сахналық нұсқасының авторы – Әннәс Бағдат тарихи драманы мейлінше көрерменге жақындастыруды мақсат тұтқанын байқау қиын емес. Қоюшы-суретші Мұрат Сапаров пен композитор Шырын Базарқұлованың қойылымның тарихи сарынды сақтап қалуына үлкен мән бергенін аңғардық.

XV ғасыр ортасы. Дешті-Қыпшақ даласы. Әбілқайыр хандығындағы толассыз қантөгіс соғыстар, ішкі қырқыстар мен аяусыз езгіден халық ауыр күйзелісте. Ал хан өз тағын сақтап қалу үшін қол астындағыларды бір-біріне айдап салып отырады. Осындай алмағайып кезеңде Керей мен Жәнібек сұлтандар қазақ руларының басын қосып, бөлек ел болмаққа бекінеді. Бұл ретте актерлер Т.Сағынтаев пен Д.Мұсаевтың образдары сәтті шыққан. Ен даланы жайлаған қазақтың қалай ел боламыз деп еңіреген ерлікке толы шежіресі сол замандар қатпарынан ақырындап алға оза бастайды. Сон­дықтан драманың бірінші актісі өте тез, бір деммен шықты да, екінші актіге келгенде шиеленіскен оқиғалар желісіне мән берілді.
Режиссердің елді сақтап қалу ха­қын­дағы идеясы эпикалық сарынға негізделгені байқалады. Әбілқайыр ханның көрегендігін, оның бүкіл бітім-болмысы арқылы актер Б.Қожа ұтымды көрсете білген. Әсіресе, қызы әкесіне садақ атқалы тұрған сәт әсерлі болды. Сүйіктісі үшін әкесінің өмірін қиюға бел буған қызға Саян «әкесін өлтірген қызбен ешқашан бірге болмаймын» дегені ханды толғандырып, ол бұл жігітті босатып, сый-құрметке бөлейді. Мұнда тұтқынға түскен Саян­ды сомдаған актер Е.Бектасов кейіпкерінің жан дүниесін ашуда еңбектенгені байқалады. Сондай-ақ таққа таласқан Әбілқайырдың уәзірі ұлы Сүйіншік батырды ханға қарсы айдауының өзі сол замандағы текетіресті көрсетсе керек. Уәзірді сомдаған актер Б.Қаптағайдың бейнесі айқын ашылған. Актер А.Максим Сүйіншік батырдың аңғалдығын көрерменге жеткізе білген. Моғолстан ханы Есенбұғамен келісімге келіп, азаттық аңсаған қазақ руларын бас­тап батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне қоныс аударады. Спектакль жеке өз алдына хандық құру жолында небір тар жол, тайғақ кешуден өтіп, ұлы тарих көшінен өзінің лайықты орнын алған халқымыздың рух мықтылығын көрсетеді.

Алма Кәкішева, қойылым режиссері, 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Уақыт өткен сайын біз тарихтың жаңа беттерін аша береміз.  Қойылым Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына арналды. Жазушының бұл туындысы халқымыздың рухын асқақтатқаны анық. Біз осыны ұмытпауымыз керек.  Қойылымды эпикалық түрде қоюды жөн санадым. Сахнаның өзі соған алып келді. Біз кейбір кездері бойымыздағы  батырлық рухты жасырғымыз келетін сияқты. Әсіресе, бүгінгі заманда еліктеушілік бар екені жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда  қойылымда жауынгер қазақты көрсеткім келді. Ол жырау болсын, ақын болсын, бәрі– қан кешіп, азаттық жолында күрескен.  Мәселен, бізде сол заманның философы  тек философиямен айналысқан деген қате пікір бар.  Ал шын мәнінде елдің қамын ойлаған  азаматтарымыз бірінші кезекте жауынгер екенін басты назарға алдым. «Аттан»  дегенді естіген әрбір қазақ сескенбей, жауға шабатын. Қазаққа ғана тән үлкен қасиет батырлықты дәріптеу парыз іспетті. Бүгінгі жұртшылыққа осыны көрсету қажет. Бұл өзіндік сахналық шешім.  Спектакльді дайындауға аз уақыт кетсе де,  үлкен жұмыс атқарылды. 

Ақбота ИСЛӘМБЕК

“Ана тілі” газеті.