«Бейбарыс Сұлтан» спектаклі ағылшын тілінде сөйлеп, адымын ұзартты

Аударма – білім тарататын, мәдениет өлшемі болатын шығармашылық өнер ғана емес, халық пен халықты қауыштыратын, ұлт пен ұлтты дос ететін дәнекерлік міндетке ие дарабоз жанрдың бірі. Тәржіма деген көріксіз көшірме емес, өзге тілде сөйлеу арқылы бірін-бірі танып, идеялар алмасып, өнердің ары қарай тереңдеп, дамуына жол ашатын көкжиегі мол кеңістік.

Асылды алудың адамзат ойлап тапқан ең тамаша тәсілі аударма екенін мойындауымыз керек. Адамзат ойының құнды қазынасы жиналған ескірмейтін классикалық шығармалар антикалық дәуірден бері дүниежүзінің ең айтулы сахналарында күні бүгінге дейін түрлі тәржімалармен жаңаша қойылып келеді. Драманы аудару бір мәселе, ал актерді өз тілінен бөлек, өзге шет тілде сөйлету өнері, ол басқа. М.Әуезов театрының тарихында репертуардағы спектакльді аударып, оны басқа жұрттың топырағына апарып көрерменге ұсыну тәжірибесі бұрын-соңды болмаған. Ю.Ханинга-Бекназардың режиссерлігімен қойылған Р.Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтаны»  ағылшын тілінде сөйлеуі арқылы бас кейіпкері сияқты адымы ұзарып, алысқа, Бресте өткен «Белая Вежа» аталатын театр бәйгесіне барып, бәс тігіп қайтты. Қойылым жоғары бағаға ие болды. Фестиваль соңында қойылымда талқылау барысында сыншылардың бірі: «Қазақстандық бұл қойылым ұлттық, этникалық, тіпті адамның бойындағы ділге дөп тигізетін сезімді оятады. Ал оның қандай театр мүмкіндігімен жасалғаны, ол бөлек әңгіме. Ой қазығы – Отан идеясы. Бұл қойылымның өн бойынан көрініс тауып, аяғына дейін сол сезімінен айырмайды. Қыпшақ даласының иісі, бас кейіпкердің сағынышы, қасірет шегуі атап өтуге тұрарлық. Бұл үшін актерлер де, театр да көп тер төкті. Бұл спектакльдің зор жетістігі. Осы қойылымды көргеніме бақыттымын»,-деді. Сондықтан бұл өнердегі үлкен жаңалық ретінде бағалауға тұрарлық үлкен мәдени оқиға.

Еркін Жуасбек – театр директоры: Қазақ сахна өнерін үлкен халықаралық байқауларда сынап көрудің пайдасы шаш-етектен. Күнделікті ойнап жүрген ролі актерлеріміздің ширауға, ішкі дайындығын байытуға септігін тигізді. Мұндай додаларда өзін ғана емес, басқаларды да көрудің мүмкіндігі туады. «Бейбарыс Сұлтан» –  әрекетке құрылған, сахна сайысы бар, би, сөз, қимыл жұптасқан, осының бәрі жинақталған формада қойылған спектакль. Сценаграфия, яғни сахнаның безендірілуі, бүгінде шартты ұғымға көшіп кеткен. Көп спектакльдер бір ғана шешімнің, бір ғана қазықтың маңында айналатын болса, «Бейбарыс Сұлтандағы» бір жарым сағаттың ішінде сахнаның оқиғасы бірнеше рет ауысып, біресе кеменің келе жатқаны, біресе жел соғып, толқынның ұрғаны, енді бірде соғыс алаңын беру арқылы классикалық сценаграфияны жасай алатынымызды сыншылар тарапы дұрыс бағалады, тіпті мақтауға дейін алып барды. Өйткені өнер мамандар үшін емес, ең алдымен көрерменге арналады. Ал спектакльге көрерменнің біреуі бірінші рет келіп отырса, біреуі мыңыншы рет келіп отыр. Болып жатқан оқиғаға сендіруге деген ұмтылыс декорация, шебер жасалған актерлық ойынның арқасында ғана қол жеткізуге болатыны қадалып айтылды. Қазақ театрының мүмкіндігі айрықша аталып өтті. Жасыратыны жоқ,  бірнеше спектакль көрдік. Мәселен, сахна кеңістігі деген бар. Бір сағаттың ішінде бір тарихи тұлғаны жас кезінен қартайған шағына дейін көрсету керек болса, кейбір театр осының бәрін бір шапанмен көрсете салды. Бұл спектакльдің шынайылығына үлкен нұқсан келтіреді. «Бейбарыс Сұлтан» секілді тарихи тұлғамызды шынайы кейіптеп шығуға бар күшімізді салғанымызды олар жоғары бағалады. Ағылшын тілінде дайындауда әзірліктің барлық кезеңдерінен дұрыс өттік. Абылайхан атындағы Шет тілдер университетінің мамандарымен бір жылдай жұмыс істедік және ол нәтижесін берді. Оған дейін де театрдың өз ішінде ағылшын тілінің мамандарының, осы  тілмен байланысты жоғары оқу орындары студенттерінің алдында спектакльді ойнап көрдік. Мәселе тілде де емес, орыс тілінде ойнаса да, қазақша қойса да, ағылшын аудармасында көрсетсе де, мәселе актердің сол тілде сендіріп образ жасап шығуында.  Актерларымыз шығармашылықтың бұл қырына да бейім екенін танытты. Бұл да сыншылар назарынан қағыс қалған жоқ. Бұл құбылыс емес, бұл бар болғаны жаңа заманғы менеджменттің бір жүйесі. Драма театрының өзі қабылдаған  «Даму тұжырымдамасында» әлемдік деңгейге ұмтылуымыз керек» деген бір тармағын атқардым деп қана есептеймін. Ұсыныстар, тапсырыстар бар. Алдағы уақытта репертуарға енгізіп, ағылшын тілінде ойнап тұруымыз бек мүмкін.

Ермек Бектасов – Бейбарыс роліндегі актер: Өз тарихымызды әлемге таныстыру мақсатымен осы идея іске асырылды. Ал ағылшын тіліндегі аударма спектакліндегі роліме келетін болсақ, жеке өзіме өте қиын болды. Өйткені мектепте француз тілінде оқыдым, ағылшын тіліндегі сауатым «сәлем» мен «сау болдан» аспайтын. Спектакльде Бейбарыс айтатын мәтін сөзі көп, ал мағынасын білмесең, ол жай ғана декламация болып шығар еді. Сол себепті әр сөздің мағынасын түсіндік, орысша-қазақшасын да оқып, үшеуін салыстыра қарадық.  Қазақ тілінде екпін басқы буынға түссе, ағылшын тілінде басқа дыбысқа түседі. Сондықтан алғашқы алты ай ағылшын тілімен танысып, үйренуге кетті. Жанат деген мұғалім апайымыздың арқасында бұрын білмейтін ағылшын тілін он бес-жиырма пайызға меңгердік. Қазіргі ағылшыншам әйтіп-бүйтіп бір ағылшынмен түсінісуге жетеді. Бұл тілге деген қызығушылығым қазір тіпті арта түскендей. Бірақ соңына түсіп, терең үйренуге уақыт тапшы болып тұр. Ағылшын тілін әбден меңгеріп, болашақта магистратураға түссем деген ойым бар. Қазақша спектакльді ағылшынша сөйлету үрдіс бола қойған жоқ, тәжірибе ретінде енді-енді қолға алына бастады. Мысалы, Оразхан Кенебаев ағамыз өзінің курсымен Англияға барып, ағылшын тілінде «Король Лирді» қойып қайтты. Жақсы баға алды. «Белая Вежадағы» фестивальде біздің ұжымның өнеріне көрермендер де, сыншылар да жоғары баға берді. Спектакльдің пластикасы бәрін тәнті етті десем де болады. Қалай болғанда да, мен үшін бұл үлкен қадам болды.

Алмас Шаяхметов – Құтіз роліндегі актер: Тағдырдың жазуымен жат жерде өмір сүрген, бірақ туған жерін жадынан еш шығармаған батыр ұлдың бірі – Бейбарыс. Сұлтанның өмірін арқау еткен спектакльді Брест қаласында  таныстырудағы мақсат, ең алдымен, театрды өзге жұрттың алдында паш ету. Мықты-мықты қойылымдар сайысқа түсті. Жақсы спектакльдермен жолықтық, орташасын да көрдік, көңілге мүлде қонбағаны да болды. Біздің ұтқан жеріміз – Бейбарысты  ағылшынша сөйлеткеніміз. Халықтың қошаметіне бөленді. Біз соны сезіндік. Беларустар қаланың көрікті жерін көрсетіп, сый-сияпат көрсетті, сонда әр елден фестивальге қатысуға келгендер орындарынан тұрып: «Қазақстан, Қазақстан» деп айғайлап, шапалақпен қарсы алып, жылы лебіздерін білдіргенде, жұдырықтай жүрегіміз аттай тулады. Көңілде «Бейбарысты» жақсы ойнап шыққан екенбіз-ау» деген ой қылаң берді. Олардың құрметі соған сендірді.  Әрине, бұл жердегі маман ұстаздарымыздың еңбегін айырықша атап өтуіміз керек. Басында бәрімізге де өте қиын болды. Бірақ аға буын Бекжан Тұрыс ағалар мәтінді жаттап алып, оны қимыл-әрекетпен қабыстырып ойнағанда, бәріміздің ауызымыз ашылып, таң қалдық. Ағылшын тілін енді оқып бастағанымызда, іштей: «Әй, осы кісіге қиын болады-ау» деп ойлаушы едік, жоқ, күмәнімізді күл-талқан етіп, жап-жақсы ойнап шықты. Алпыстан асып кеткен Бауыржан Қаптағаев ағамыз да жол ортасына жеткенде өнер үшін осы тілді үйреніп, намысқа тырысып, аман-есен ролін алып шықты. Ал Дәрия Жүсіп  ағылшынша оқыған, тілді әбден меңгерген, сөйлеуінде еш мін жоқ. Өз басым қатты қиналдым. Мектепте ағылшын сабағын қарқ қып оқымағанымның азабын әбден тарттым. Ал қазір тілді тәп-тәуір түсінемін. Театр тағы бір спектакль қойса, аса қиналмасым анық.                                                

Айгүл Халықова