КЕЗДЕСУ БАР ӨМІРДЕ, ҚОШТАСУ БАР… немесе «Қоштасқым келмейді…» журналистерді бей-жай қалдырмады

Ақпан айының 6,7,10,14 күндері Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының Кіші залында А.Володиннің «Қоштасқым келмейді…» драмасының премьерасы болды. Әдетте әр премьераны жібермей көретіндердің алдыңғы сапында журналистер қауымы жүреді.  Театр туралы баспасөзде үзбей жазып, телеарналарда көрсетіп жүретін жаны сергек, жақсыға қуана білетін танымал журналистерден жаңа қойылым туралы  пікірлерін сұраған едік.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ:

А.Володиннің терең психологиялық иірімге құрылған «Қоштасқым келмейді…» пьесасы қарапайым мәселені қаузағанымен, режиссер Асхат Маемировтің сахналауында күрделі мақсат қойылуымен көңіл аударды. Некелесіп, шаңырақ құрған сегіз жұп ажырасудың алдында тұр. Олардың  алдында екі тарам жол жатыр: не өзі құрған ұяларын бұзбай, отбасыларын сақтап қалмақ немесе қиялмен жасап алған бейненің соңынан қуып, талайсыз тағдырдан тағы да бақыт іздемек. Бір жарым сағаттық қойылымда қуаныштан бастап қасіретке дейінгі эмоцияның барлық спектрі көз алдымыздан тізбектеліп өтті. Спектакльде бастан-аяқ тұтас өтетін сюжет емес, калейдоскоп сияқты әртүрлі оқиғаларды көреміз. Бәрінің басын қосып, біріктіріп тұрған бір-ақ нәрсе – махаббатты сағыну және сатқындық.

«Адамдардың бәрі сырт көзге бақытты, бірақ олардың әрқайсысы жеке-жеке бақытсыз» деген әйгілі сөздің салмағы осы жерде сезіледі. Бөтеннің алдында бақытты болып көрінетіндердің  бетпердесі судьяның қолымен ысырылады. Басты рольдегі Митяны ойнаған Азамат Сатыбалды мен Абзал Асхатұлының кейіпкерін тануы екі түрлі. Әбден ысылған, тәжірибесі толысқан Азаматтың еркін, қызуқанды, бірбеткей мінезді Митясымен салыстырғанда, Абзалдың Митясы аңғал, әлі беті ашылмаған батылсыз адам. Үй болғалы алғаш рет айғайласып, бірінші рет бет жыртысып, түкке тұрмайтын аңғалдығынан ағаттыққа жол беріп тұр. Осылай еткеніне өзі де өкінеді, Катяны қимайды. Катя –Зарина Карменова мен Салтанат Бақаеваның да ойын өрнегі сахна серіктестеріне ұқсас. З.Карменова мен А.Сатыбалды орындайтын махаббат сахналары ойнақы, ерке, жалынды, өліп-өшкен сезімге оранып әдемі үйлесім тапса, күйеуінен әлі де қымсынатын, үркек Салтанат пен аңғырттығы көп, бала мінез Абзалдың ойынында ол ұяңдығы басым, ұстамдылықпен алмасады. Судья демекші, мұндағылар қабағы түксиіп, көзәйнегінің астынан сүзіле қарап, сот залында іс жүргізіп, қатал шешім шығаратын бізге мәлім судьялар емес және өздері бірнешеу. Әр жұпқа – әртүрлі судья. Олар судьядан гөрі ажырасып жүргендердің жанашырларына көбірек ұқсайды –  сотқа келген жұптарды түсінгісі келеді, оларға ақыл айтады. Әр ажырасу процесінде жаңа судья пайда болған сайын алғашында «режиссердің мұнысы несі, осыншама судьяның не керегі бар?» деген ой туады. Бірте-бірте режиссер А.Маемировтің шартты театр қағидаларын ұстанатынын сезінгендей боласың. Экспериментальды спектакльдерге тән «шарттылықтың» үлгісі осы:  ажырасу процесі бірде сот залында болса, енді бірде шағымданушылардың үйінде өтіп жатқандай әсер қалдырады. «Шартты театр» тәсілдері тек судьяларға ғана байланысты емес, жалпы сахнадағы декорация минимализмі, барлық адамдар кездесіп-қоштасатын вокзалдың лейтмотив ретінде алынуы, сахнаны толтырып отырған 20-30 актердің әрі қоғамдағы көрермен әрі оқиғаға қатысушы болуы, олардың әрқайсының қолындағы шабаданның әртүрлі контексте «ойнауы» («жолаушы адамның сапарлас серігі», «шабадандық көңіл-күй», ең ақырғы финалда «шаңырақ іргесі»), спектакльдің басынан аяғына дейін тап ортада жұбайлардың шаңырағы есебінде қозғалмай тұратын темір төсек пен аспалы электр шамы сынды символикалық тұспалдар, бәрі де – шарттылық. Бастысы, ажырасатындардың мінезі, махаббат туралы танымы. Ал, бұл символдар кейіпкерлердің басындағы ахуалға қарай өз міндетін атқарып тұрады.

Режиссер Асхат Маемиров көрермен сахнаға шыққан әр кейіпкердің тынысына дейін сезіп, онымен жеке өзі сырласқандай екеуара тығыз қарым-қатынас құруына мүмкіндік туғызған. Мұнда режиссер жүрекке түскен сезімнің әрекетке айналуын, не ұлғая келе басқа бір саналы сезімге айналуын, актерлердің бір күйден сан күйге ауысып дамуын барынша көздегені көрінеді. Актерлердің өзінің сезім мұхитында малтығып қалмай, оны көркем шындық жасаудың құралына айналдыра алғанына сүйсіндік.  Залда отырған әр көрермен өзіне ғана мәлім, жүрегінің түбінде жасырынған шындығымен кездесті. Әр кейіпкерден өзін таныды. Бір спектакль үшін бұл аз жетістік емес. 

Айнаш ЕСАЛИ:

Қазір терең сахналық эксперименттер жасай алатын режиссерлерге деген зәрулік бар. Өйткені олар  саусақпен санарлық. Режиссер Асхат Маемиров бүгінгі күннің ең креативті режиссерлерінің бірі. Бұл – оның Қазақ Мемлекеттік Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналаған «Қара шекпен» қойылымын көрген соң түйген ойым еді. Сондықтан да жаңа қойылымға өз басым  жаңа бір дүние көруге  дайындалып бардым. Мектебі бөлек екенін тағы да паш етті. Қойылымда көтерілетін мәселелер  өзімнің де терең қаузап жүрген тақырыбым болғандықтан, спектакль барысында режиссермен, тіпті өз кейіпкерлеріммен сұхбаттасып, дидарласып отырғандай күй кештім. Әдетте біз сияқты көрермендер қойылымнан кемшілік іздеп отыратын бір әдеті бар. Ал кей қойылымдар мендегі кемшіліктерді неге көрмейсің деп көзіңді шұқылайды. Бұл жолы мұның бірі де болған жоқ.

Сахна мен залда отырған адамдар бәрі бірдей сол драманың ішінде жүргендей күй кешті. Көп адам өзін көрді, отбасының тауқыметін тартқан әрбір көрермен ажырасулар мен қоштасулардың қақ ортасына кіріп кетті. Сахна мен зал кеңістігі бірігіп, білдірмей жымдасып бара жатты. Тіпті көрермендердің барлығы дерлік сахнада өтіп жатқан оқиғаларға берілгені сонша, декорацияның жоқ екеніне де назар аударған жоқ. Ал, спектакльдің кеңістігін символикалық дүниелер толтырды. Режиссер  Маемировтің бір ұтқан тұсы осы. Қарап отырсақ, мына өмірде миллиондаған халқы бар мегаполистерде өмір сүріп жатса да, өз төсегінде Никулина (Күнсұлу Шаяхметова) сияқты жалғыздықтан көз жасына шыланып жатқандар аз ба?!

Болмаса күйеуі (Бекжан Тұрыс) «Моцарт, Бах, Бетховен» десе,  ондай «қатындардың» атын естуден мезі болғандар, қысқасы бір отбасында екі тілде сөйлейтіндер ше?

Әрбір отбасының өз трагедиясы бар. Егер жүз адам ажырасса – оның жүз түрлі себебі бар. Ал режиссер осы заманның ең көкейкесті мәселесін барынша шебер жеткізе білді. Жылап отырғандарды күлдірді, күліп отырғандардың ішіндегі мұңын оятты.

Қойылымда театрдың барлық буынындағы тамаша актерлар қатарын  жаңа қырларынан көрінуге мүмкіндік тудырылған. Спектакльде таланттар шеруі салтанат құрды. Біз осыны көрдік. Кіші залда жүрген бір ғана лабораториялық қойылым үшін осының бәрі аз дүние емес.

Спекталкь біткеннен кейін де көзқарақты көрермендер, сахна  өнерінің парқын білетін жандармен пікір бөліскенімде бәрі бірін бірінің аузына түкіріп қойғандай, «Сол сахнадан өзімді көргендей болдым», «Таныстарымды таныдым», «Әрбір сөз маған айтылып жатқандай әсер етті» деген сияқты болып шықты. Суреткерлік шеберлік деген осы болса керек!

Кәмшат ӘБІЛҚЫЗЫ:

Қарашаңырақ  театрдың Кіші залында қойылым тамашалауды ұнатамын. Актерлердің қимыл-қозғалысы, көзінің қайда қадалып, бет әлпетінің қалай құбылғаны, өз ролін қаншалықты түсінгені – бәрі-бәрі алақандағыдай айқын көрініп тұрады. «Қоштасқым келмейді…» драмасының осы залға лайықталып қойылғандығы да ерекше ұнады.

Залда біздер, сахнада бізге қарсы актерлар отыр. Бірі құшақтасып төсекте, бірі шабаданын жастанып жерде жатыр. Спектакльде әдеттегі декорациялар жоқ. Бірақ, сіз декорацияның жоқтығына мән бермейсіз. Өйткені, сахнадағы отыз шақты актердің аурасы, көрерменін зерттей қараған көзқарасы өзге ойларды ұмыттырып жібереді.
Сырт-сырт еткен фотоаппараттың алдында олай да, былай да сылаңдап суретке түсіп жүрген Катя мен арасында сүйіктісін құшып, суретке бірге түсіп, күлімсіреп отырған Митяға қарап, аяқ астынан найзағай ойнағандай ұрыс-керіс болады деп еш ойламайсыз. Катя мен Митяның әдемі махаббатпен басталған әсерлі оқиғасы әдеттегі спектакльдердегідей кіріспе, дамуды былай ысырып қойып, бірден келесі кезеңге өтіп кетеді. Бұл да спектакльдің ерекшелігі деуге болады.

Бірін бірі қуып, бәлкім бір-бірінен қашып жүрген сегіз жұп. Олардың бәрі де басты кейіпкер деуге болады. Олардың әрқайсысына жеке-жеке қойылым қоюға да болады, бірақ режиссер Асхат Маемиров оларға өз тағдырларын таныстыруға бір жарым сағат ғана уақыт беріпті. Осы уақыт ішінде сахнаны билеген басты кейіпкерлердің әрқайсысының образдары әрқилы шықты, әр актер әр түрлі тағдырымен ғана емес, ерекше болмыс-бітімді сомдауымен де көрерменнің есінде қалды. Мәселен, Азамат Сатыбалды – Митя мен Зарина Карменова – Катя жақсы көріп тұрып жек көрудің, қимай тұрып қоштасуға асығудың қандай болатынын жақсы көрсетті. Шынар Жанысбекова – Козлова өнер мен өмірді шатастырып алған актриса рөлін, Еркебұлан Дайыров  қияли әйелге төзіп жүрген қарапайым азамат рөлін әдемі сомдады. Келесі құрамдағы Дәрия Жүсіпте әдемі пластика, қатқан гримм мен костюм, өзіндік мимика бар, бірақ, тәжірибелі актриса кейіпкерінің сөз саптауы туралы ойлануы керек пе дедік.  Сотта күйеуінен қорқып, дірілдеп тұрып, соңында туған күніне сақина алғанда бәрін ұмытып кеткен  Шумилова – Жанаргүл Жанаманованың «күйеуімді кінәламаймын!» деп шаттанатын  образы сәтті шықты деп айтуға болады.

Өмірде де жүрегі нәзік, мейірімді Күнсұлу Шаяхметова жиырма жыл бойы күйеуінің үстіне шаң қондырмай, аялап күтіп, мәпелеп баққан, тіпті туфлиінің шаңын қолымен сүртуді бақыт санайтын мейірімді Никулинаға айналғанда, сіз жақсылықтың парқын білмейтін, Никулинге (Жалғас Толғанбай) ашуланасыз. Cудьямен бірге «Әй, Никулиндер, сендерге не болған?!» деп таңқаласыз.

Осы роль екінші құрамда Бекжан Тұрысқа бұйырыпты. Бекжан актердің тапқырлығы ғой, жаңбырдан қорғанып келе жатып, аяқ киімін тазалап сүртіп, қағазды жерге лақтырып жібереді. Сосын алдында отырған бір көрерменге қарап, ыңғайсыздана күліп, әлгіні жерден іліп ап, қалтасына сала салуы – жалған сыпайылықты әдемі әшкереледі деуге де, көрерменіне тәрбие жүргізді деуге де келеді. Жалпы, осы спектакльде Бекжан актер үш роль ойнайды. Никулин, Миронов және Витя ағай (бірінші құрамда). Көршілерден тыныштық сұрап, мазасын алатын Витя ағайдың жай орнынан көтерілгенінің өзі ерекше. Өз ісінен басқаны білмейтін, сүймейтін дирижер Миронов пен үй тірлігінен қолы тимейтін Миронова (Гүлшат Тұтова). Миронова да өз ісін ерекше махаббатпен жасайды. Үйіндегі айнадай тазалық соның айғағы. Оның тағы бір артықшылығы – ол күйеуін сүйеді! Не нәрсені де соның жағдайын ойлап жасайды. Ал үлкен соры – білімінің таяздығы. Өзі де ол кемшілігін ескермейді, жары да жарына қол ұшын созып, демегісі келмейді. Өмірде мұндай отбасылар көп қой. Бекжан Тұрыс пен Гүлшат Тұтова осыны жеріне жеткізіп ойнады,  түсіндірді десе болады.

Қойылым өте ауыр. Әңгіме қоштасу туралы болса, қайдан жеңіл болсын?! Арасында кей көрермен пыс-пыс етіп жылап отырды. Ал, сахнада қойылымның басынан соңына дейін ботадай көзі мөлтілдеп Күнсұлу ханым жылап отырды. Олардың бұл күні жылағанының еш сөкеттігі жоқ еді, бірақ жанымыз қанша ауырса да, жұбата алар дәрменіміз болмады…
Дей тұра, залдан деміл-деміл күлкі естіліп тұрды. Өйткені, актерлердің өз образдарын ашудағы қолданған кейбір детальдары, дауыстарын құбылтулары шынында да күлкі шақырады.

Қойылым «Адамдар, қоштаспаңдар! Қоштасуға асықпаңдар!» дегенді айтады. Бірақ, мораль оқымайды, қоштасудың қандай қасірет екенін түрлі тағдырлар арқылы жеткізеді. Спектакльдің үлкен түйіні Бейтаныс әйел-Ғазиза Әбдінәбиеваның «Адамдар, өз қолдарыңмен өздерің араларыңа «перегородка» орнатпаңдар!» деген сөздерінде жатыр.

Кезінде Мейрамбек Бесбаев «Бозторғай» деп шырылдап ән салғанда, жетім балалар үйінен бүлдіршіндерін қайтарып алған адамдар көп болған екен. Осы қойылымды көрген соң, шаңырақтарына ызғар ене бастаған талай жан ойланса екен, шешімдерін өзгертсе екен деген тілекпен үйге қайттық. Құлағымыздан біразға дейін актерлар қосыла шырқаған «Кешкі серенада» кетпеді.

Материалды ұйымдастырған

Салтанат ӘБІЛҒАЗИЕВА

“Түркістан” газеті.