«Жаужүрек» немесе толғағы қатты туынды

 Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ драматургиясында көбіне тарихи-классикал
alt
ық қойылымдар  төбе көрсетіп келеді. Оның дәлелі соңғы кезде әкемтеатрда Есмұхан Обаевтың  режиссерлігімен қойылған– «Абай»  спектаклі. Сонымен бірге кеше ғана Ес-ағаның сахналауымен тұсауы кесілген –  «Жаужүрек» драмасы. «Жаужүрек» – 2010 жылғы «Тәуелсіздік толғауы» байқауында бас жүлде алған пьеса. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Дулат Исабековтің бұл шығармасы академиялық драма театрында мемлекеттік грантты жеңіп алған. Тұсаукесердің, әсіресе, алғашқы күні залда ине шаншар орын болмай, көрерменнің біразы екінші қабаттағы балконға зорға сыйысты.

      Дулат Исабеков, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы, «Жаужүрек» пьесасының авторы:
         Осы жолы көңілімнен шықты ғой. Осыған дейін қанша айқайлап, дауысымыз қарлықты. Қанша кеңірдегімізді жыртып, айқайластық. Дайын қойылымды көріп отырған көрермендер үшін көп нәрсе аңғарылмайды. Театр ұжымы көп еңбектенді. Бірнеше рет өзімнің ескертпелерімді айттым. Көптеген тастап-тастап кеткен жерлерін қайтадан салдырттық. Әлде де бір «әттеген-айлар» бар. Онсыз ешнәрсе болмайды.

         Пьесада Сүтемгенді тепкілеп, сабай беретін жері жоқ еді. Ол: «Сендерді ұстағалы жүр, сақ болыңдар!»-дейді. Ал, қыр басындағы  Балуандар америкалық «блокбастердегідей» тепкіледі кеп. Есмұхан Обаев қасымда отырған. «Осы жерін қайта қарашы»,-дедім. Өйткені, аямай, тым қатты тепкілеп жатыр. Ол қайта бұларды сақтандыруға келді ғой. Жанын шүберекке түйіп, басын қауіп-қатерге тігіп келіп отыр. Сонсоң анау Татьяна – өте үркек қыз. Режиссерлер көрермен жастарға ұнаудың жолын осылайша табады-мыс. Жастарға не ұнамайды? Қаршадай орыс қызының батырды аймалап, тіпті, ернінен сүйетін жері бар. Бұлай болмауы керек. Өйткені, ол – 17 жасар, өмірден қиындық көрмеген асау қыз. Бірте-бірте көптеген эпизодтар түсіп қалыпты. Бірден «Маған үйленер ме едің?» деген сәтке жету үшін үш күн бойына оның арасында талай оқиғалар бар еді. Бәрін уақыт өте келе қалпына келтіретін шығармыз.
        Көп толқыдық. Есмұханның жүрегі менен де қатты тулап отырған болуы керек. Шымылдық ашылғаннан «Е, бісміллә» деп отырды. Бұл да – өзінің перзенті ғой. «Жаужүректің» толғағы қатты болды. 38 жыл сахнадан түспей келе жатқан «Әпке» пьесасы алғаш қойылғанда дәл бұлай толқымағанмын. Толғағы қатты туындының тағдыры қалай болар екен деп қатты алаңдадым. «Қап, әттеген-ай, мына жері былай болуы керек еді. Ертең барып, айтайыншы»,- деймін. Таңертеңнен жұмыс күнін осы театрдан бастаймын. Әрине, режиссерлер онымды ұната бермейді. «Келмей-ақ қойшы»  дейтін де кездері болады. Менің  жауабым: «Немене, ұрылар сияқтысыңдар ма?»-деп жүріп, ақырында тіл табысып кеттік.

    
alt
  Қоюшы-режиссер Есмұхан Обаевтың театрдағы «Жаужүрегі» – драма жанрындағы спектакль. «Драма екі нәрсенің тартыс-күресі: тағдыр мен адамның, ар мен міндеттің, табиғат пен мәдениеттің, жақсылық пен жамандықтың, зұлымдық пен ізгіліктің...», -деп келетін Жүсіпбек Аймауытовтың «Театр кітабы туралы» («Қазақ тілі», 1922, 25-қаңтар) мақаласындағы үзіндіден драматургиялық тартыстың спектакльде басты рөл атқаратынын ұғынамыз. Негізі шығарма желісі бойынша патшалық Ресей империясының Қазақ елін отарлау процесі, яғни алып империя мен сайын даладағы қаймана қазақтың кереғар қарым-қатынасы, қайшылықты іс-әрекеттеріндегі тартыс мотивтері– басты кейіпкерБалуан бейнесі арқылы беріледі. Премьера басталғанда кәнігі көрерменнің  зердесінде бір-ақ сауал тұрды: Балуан Шолақ (шын аты – Нұрмағамбет) өз заманында кім болған? Екі бөлімнен тұратын спектакль желісі бойынша Балуан патша заманында Көкшетаудағы жергілікті халықты шұрайлы, нулы-сулы жерлерден ығыстырып, орыстарды қоныстандыру саясатына батыл қарсы шыққан қазақ. Қарсы шығып қана қоймай, мойымай күрескен батыр. Драмада Қарқаралы бәйгесінен жеңімпаз боп оралған Нұрмағамбеттің жүлдесіне халқы ел-жұрт болып қуанады. Осындай қуанышты сәттің үстінен түскен сегіз ояздың аға сұлтаны  паң Нұрмағамбет кіші Нұрмағамбетке саусағының шолақтығын айтып, балуандығын да ескере «Балуан Шолақ» деп ат қояды. Сол сәттен бастап ол Нұрмағамбет емес, Балуан Шолақ атанады. Пьеса авторы Дулат Исабеков осы орайда былай дейді: – «Сахналық безендірілуі мен актерлердің ойнауы, бәрі-бәрі көңілімнен шықты. Тек көңіліме қоныңқырамағаны, паң Нұрмағамбеттің рөліндегі А. Бектемірдің сөздері әлі анық емес. Айқайлап кететін жерлері бар. Паң олай сөйлемеуге тиіс. Сараң әрі баяу сөйлеуге керек. Ал актер А. Бектемір орнынан атып тұрып сөйлей береді. «Паң» деген аристократиялық биліктің ең жоғарғы үлгілерінің бірі. Айналасындағылар оған қол беріп, амандасу үшін де рұқсатын сұраған. Не дегенмен, сегіз ояздың аға сұлтаны болған ғой. Бұл пьеса алғаш Петропавлда қойылған-тын. Сол кезде паңның рөлін Біржан деген жігіт керемет ойнаған еді. Өзі театрдың көркемдік жетекшісі, Обаевтың шәкірті. Нағыз паң сол болды.  Сол  паңды қайта-қайта көргім келеді».
       
alt
Балуанның жүлдесі паңның бұйрығымен бүткіл жатаққа үлестірілгенде, батырға шын сүйсінгендердің арасынан суырылып, самаладай жарқыраған ақ көйлек, қызыл бешпенттегі Ғалия-қыз сахна төріне халық әні «Гауһартасты»  майдақоңырлатып шыға келді. Бұл ән актерлер ойынына лирикалық, сұлулыққа толы көркем пафос сыйлағандай. Екі иығына екі кісі мінгендей Балуанға Ғалия-қыз жапқан патсайы шапан сол думандағы дүйім қазақ атынан жабылған сыяпат-тын. Ал, Балуанның бәйбішесі Балқашты бұл шапан мұңға орандырды. Ерін жатқа қимаған Балқаш пен Балуан арасындағы екеуара диалог әу бастан драманың шымырлығына меңзеп тұрғандай. Осы тұста айта кетерліктей режиссердің тапқырлығын байқататын маңызды жері бар. Ол – Қаймақтының мекеніне жау шапты дегенде, орта жастар шамасындағы Балқаш бәйбішенің: – Ел қырылып жатқанда, Балуанның әйелі үйге тығылып жата алмас, -деп, ұзын қосауызды иығына іліп, шайқасқа өз еркімен аттанатын тұсы. Қай заманда да қазақ қыздары жігерлі, батыл, қайсар болғандығын режиссер де бір Балқаштың ширақ мизансценасымен-ақ ұғындырғысы келгенін бірден аңғарасыз. Қазақ даласындағы осындай бір оқиғалық көріністерден соң, қойылым желісі дереу Долгоносовтар сарайындағы екінші оқиғалық тізбекпен байланысып кетеді. Авансценасында ең алдымен Ресейдің самұрық белгісіндегі елтаңбасы ілінген Көкшетау уезі бастығының сарайында ойналатын мизансценалар да ерекше. Мәселен, Т.Долгоносов-Асылбек Боранбайдың әйелі – Елизавета 
alt
Петровна рөліндегі танымал актриса Дария Жүсіп өз кейіпкерін тартымды етіп алып шықты. Әсіресе қылықтылықпен күлгені, наздана әндеткені өзіне жарасымды-ақ. Сонымен бірге С.Троицкийдің рөліндегі белгілі актер Дулыға Ақмолда кейіпкер характерін жемтігін қақпанға түсірген қырағы мысықтай кейіпте, ұқыпты әрекеттерімен ашты. Түпнұсқа-пьесада оқырман-көрерменді селт еткізер тұстар жетерлік. Бірақ та режиссер Обаев астың дәмін келтірер тұздықты жерлерін алған. Троицкий мен оның әйелі Екатерина ІІІ Долгоносовтарға қонаққа келгенде мәре-сәре болып ас күтіп отырғанда, отағасы Терентий Яковлевичтің қызметші Марфаға қарата айтқан мына: –  Сенің қазірің орысша «қазір» ме, жоқ, әлде қазақша «қазір» ме?-дейтін зілді сөздерінен отарлаудың нақ белгілерін көзіміз көреді. Осындай кекету-қағажудан өзге ол заманда халқымыз не естіп-көріпті дейсіз?! Тарихи шындықтың театрдағы тағы бір көрінісі. Драманың шарықтау шегі Балуанның ояздың сарайына келуінен басталады. Халқының күрескер ұлы осы заманғы смокинг киініп, қаққан қазықтай болып келді. Қазағының жоғын жоқтап, мұңын айта келді. Яғни, өз жерімізді өзімізге қайтару мәселесін «оязың бар, өзгең бар» демей, төтесінен қоя білді. Балуанның қойған шарттарына Долгоносов әсте келісе қоймайды. Шарт-бұрт қапаланған басты кейіпкер Ерлан Біләл қолын бір сілтеп, жолында кездескен солдаттарды бір-ақ итеріп, құлатып салған оқыс әрекетінен кейін көрермен ары қарайғы оқиға дамуын асыға күтетіні даусыз. Одан соң келісімге келмегеннің көкесін жалғыз қызы – Татьяна ұрланғанда көреді. Ендігі Балуаннан алған хаттағы шарттарға үнсіз бас иземеске амалы қайсы?! Содан кейінгі оқиға қазақ даласындағы орманда, тауда өрбиді. Таудың шырқау шыңында өткен үш күн, үш түнде ерке, үркек орыс қызы Татьянаның Балуан іспетті қазақтың атпалдай азаматына ғашық болуы заңды нәрсе сияқты. Бұл арада сал, сері Балуанның сүйген жары мен туған-туыстары түрмеде еді. Балуанның кеңпейілділігіне, ақылдылығына, батырлығына құлай, ессіз ғашық болған Татьяна-Салтанат Бақаева қазақ халқын бұдан былай ерекше құрметтейтіні аян. Бұл дегеніңіз, драма соңында Балуан-Ерлан айтқандай, «Татьянадан туған балалар қазақты бір кісідей қастерлейтін болады».

Ерлан Біләл, актер:

        Әрбір сахнаға шыққан сайын «көңілден шықсын» деп жұмыс істейміз ғой. Бірақ та, кейде жете алмай қалып жатқан жерің болады. Ал, жеткен жеріңде кемшіліктер де болуы ықтимал. Оның жөні, жолы солай. Өзіміздің ойдағы мақсатымызды  90-95 пайызға алып шыққан шығармын деп ойлаймын. Мұның барлығы  – залда отырған көрермен қауым мен театр сыншыларының еншісіндегі пікірлер. Бұл – мен үшін айтулы кезең, бақытты сәт. Өйткені, Балуан Шолақ өзінің бүткіл болмысы, күрескерлігі, үлкен азаматтығыменен ерекшеленетін тұлға.  Оның бойындағы қасиеттерді дүйім қазақ біледі. Басқа рөлдерім – бір төбе де, Балуаным –  бір төбе. Өмірде де, мен үшін де, сахнада да солай. 

      Барлық оқиғалар тізбегін құзар шыңның басына әкелудегі шығармашылық то
alt
п ойы да өзінен-өзі түсінікті. Декорациялық шартты шешімі мен музыкасы, актерлердің костюмдері динамикалы драмаға дәл үйлесіп тұр. Ал, енді режиссердің өзінің түсіндірмесіне келер болсақ, Есмұхан Обаев бүй дейді: – «Мынау бүгінгі тәу етіп отырған тәуелсіздігіміз бүгін келген жеңіс емес. Бұл қойылым осы еңселі еркіндігіміз жолындағы Көкшетауда басталған дүрбелең кезіндегі күрескер Балуан Шолақтың іс-әрекетін баяндайды. Сонау Ақан сері, Біржан салдардың ізбасары, ақын, композитор, сері, балуан  әрі күрескер Балуан Шолақтың іс-әрекетін баяндайды. Сонау Ақан сері, Біржан салдардың ізбасары, ақын, композитор, сері, әрі балуан күрескер Балуан Шолақ патшалық Ресейдің Қазақстанға көрсеткен зорлық-зомбылығына төзе алмайды. Спектакльде басты кейіпкердің тек қана шығармашылық қыры  қамтылмай, күрескерлік қасиеті де баян етіледі. Ішінде ән көп. Ол жәй ғана ән емес, анау басты рөлдегі актерді толықтыратын, көрерменге жақсы атмосфера беретін көркемдік дүние. Балуан рөлін алғашқы күні жетекші әртісіміз Ерлан Біләл ойнайды. Серілігі мен қызуқандылығы басым Балуанды көрсетеді. Екінші күні актер Берік Айтжанов оның батырлық қырын көрсетуге тырысады. Ал, жас актер Даиров орындайтын образ – мүлде басқаша. Яки, романтикалық пафостағы тұлғаның рөлін сомдайды. Қай әртіс қай трактовкада ойнаса да – бір бейне. Бұл қойылымның маңыздылығы да сол, Балуан Шолақтай тұлғаның образын ашуға құрылған. Бір жағынан кинодраматургияға тартатын дүние.
         Сахна әлеміне келер болсақ, көпсуретті көрініс. Біресе көк шөп, енді бірде орыс оязының сарайы. Бірде елді тонау, тағы да босқындық, сондағы жүрген солдаттардың ширақ әрекеттері, т.с.с. динамикалы түрде шиеленісе түседі.
         Қойылымның дайындалып, сахнаға шығуына 4 ай уақыт кетті. Бұл аз уақыт емес. Бір жағынан, мынандай тарихи-классикалық қойылымға көп те емес.
         Пьесадан айырмашылығына келсек, дәл жазылғанындай қою мүмкін емес. Бұл – театрдың, қоюшы режиссердің сахналық нұсқасы. Пьеса авторы – Исабеков, спектакльдің авторы – театр».
        
Әшірбек Сығай, театр сыншысы:
 
      Жалпы, мен алғаш премьераларға көп келе бермеймін. Бірақ, бүгін келгеніме өкінбеймін. «Тәуелсіздік толғауы» деген конкурста қазылар алқасының төрағасы болғанмын.  Сол кезде «Жаужүрек» пьесасы бас жүлдені жеңіп алған еді. Бұл жолы сол нәрін жоғалтпапты. Өзінің кеңтыныстылығымен, жауырындылығымен, үлкен ауқымдылығымен, сценографиялық көріністерімен спектакль маған ұнады. Әртістердің өз сахналарын меңгеру жолында көп еңбектенгені көрініп тұр. Губернаторлардың үйіндегі сахналар, сол сияқты тау басындағы Балуан мен басқа да кейіпкерлер арасындағы диалогтардың барлығы да  шындыққа сай. Әртістер нанымды ойнайды. Әсіресе, Балуанды ойнап жүрген жігіт Айтжанов өз рөлін жақсы шығаруға тиіс. Маған ұнады. Ал, күлу сияқты сезімдерді беретін жерлерінде әлі олқылықтар бар. Күле алмайды. Балуан күлгенде бүкіл тау, тас жаңғырып кетуі керек. Губернатордың үйіне керемет, кәдімгі осы заманғы костюммен шығуы сәл көңіліме біртүрлі көрінді. Бірақ, қашанғы қазақтарды алба-жұлба қылып көрсетеміз деп ойладым. Мәселенки, Жаяу Мұсалар галстук таққан, зиялы орталарда сөйлеген. Ән айтқан. Орысша білген. Абай да солай, мысалы. Біздің қанымызда бар нәрсе ғой. Соны ойға алдым да, оған кешіріммен қарадым. Театр тілінде «предполагаемое обстоятельство» деген ұғым бар. Тосын іс-әрекеттер. Бар даусымен тау ішін жаңғырықтырғанда, оны лезде тауып алмай ма? Тау ішінде біреу жан дауысымен айғайлайды. Ал, оны іздеп жүрген көз көп. Сондықтан, сәл тайқып кеткен. Таня мен тау-тас еститіндей ғана ән салуы керек еді. Осы эпизод ойландырып тастады. Сосын әрлеу, гримдену жағын жөндеу қажет. Костюмдерді енді аянбаған. Өздеріңіз көрдіңіздер, әрбір сахнада  түрлі-түрлі киімдерді ауыстырып шығып жатты. Жалпы, сценографиялық көрінісі өте жақсы. 
      Спектакль бірте-бірте орнына түседі. Болашағы жақсы болуға тиіс деп санаймын. Көрермен жақсы қабылдап отыр. Жұртшылық есі кете, беріліп қарады. Мұның бәрінен шығатын қорытынды –  әртіс қауым мен көрермен арасында байланыс пайда болды деген сөз. Сөздері де анық. Режиссердің бұл жағына көп назар аударғаны байқалып тұр. Музыкалық жағынан да кішкене бір әсерге бөлейтін, серпін беретін спектакль. Мажорлық, көп дыбыстардың қосындысы ретінде жанды баурайтындай, сол атмосфераны, оқиға ауасын беретіндей музыкалық безендірілуі де жақсы деп ұйғардым. 

     
alt
Дәл бүгінгі ақ таңға дейін қазақ театр сахнасында, соның ішінде әкемтеатрда қойылған біраз тарихи-пәлсафалық пьесалар белгілі. Мәселен, «Қамар сұлу», «Бәкей қыз», «Абай», «Көшкін», т.б. іспетті қойылымдар белгілі бір кезеңдік сипатымен айрықшаланады. Сол үшін де көзі қарақты көрерменге құнды дүниелер. Сондай спектакльдер арасында кейінгі уақытта залдағы қарапайым көрерменнен танымал театр сыншыларына дейін көңіл тұшындырғаны – «Жаужүрек». Белгілі театр зерттеушісі, марқұм Бағыбек Құндақбайұлы өзінің «Заман және театр өнері» атты кітабында: «Өнердің басқа туындыларына қарағанда, спектакль ғұмыры уақытпен өлшенеді. Театр – өзінің жаратылысында қазіргі болмыс, бүгінгі күннің, қас-қағым сәттің өнері. Спектакль өмірі қаз-қалпында қайталанбайды. Ол бүгін бар да, ертең жоқ», -деп жазады. Расымен де, біз әңгіме етіп отырған «Жаужүректің» ғұмырының қаншалықты ұзақ немесе қысқа боларын уақыт анықтар. Осы орайда театр сыншысы, әдебиет зерттеуші Әлия Бөпежанова мынадай пікірін қосады: – «Өнерді әдебиет, кино, театр деп неге бөледі? Өйткені, әрқайсысының өзінің белгіленген заңдылықтары бар. Пьесаны сахналағанда, оның кей эпизодтары ықшамдалуы мүмкін. Әрине, автормен келісе отырып. Әдебиетте 5-10 беттегі суреттемені кинода бір кадрмен, театрда бір атмосферамен береді. Сондықтан, пьесадан ауытқымай қалу деген шарт емес. Театр деген – шартты өнер. Бәрін қаз-қалпында қоя алмайсыз. Біріншіден, сахнадағы сценографияны оқи білу керек. Ал, «Жаужүректің» сценографиясына, драматургиясына, музыкасына да көңілім толды. Қойылым маған ұнады». Ал, залда спектакльді қызыға тамашалап отырған көрермен Әбутәліп Тұңғышбайұлы Қарағанды облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылынан Алматыға жұмыс бабымен келген екен. ««Жаужүректің» премьерасы болады»  дегенді естіп, академиялық театрға асыққанын айтады. – « Өзім театрды, соның ішінде осындай тарихи дүниелерді жақсы көремін. Бұл жолы да тарихымыз айна-қатесіз көрсетілуде. Бүгінгі кітап оқымайтын ұрпаққа өнеге болар тұстары жетерлік екен», -деп ойын сабақтады орта жастар шамасындағы ағамыз. Міне, «халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, Дулат Исабековтің «Жаужүрегі» – қазақ драматургиясындағы тарихи қойылымдар легінің жаңа бір белесі. Бұған дейінгі театр еңбегі  елеусіз қалмақ емес, әрине. Бағыбек Құндақбайұлының сөзіне сүйенсек, «бүгін де бар, ертең де рухани сұранысқа ие болатын» қойылымға айналса, баршамыз үшін ғанибет емес пе?!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

 («ALASH-ұлт патриоттар жалғасы» республикалық журналынан алынды)