Сахнадағы көрініс – әлеуметтік шындық

Өткен аптада Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының Кіші залында «Қоштасқым келмейді!» спектаклінің премьерасы өтті. Көрнекті орыс драматургы А.Володиннің кеңес кезінде Одақ және шетел сахналарында көп қойылған, фильм де түсірілген бұл драмасын аударған және сахналаған ұлттық театр режиссурасының кейінгі буынының талантты өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.Бірнеше отбасының тағдырын алға тарта отырып бүгінгі қоғамымыз үшін өте өзекті әлеуметтік әрі аса нәзік психологиялық  мәселелерді қозғайтын сахналық туынды туралы орта және жас буын театртанушылардың ой-пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.

Аманкелді  Мұқан, 

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

 театр және кино бөлімінің меңгерушісі,өнертану кандидаты,доцент

Белгілі орыс-кеңес драматургы АлександрВолодиннің «С любимыми не расставайтесь» драмасын «Кездесу мен қоштасу…» деп аударған режиссер Асхат Маемиров Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының Кіші залының сахнасына«Қоштасқым келмейді…» деген атаумен шығарды. Театрдың Кіші залын жас режиссерлердің қойылым жасау жолындағы экспериментті ізденістерін танытатын орнынға айналуы қажеттігі театрдың өзі үшін де өзекті және мамандар тарапынан да бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе болатын. Соңғы кездері осы мәселені шешуде оң қадамдар жасалып жатқандығы көрінеді. Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтетін Бас театрдың шығармашылығына осындай тәжірибелік бағытта жаңа қойылымдардың келуі құптарлық жәйт деп білеміз.

Британдық Economist атты белгілі басылымының2015 жылғы статистикалық санағы бойынша, жанұяның бұзылуы – ажырасудан Қазақстан әлемдегі алғашқы ондыққа кіреді екен. Ал еліміздің статистика агенттігі берген соңғы мәліметтерге назар аударсақ, 2014 жылы 160 мың жұп үйленіп,  52 мың жанұяның шаңырағы ортасына түсіпті. Бұл, әрбір үш жанұяның бірі ажырасып жатыр деген сөз. Осындайда халқымыздың«үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекерге айтпағанын еріксіз еске аламыз. Бір қарағанда құрғақ сандар тізбесі, бірақ, көңілге қорқыныш ұялатар статистикалық бұл көрсеткіштен тұтастай ұлт болашағы үшін қауіптің алыста емес «жар астында» екенін көріп, ішіңді жиыпаласың. Осындай әлеуметтік ахуал күш алып тұрған тұста бұл жаңа спектакль көрерменге ой салатын қажетті туынды екенін атап кеткеніміз жөн.

Спектакль жаңадан бас қосып, жанұя құрған Митямен Катя есімді жастардың арасындағы мәңгілік таусылмас махаббат әңгімесі туралы.Бірі екіншісіз өмір сүре алмайтын қыз бен жігіт көтерген шаңырақ-кемесінің өмір атты мұхиттың қайраңына соғылған сәтінен бастау алатын оқиғалар өзге жеті жұптың әр түрлі себептермен соттағы ажырасу тарихымен қатар өріледі. Режиссер жанұялық өмірдің көлеңкелі тұсы – ажырасудың табиғатын ашуға, ол туралы көрермендермен ой бөлісуге, ойландыруғаұмтылады. Театр көтерген мәселелер көрерменге міндетті түрде ой салады.

Театр белгілі драматург А.Володиннің кеңестік дәуірдің тоқырау жылдары (1972) жазылғанымен көтерген мәселесі, айтар ойы ескірмеген, психологиялық иірімдері мол пьесаны қойған. Шығармада қоюшы режиссер мен орындаушылар құрамына шабыт беретін, өмірден ойып алғандай бірі екіншісін қайталамайтын жанды кейіпкерлер мекендеген.Драматургиялық материалда барлық сот процесін жүргізуші жалғыз судья болса,спектаклінде режиссер әр сот процесін жеке-жеке судья жүргізетін, демек  жекеленген актерлер ойнайтын етіп шешкен. Көз алдымызда адамдар,.. адамдар,.. қанша адам болса, соншама мінез-құлық, көңіл-күй, қызуқанды бейнелер галереясын көреміз. Адамдар демекші, театрдың бірнеше буын орындаушылар құрамы қатысатын спектакльге тартылған қырық шақты актер сахна алаңқайында бос орын қалдырмайды.Режиссер орындаушылар құрамының көптігін пайдалануға мүмкіндік алған. Сол себепті тек екеуге тиесілі ішкі сыр, интимді мәселелер, олардың жеке бастарының азаматтық істерін қарайтын сот процестері де көпшіліктің белсенді қатысуымен, бақылауымен, тікелей араласуымен өтіп, қалың әлеуметтің, қоғамның талқысына түсетіндей деңгейге көтерілген.

Режиссер академиялық театрдағы алғашқы жұмысына уақыт сынынан өткен драматургиялық материалды таңдауымен ұтымды қадам жасаған. Екіншіден, сол материалды ұстап тұратын сүйегін айқындап, оның бұлшық еттерін өсіріп, түрлі-түсті бояулармен образдарды ашуда актерлерге еркіндік берген. Бұл Митя мен Катяның драматургиялық желісі және сот ісін жүргізуші судьялардың кезектесіп шығуы. Ал, осы аралықтарда  сахнадағы әр жұп пен жекеленген кейіпкерлердің ажырасу тарихын ашуда,образдарының ішкі жан-дүниесін түрлендіруге жұптасқан актерлердің өздері күш салған.Сондықтанда, бұл спектакльді бір рет емес бірнеше рет, әр түрлі актерлік құрамның орындауында көру керек. Актерлік орындау шеберлігі дейсіз бе, таланттылық, суырыпсалмалық секілді сахна падишасына керекті бейнелеу құралдарының ұшқынын салыстырмалы түрде шағын эпизодтық көріністерден көруге болады.Десекте, бұл құбылыстан спектакльдің көркемдік сапасын түсіру,  осы бағытта жалғаса берсе келешекте бастапқы ой идеясы мен режиссерлік шешімінен ажырап қалу қаупі де жоқ емес. Бұл бірі екіншісіне ұқсамайтын екі құрамдағы актерлер ойынын тамашалағаннан кейін түйген ойымыз.

Қазақ сахнасына қойылған А.Володин пьесасы бүгінгі күнге ыңғайланып азын-аулақ өзгерістерге түсіп толықтырылғаны байқалады. Аудармашы-режиссер жас жұбайлар  Митя мен Катя арасындағы істің мән-жайына әу бастан түсінік бере кетуді жөн көріп, олардың түсініспеушілігіне себеп ретінде Катяның фотосуретшімен «махаббаты» жайлы тарихты алға тартып, өзтарапынан шағын кіріспе жазыпты. Спектакль де осы кикілжің сахнасынан басталады. Драматургтың ертеде жазған материалын сахналарда жергілікті көрермен сұранысы мен уақыт талабын ескеруді қажеттігі орынды. Бірақ, спектакльдің алғашқы аккордынан бастап-ақкейіпкерлердің үйлесімі аз, үзік-үзік диалогтары көрерменге кереғар пікір қалыптастырады. Бұл, біздіңше, кейіпкерлер мінезін ашып, келбетін айқындайтын сөздерге атүстілек қараудан туындайды. Қойылым оқиғаның қай ортада, қай уақытта болып жатқандығы жайлы ақпарат бере алмай, көрерменді екіұдай күйге түсіреді.Режиссер ұстанған шарттылықпен келіскенімізбен, спектакльдің екінші жартысында Катяның, жүк машинасы қағып кете жаздағаны жайлы сөздеріне Алматыдағы баршаға таныс Абай көшесін қоса айтуыннемесе Мироновтар отбасы сахнасында кейіпкер сотқа Айгүл, Нұргүл есімді  қыздары өсіп жатқандығы жайлы анықтамалар көрермен құлағына оғаштау естіледі. Бұл жерде де режиссердің жанрдың стилистикалық тазалығын аяғына дейін бірізділікпеналып шығуын қалар едік.

Спектакль «Happyend»-пен аяқталып, финалдық сахнасында бәрі келіп Митя мен Катяның айналасына шабадандарды текшелеп жинап, үй-қамал тұрғызады. Қойылым бойы актерлердің бір-бірден ұстаған шабадандары тұрағы жоқ, көшіп жүрген жолаушы белгісі, ажырасып кетер алдында жеке заттарын жинастыратын заты болып жадында сақталды. Ал, екі жастың  үйін осы символдық заттардан қалап тұрғызу  үй қабырғасының қаншалықты берік, жанұялық ғұмырдың қанша ұзаққа баратыны туралы екіұшты ойға жетеледі.

Қойылымның көркемдік тұтастығына арқау болатын неміс композиторы Ф.Шуберттің «Кешкі серенадасы» таңдап алынған.Музыкалық фрагментті режиссер көрерменге «қуырып та, асып та, пісіріп те» берді. Сөзсіз, жағымды музыка, көрермендердің бәрі сол «Серенаданы» ыңылдап айтып, түні бойы миынан шығара алмаған да болар. Дегенмен де спектаклді музыкалық әрлеудің басқа да жолдары бар-ау деген ойға да қалдым. Мүмкін қателесермін…

Спектакльдің басынан аяғына дейін оқиға желісінүлкен экраннан әр сахнаға сай фотосуреттермен иллюстрациялау да,  біздің ойымызша, басы артық дидактикалық қайталауларға бой алдыру. Режиссер мен қойылым суретшісі Е.Тұяқов тарапынан көрермендер сахнадағы оқиға желісіне ілесе алмай қалар-ау деген сенімсіздік байқалады.Қорыта келгенде, бұл – жаңа спектакльден алған алғашқы әсерлерімізбен бөлісуіміз. Қойылымның өзге компоненттері,актерлік ойындар, салыстырмалы талдаулар жеке, арнайы тоқтауды қажет ететін мақала тақырыбы. Репертуарға қажет, көрерменге ой салып, толғандыратын, жақсы әсерлер сыйлайтын жаңа спектакльдің ғұмырлы болуына тілектеспін.

 

Салтанат ӘБІЛҒАЗИЕВА,

театртанушы

А.Володин  ХХ ғасырдың екінші жартысында жаңаша көзқараста жазылған  пьесалары көп қойылған, кеңестік кеңістікте ғана емес, Еуропа елдерінің театр өнеріне де сілкініс әкелген драматург.Шығармалары күнделікті өмірден алынғандығымен ерекшеленетін  автордың Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында бұл екінші рет сахналануы. А.Володиннің «Кесіртке» пьесасы бойынша 1986 жылы «Мың жылдық арман» спектаклін театрда режиссер С.Асылханов қойған болатын. «Қоштасқым келмейді» драмасын режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров сахналады. Шығармашылық жолын Батыс Қазақстан облыстық драма театрында бастаған режиссер көпшілікке Орта Азия мен Қазақстан театрлары фестивалінде жүлде алған «Хайуатхана» (Э.Олби), өткен маусымда  Ғ.Мүсірепов театрында қойған  «Қара шекпен» (Г.Хугаев), Бекжан Тұрыстың  50 жылдық мерейтойына арнайы дайындалып, М.Әуезов театры сахнасында көрсетілген «Ұлым, саған айтам…» (Б.Беделханұлы) қойылымдары арқылы жақсы таныс.

Жалпы режиссер Асхат Маемиров өз спектакльдерінде адамдар тағдыры мен жан дүниесін терең зерттеуге тырысады. Өзіндік бір ерекшелігі – қай қойылымында болсын  актер мен көрермен арасындағы шынайы рухани байланыс орнатуды көздейді, сахнадағы ойын пафоссыз, яғни барынша табиғи болуын жіті қадағалайды. Оның бұл ерекшелігі жаңа жұмысы – «Қоштасқым келмейді!..» спектаклінде де анық байқалады. Қойылымда жекелеген адамдардың өмірі арқылы жалпы  қоғам мәселесі көтеріледі.Отбасы – шағын мемлекет, ал, рухани-адамгершілік құндылықтар тәрбиенің тал бесігі – отбасында қалыптасады. Бұл – қойылым авторларының  көрермен көңіліне түйгізетін ойларының бір парасы.

Спектакль адамдардың  вокзалда поезд күтіп отырған  сахнасымен басталады. Алдыңғы планда жаңадан шаңырақ көтерген жастар Митя мен Катя. Олармен қатар көпшілік  арасынан шығатын тағы жеті ерлі-зайыпты ендігі жерде жұптасып өмір сүрудің еш мән-мағынасы жоқ екенін ұғынады. Оқиғалар желісі өмірдің сан түрлі сынақтарына ұшырап, ажырасуға бел буған сол адамдардың тағдыры арқылы өрби түседі. Бұл ретте қоюшы-режиссер мен актерлер қауымы көп еңбектенгені анық байқалады. Актерлер тағдыры әртүрлі кейіпкерлерінің жан дүниесін ашуға ұмтылады, жан-жақты зерттеп, әсіресе, адамдардың арасындағы көзге көрінбейтін, тек жүрекпен сезінетін нәзік байланысты өзінше жеткізуге ұмтылады.Сүйген жарға деген махаббат, қимастық сахналары ерекше лирикалық әсерге толы болды.

Спектакльдің негізгі желісін алып жүретін Митя ролінде  актер Азамат Сатыбалды, ал, Катя – актриса Зарина Карменова. Бұдан бұрын «Қас-қағым» спектаклінде жақсы тандем болған олардың ойын өрнегі  бұл қойылымда да жақсы үйлесіммен көрінеді.Абай, Бейбарыс, Гамлет, тағы да басқа бірталай күрделі рольдер орындайтын белгілі актер А.Сатыбалды ролінің кілтін жақсы тапқан. Оның кейіпкері – сырт көзге өз-өзіне сенімді, намысқой жігіт, ал, өз-өзімен іштей арпалысын  бірде елеусіз, ұстамды штрихтардан, енді бірде аста-төк эмоциясынан көреміз.

З.Карменова осы театр сахнасында А.Чеховтың (ауд.Ә.Бөпежанова, реж.Р.Андриасян) «Апалы-сіңлілі үшеуінде» Ирина, Ж.Ерғалиевтің (реж.Е.Нұрсұлтан) «Қас-қағымында» Жазира сынды бір-бірін қайталамайтын бейнелер жасаған талантты жас актриса. Оның кейіпкері махаббат бар жерде кіршіксіз сенім болуы керек деген қағиданы ұстанады. Сондықтан да күйеуінің алдында есеп беріп, ақталуды өзіне намыс көреді. Актриса Катяның ішкі жан дүниесін, жұбайына деген махаббатын, қоштасқысы келмейтінін шынайы түрде бейнелейді.

Митя мен Катя рольдерін келесі құрамда жас актер Абзалбек Асхатұлы мен басты рольдерде көрініп жүрген талантты актриса Салтанат Бақаева орындады. Бұл актерлік жұптың ойынынан балаң сезімнің шынайылығын көре алдық. Катяны актриса ерке, қылықты, балаңдығымен есте қалатын кейіпкер етіп бейнелейді.Бір-бірін сүйетін екі жас жар таңдауда қателескендей, өзара ортақ ештеңе байланыстырмайтындай күй кешеді. Дегенмен де олардың махаббатын көздерінен байқау қиын емес. Тәкаппарлау Митяның жанын жылытқан Катяның бойынан албырт сезімнің ұшқыны сезілді. Актриса  Митяны пышақтап кеткенін естіген тұсын керемет бейнеледі – жан ұшырған дауысы ешкімді де бей-жай қалдырмағаны анық. Ал, Валерамен (актер А.Шаяхметов) диалог сахнасындағы айғайға бой алдыратындай актриса ойынын әлі де тереңдете түсетін шығар дейміз, оған  әлеуеті жеткілікті.

Жас актер А.Асхатұлының орындауында Митя еркін де ерке, тәкаппарлау, енді бір жағынан батылсыздау жігіт. Жасы кейіпкерімен шамалас болғандықтан актердің ойыны табиғи шықты десек қателеспейміз. Ол барынша шынайы болуға тырысты, жаста болса үлкен жүрек иесі екенін дәлелдеді. Қойылым соңында сүйікті жарына деген сенімсіздігі сейіліп, махаббат сезімі еркін әрі шынайы түрде құлаш жайды. Сүйіп қосылған жарын шын сағынғанын, қоштасқысы келмейтінін жан жүрегі елжіреп, ерекше қимастықпен жеткізді. Дегенмен де кей тұстарда жас актердің тәжірибесінің аздығы  байқалды, қобалжыған, толқыған сәттері де болды. Абзалбекті сәтті тұсаукесерімен құттықтай отырып, ролін әлі де ширата түсетініне сенеміз.

Келесі кезектерде спектакльде ажырасуға бет алған Козловтар мен Мироновтар отбасын көреміз. Козлов қарпапайым жұмысшы, әйелі актриса. Козлова ролін алғашқы премьерада актриса Ш.Жанысбекова орындады. Өмір мен өнерді ажырата алмай, үнемі роль ойнап жүргендей сезініп, сотқа келгенде де образға еніп кете беретін кейіпкер актриса ойынында табиғи да нанымды.

Актриса Козлова ролінде екінші премьерада шыққан Д.Жүсіптің трактовкасы мүлдем бөлек. Оның кейіпкері  күйеуі екеуінің жан дүниелеріндегі сәйкессіздік пен өзжан дүниесіндегі дискомфорттан жапа шегеді. Көйлегінің етегіне қайта-қайта шалынып жүрген, ептеп қызып алғандай көрінетін әйел бір есептен аяныш та тудырады. Және де Д.Жүсіп ойынында кейіпкерінің жан дискомфорты өмірінен гөрі өнеріне көбірек қатысты болып өрнектеледі. Дегенмен де кей тұстарда актрисатым әсірелеп кететіндей көрінеді.

Премьералық қойылымдарда ерекше есте қалар бейнелер аз  болған жоқ. Солардың бірі  Никулина роліндегі актриса К.Шаяхметова дей аламыз.  Ол сахнада өмір сүреді, әр сөзі анық, шынайы, жүректен шығады. Кейіпкер Никулинаның күйеуінен, өзінен, өмірден жалыққанын актриса терең психологиялық иірімдермен жеткізе білді. Бұл кейіпкерді келесі премьерада Ә.Сайлауова орындады. Жас актриса кейіпкерінің күйеуімен арасындағы келіспеушіліктерден туындайтын ішкі конфликтін,  ажырасудан кейінгі қуанышын пластикамен жеткізуі ұтымды табылған. Дегенмен де, біздіңше, роль өрнегі әлі де айшықтала түсуі тиістей. Өйткені әзірге ішкі психологиялық тебіреніс кемдеу түсіп жатыр.

Театрдың бірнеше буыны қатысатын қойылымдағы рольдердің бәріне бірдей тоқтау қиын, десек те Әйел роліндегі актрисалар Ғ.Әбдінәбиева, Д.Темірсұлтанова, Миронов – Б.Тұрыс, Никулин-Ж.Толғанбай, Шумилов-Ғ.Оспанов, Ж.Садырбаев, Козлов-Е.Дайыров, Керилашвили-Ж.Байсалбековтер шебер ойын көрсеткенін атамай кете алмаймыз.

Спектакльдің лейтмотивіне австриялық көрнекті композитор Франц Шуберттің  «Кешкі серенада» әні алынған. Бұл классикалық  туынды спектакльдің өнбойында кейіпкерлердің көңіл-күйлері мен тағдыр бұрылыстарына қарай әртүрлі рефренде естіледі және ең құндысы – актерлердің өздерінің әсем орындауы екенін баса айта аламыз.

Сахна мейлінше бос, бар болғаны – ортадағы темір кереует және кейіпкерлер қолдарындағы қолшатырлар мен шабадандар ғана. Шабадан көпфункционалды, ол бірде ажырасудың, бірде ірге-тіректің символы. Спектакль соңында кейіпкерлердің барлығы шабандарымен алға шығып, жас отаудың қабырғасын биіктете қалап шығатын үнсіз сахна өте әсерлі.

Сахна өнерінің негізгі бір мақсаты – қоғам мен әлеумет өмірінің көркем бейнесін жасауы, өз уақытымен үндестігі болса керек. Бүгінгі күнмен үңдестік тапқан «Қоштасқым келмейді!..» осы мақсат үдесінен шыққан. Қойылымда режиссердің, сондай-ақ актерлердің де ой-толғам, позициялары шынайы айшықталған.

Театр Кіші залындағы қойылымдарымен  қоғам, адам туралы көрермендерімен бірге ой толғасатын ежелгі жақсы дәстүрі бар. Тым әрі-арыға бармай-ақ, тәуелсіздік жылдарынан айтар болсақ, көзқарақты көрермен жұлдыздай жарқырап ағып өткен талантты режиссер Қ.Сүгірбековтің, сондай-ақ бүгінгі таңда театрда жемісті еңбек етіп жүрген режиссерлер А.Кәкішева мен Е.Нұрсұлтанның осы залдағы қойылымдарын жақсы білсе керек. Жаңа қойылым театр басшысы, белгілі сахна қайраткері  Ерлан Біләлдің жақсы дәстүрді жаңғырта жалғастыруды мақсат етіп отырғанының бір көрінісі дей аламыз. Адамдарды  бір-бірін қадірлеуге, отбасылық, адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге, түсіністікке шақыратын «Қоштасқым келмейді» театр репертуарынан лайықты орнын аларына сенеміз.

“Қазақ әдебиеті” газеті.