ЖОЛЫ БОЛҒЫШ ЖІГІТ

Есмұқан Обаев,

Қазақстан Республикасының халық әртісі

 

Абай рөліндегі Азамат

Мағжан ақын айтқандай:

Толқынды толқын қуады,

Толқыннан толқын туады.

Кезең-кезеңімен Әкемтеатрға жаңа буын, жас актерлер келіп жатады. Алғаш­қыда олар­дың бәрі де талантты. Келешегінен көп үміт күтті­реді. Әрқайсысының өз құпия­сы, уақыт өте келе ашылатын жұмбақ қырлары бар сияқты көрінеді.

Бірте-бірте олардың да ішінен үздіктері суырылып шығып, көзге түсе бастайды. Олар көп ізденеді. Тер төгеді. Табиғат берген талантты шың­дап, өнер жолында биіктеп, өрлеп бара жатады.

Кез-келген кәсіптің үдесінен шығу  үшін ерінбей еңбек ету керек екені ежел­ден белгі­лі. Алайда, соған біреу көндіксе, біреу көн­дік­пейді. Неге? Себебі, адамды ынталан­дырып, қызықты­рып  отыратын ішкі бір қуат болады. Ал өнерге ұлы махаббат қажет. Шынайы, таза таланттың өнерсіз өмір сүре алмайтыны анық.

Маған Азаматтың осынау өнер жолын­дағы тынымсыз ізденісі, батылдығы, еңбек­сүйгіштігі, тазалығы ұнайды. Өткен ғасыр­дың соңында, жаңа ғасырдың басында кездескен қиын-қыстау кезеңдерде пайда қуып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен кеткен бірталай  жігіттерді білеміз. Олардың қолы былғанған күні ішкі әлемі, жан дүниесі де былғанары белгілі.

Кейін олардың арасынан ат басын кері бұрып, өнер әлеміне қайтып оралғандары да болды. Бірақ, баяғы таланттың шаңы, тозаңы ғана қалған  бойларында.

Ал мен білетін актер Азамат Сатыбалды (Сұрапбаев) әу бастағы таңдауы мен мақса­тынан айныған жоқ. Өнер әлеміндегі барлық қиындықтарды көрді, көнді, төзді. Жеңді.

Міне, осылай деп сенімді түрде айтуға болады.

Театрда Абай бейнесін сомдау  актер үшін Хантәңірі шыңына көтерілгендей биік абырой.

Біз әңгіме етіп отырған Азамат сондай санаулы да, таңдаулы әртістеріміздің бірі.

Абай бейнесі – үлкен сынақ. Нақтылай түссек, ұлттық, халықтық сынақ. Себебі, Абай бейнесі біздің елдігімізді, рухымызды таны­тады. Сондықтан, Абай бейнесін сомдау актер үшін өз бойындағы барын – асылы мен тұнығын ашып көрсету болып табылады.

Айталық, Қаллеки – Қалибек Қуа­ныш­баев сомдаған Абай – ұстамды, салмақ­ты, данышпан Абай, ал Ыдырыс Ноғайбаев сомдаған Абай – күрескер, жалынды, қайратты Абай, Болат Әбділма­нов сомдаған Абай – өткір, жігерлі, сұсты Абай.

Ал Азамат Сатыбалды сомдаған Абай – ақын, лирик, ғашық Абай.

Мен сіздерге енді, театр шымылдығы жабыл­ғаннан кейінгі өзіміз көретін бір шындықты айтайын.

«Абай» спектаклі аяқталғанда Азамат өз бойындағы барлық қуатын сахнада жұм­сағанын сезіп, әлі құрып, шаршап, ентігіп, бір бұрышқа барып отыра кетеді. Абай обра­зынан шығып, бәз-баяғы күнделікті тірші­лікке қайта оралу оған өте қиынға соғады.

Білесіз бе, бұл – актерлердің актерінде ғана болатын ерекше қасиет.

Маған Азаматтың рухани тазалығы; бес уақыт намазын қаза қылмайтын, ішімдік атау­лы­ны татып алмайтын, темекі тартпай­тын иманды қасиеті ұнайды.

Адам баласының кейде ненің зиян, ненің жаман еке­нін көріп-біле тұра, содан бас тартпайтын пендеші­лігі болады. Сон­дықтан да, Азамат секілді талантты, таны­мал жігіттің мынау дүние-тіршіліктегі алуан түрлі думанның орта­сында жүріп те арзан, өткінші қызықтарға ал­данбай, бойын аулақ ұстайтыны — өз заман­дас­тарына үлгі болар­лықтай жақсы қасиет.


Ұлы мен ұры 

Көрермен сахнадан бүгінгі пробле­ма­ларды көргісі келеді. Себебі, оның жанын күйзел­тетін де, қуантатын да бүгінгі, көз алдымыз­дағы көріністер.

Бұл ретте, біздің әкем­театрда қойылған ірі дүние­лер­дің бірі — көрнекті жазу­шы, драматург Төлен Әбді­ковтің «Ардагер» атты пьесасы. Оны біз  «Ұлы мен ұры» деп атадық.

Алғашқы туатын сұрақ: «Пьесаның атауы – «Ар­дагер» болса,  спектакль неге «Ұлы мен ұры» деп аталады?» болса керек.

Себебі, сахна өнерінің ежелден келе жатқан және ешқашан ескірмейтін бір тәсілі – жарнама. Сон­дықтан да, «Арда­герге» қара­ғанда «Ұлы мен ұры» деген тақы­рып жұртты қызықтырып, театрға шақырып тұрады-ау деп ойладық.  Бірақ, мәселе оның атында емес, затында екен­дігіне дау жоқ. Төлен секіл­ді терең ойлы, өткір драматургтің шығар­масын көруге зиялы, көзі ашық көрер­мен онсыз да ағылып келеді. Әйткенмен, оның шығарма­ларымен әлі танысып үлгермеген жастарды да ескеру керек емес пе.

Қысқасы, «Ұлы мен ұрыға» келген көрер­мен ойланбай, толғанбай кетпейді. Себебі, тақырып – бүгінгі күннің өзекті, өткір проб­лемасы.

Кешегі кеңестік жүйенің ішінен шық­қан әке мен баланың, аға ұрпақ пен жас ұр­пақтың айты­сы, тартысы, сұхбаты. Мұн­да бірін-бірі аяусыз айыптау да, өткен-кет­кенді өз көзқарасы, өз ұстанымы тұрғы­сынан талқы­лау да, ең бастысы, ағынан жарылып, ашығын айтып, бүкпесіз сырласу да бар.

Міне, әке мен бала арасындағы мына бір диалогқа қараңызшы.

Ардагер. Рас, біз жақсы қазақ бола алмадық. Заман жаман болды ма, әлде заманға күйлеп біз жаман болдық па – қалай десең де, одан біздің құнымыз ар­тайын деп тұрған жоқ. Бірақ, қандай бол­сақ та, қазақ екеніміз анық. Ал бізді іске алғысыз қылып отырған – мына сендер тіпті қазақ емессіңдер ғой. Түріңе неге қарамайсың? Бір сөзді қазақша айтсаң, екі сөзің орысша. Кімге кінә артқандайсың?

Ұлы. Оған да сен кінәлісің. Мен орыс мектебіне өзім барғам жоқ. Апарған – сен.

Бұл шындық па, шындық. Және қандай ащы шындық десеңізші!.. Ал енді, мынау  шындыққа назар аударыңызшы.

Ұлы. Мен сені құдайдай көрдім. Сенің кітап­тарыңды оқып ержеттім. Әсіресе, 37-38 жылдары атылып кеткен үзеңгілес әріптесің, өзіңнің айтуынша, жақын досың туралы жаз­ғандарың шынайы достықтың, риясыз кісілік­тің белгісіндей көрінетін. Осындай бір мамы­ражай тіршілігім бір күні тас-талқан болды…

Ол кезде репрессия тақырыбына қалам тартып жүрген кезім. КГБ-дан рұқсат қағаз алып, екі аптадай сотталған, атылған адам­дарға байланысты құжаттарды ақтардым. Заманның қаталдығы мен пенденің сат­қындығын көзіммен көргендей болдым. Жерді ойып жіберердей шіреніп жүрген бүгінгі көзі тірі талай жақсы­лар­дың опасыз әрекеттерін әшкерелейтін құжат­тарды көріп, жүрегім айныды. Әйтсе де, бұлар­дың бәріне шыдамдылық таныттым. Оның үсті­не, өмірдің шын бейнесін, тарихтың ақи­қатын аштым деген оймен өзімді-өзім жұ­батқандай бол­дым. Бірақ, одан кейін өзімді-өзім жұбатуға шамам келмей қалды. Мен жаңағы жақын досыңды айыптаған адам­дардың ішінен сенің де қолыңды көрдім.

Міне, осылай деп, шындықты бетке айта­тын «Ұлы мен ұры» спектакліндегі ұлдың образын Азамат өте тамаша сом­дады. Кәдімгі, қазақи ұғыммен айтқанда, бұл оның «оң жамбасына» келген рөл болды.

Себебі, мұндағы ең үлкен проблема оның қалада өскен замандастарының барлығына дерлік ортақ еді. Сондықтан да, оны Азамат өз жүрегінен өткізіп, ыстығына күйіп, суығына тоңып ойнады.

Ашығын айтқанда, ол сахнада ойнаған жоқ, өмір сүрді. Премьерадан соң Аза­матқа риза болған автор: «Мына жігіт менің көңілім­дегі бейнені көз алдыма әкеліп, өз кейіпкерімнің өмірде қандай болғанын анық көріп-біліп кетіп бара жатқан­даймын», — деп еді толғанып.

Бұл, әрине, Төлен секілді зиялы, талант­ты, біртуар тұлғаның Азаматқа берген өте жоғары бағасы.

 

Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ

"Алматы ақшамы" газеті.