Жаңа қойылымдар жөнінде...

1995 жылдан бері Қазақтың М. Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театры Халықаралық мереке қарсаңында «Театр көктемі» фестивалін өткізуді дәстүрге айналдырды. Әр жыл сайын театр өнеріне еңбегі сіңген қайраткерлердің есімімен әспеттелетін фестиваль биыл КСРО халық артисі, ҚР Мемле­кеттік сыйлығының лауреаты, профессор Шолпан Жандарбековаға арналды. 20-25 наурыз аралығында өткен өнер мерекесі театрдың бүгінгі бағыт-бағдарын анықтаумен қатар, бір жыл ішіндегі жетістіктер мен ізденісті саралаудың таразысы іспеттес. Өнертанушылардан құралған қазылар алқасы «Театр көктемі – 2012» театр фестивалінде Д.Исабеков­тың «Жаужүрек» (реж. Е.Обаев), М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» (реж. О.Кенебай), И.Сапарбайдың «Қыз мұңы» (реж. Е.Обаев, Т.Аралбай), С.Асылбекұлының «Империядағы кеш» (реж. А.Кәкішева), М.Әуезовтің «Қилы заман» (пьесалық нұсқа: Н.Оразалин, реж. Ә.Рахимов) қойылымдарын сарапқа салды. Қазылар алқасының мүшесі Бақыт Нүрпейістің осы бес қойылымды талдаған материалын ұсынып отырмыз.

Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан бұл фестивальдің негізгі мақсаты: театрдың бір жыл ішінде жұртшылық назарына ұсыныл­ған спектакльдерінің көркемдік деңгейін айқындап, театрдың шығармашылық процесіне барлау жасау, репертуар түзудегі, сахнаға шығарма таңдаудағы эстетикалық талап-талғамын бағамдау. Осы тұрғыдан саралайтын болсақ, бір жылдың ішінде театр репертуарына Д.Исабековтың «Жаужүрек», М.Әуезовтің «Қилы заман» (сахналық нұсқасын жасаған Н.Оразалин), М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек», С.Асылбекұлының «Империядағы кеш» және И.Сапарбайдың «Қыз мұңы» лири­ка­лық драмасы қосылды. 
Осы шығармаларға қарап-ақ қазақ сахна өнерінің қара шаңырағына айналған өнер ордасының ұстанған бағыт-бағдарын аңғару қиын емес. Ең бастысы, театр өзінің академиялық деген статусына лайық репертуар саясатын дұрыс түзіп, замандас­тарымыздың көркемдік-эстетикалық та­ным-талғамын ұштауда белсенділік көр­сетіп келеді. 
Фестиваль күндері барлық спектакльдерде аншлаг болып, көрермендер үлкен ықыласпен тамашалады. Фестиваль шы­мыл­дығын ашқан Д.Исабековтың «Жау­жүрек» драмасының сахна төрінен орын алуының маңызы зор деп есептейміз. Балуан Шолақтай «сегіз қырлы, бір сырлы» ел ардақтыларын бүгінгі ұрпақтың жадынан өшірмеу үрдісі өз жалғасын таба беруі тиіс. Сонау 1926 жылы кәсіби театр шаңырақ көтерген кезде режиссер Жұмат Шаниннің «Арқалық батырды» сахнаға шығаруы тегін емес еді. Сол режиссерімізден басталған дәстүр бүгінгі күнге дейін жалғасып жат­қаны құптарлық іс. 
Шығарманың идеялық мазмұнын, көркемдік ерекшеліктерін, жанрлық түрін терең түсінген режиссер ғана оның өзіне лайық пішінін табады. Е.Обаев «Жау­жү­ректі» қаһармандық драма үлгісінде шешіп, кең масштабты, эпикалық спектакль жасап шығарды. Спектакльдің табысты болуына Е.Біләл (Балуан Шолақ), А.Боранбай (Долгоносов), Д.Жүсіп (Елизавета), Д.Ақ­молда (Троицкий), Н.Қарабалина (Екатерина), Цирк директоры –Б.Маңжігітов, т.б. актерлер үлкен үлес қосты. 
М.Әуезовтің «Қилы заман» туын­ды­сы­ның репертуарға қайтадан келіп қосылуы да бүгінгі жас ұрпақ үшін аса қажет демекпіз. Қойылымда аса үлкен қоғамдық-саяси әлеуметтік мәселелер кеңінен қамтылған. Ә.Рахимов туындының идеялық мазмұ­ны­на барынша бойлап, 1916-шы жылғы қазақ даласында болған ұлт-азаттық көтерілістің мән-мағынасын ашумен бірге, халқы­мыз­дың туған ел, туған жер қадірі туралы ойларын алға тартты. Ресей басқыншыларының отаршылдық саясатына қарсы шығып, өзінің елі мен жерін, тілі мен дінін қорғау жолындағы күрес – спектакльдің үзілмес желісі, идеялық түйіні болды. 
Спектакльде Жәмеңке рөлін ойнаған Б.Тұрыс, Ұзақ батыр – С.Мерекеұлы, Хлыновский – Ш.Үркімбаев, Рахымбай – 
Ж.Тол­ғанбаев, Қара жаулықты ана – К.Шаяхметова, Нүке – М.Нұрәсілов өз кейіп­керлерінің психологиялық тебіре­ністерін, сезім иірімдерін иланымды шығарды. 
Поэзия әлемінің қыр-сырын жетік білетін И.Сапарбайдың желтоқсан тақырыбына арнап «Қыз мұңы» деп аталатын лирикалық драма жазуы құптайтын жәйт. Себебі, ұлт мүддесі мен ел Тәуелсіздігі жолында мерт болған қазақ жастарының трагедиясын қозғайтын пьесалар қазақ драматургиясында тым аз. Театр ұжымы­ның аталмыш драмаға қол созуының түпкі мақ­саты да, тақырыптың өзектілігімен ұшта­сып жатқандығында болды.
Спектакльдің көрермендерге ой салары сөз­сіз. Дегенмен де, пьеса драма шарт­тылық­тарына бағындырылмаған. Оқи­ға­сында тұтастық жоқ, барлығы бөлшектеніп кеткен. Кейіпкерлердің даралық қасиеттері ашылмаған. Пьеса олқылығы режиссер Т.Аралбайдың көсіле жұмыс жасауына ке­дергі келтірген. Атап айтар болсақ, сах­надағы оқиғалар бір-бірімен байланыспай қалған. Әсіресе, түнгі клубта өткізілетін Сағыныштың (Г.Шыңғысова), туған күн кеші жасанды шықты. Тойға жиналған жастардың әрекеті нанымсыз, қолдан қиыстырылған. Спектакльдің музыкалық партитурасында жанр табиғатына лайық үндестіктер болғанымен де, фонограммамен айтылатын әндер тым көп. Бұл спектакльдің ырғақ-екпінін бәсеңдетіп, уақытын тым ұзартып жіберді.
Спектакльдің басты кейіпкері Ғазизді (А.Сұрапбаев) тергейтін сахнада ғана аласапыран заманның лебі сезіледі. Бірақ бұл көріністің өзі де тым созылып, нақ­ты­ланбай қалған. 
Генерал рөлін ойнаған Е.Біләлов кез-келген заманға бейімделгіш, екіжүзді, арсыз адамның құбылмалы мінезін айнытпай жасады. Театр алдағы уақытта пьесалардың көркемдік сапасына деген талғамдарын күшейте түссе көп ұтары даусыз. 
Бүгінгі замандастардың келбетін көр­сетуге деген ұмтылыс «Тендерге түскен келін­шек» және «Империядағы кеш» спек­такльдерінде көрініс тапты. М.Сәрсе­кенің «Тендерге түскен келіншек» драмасын қойған О.Кенебаев спектакль оқиғасының шарықтау шегіне жетіп, отбасының күй­реуіне дейінгі аралықты бір желіге бағын­дырып, кейіпкерлердің мінезіне дұрыс трактовка жасаған. 
Машинамен кісі қағып кеткен жалғыз ұлдарын пара беріп соттан құтқармақ болған ерлі-зайыптылардың ақша таппай шарасыз күй кешулері Сағила – Д.Жүсіп пен Таубай – Б.Тұрыс ойындарында эмоциялық дәлдікпен берілген. Баласының жолында басын құрбандыққа байлаған Сағила амалсыздан жас кезінде өзіне ға­шық болған, қазіргі мықты кәсіпкердің бірі Мырзабектің айтқанына көніп, күйеуінен ажырасып, соған тұрмысқа шығады. Өмір бойы нанын адал еңбекпен тауып жүрген Таубай өмірден түңіліп, тентіреп кетеді. 
Спектакльдің негізгі идеясы – жеке бастың пайдасы үшін ұлттық құндылық­тарды белден басып, адамдардың ұсақ­та­лып бара жатқанын көрсету. 
Осы қойылыммен үндес, келесі «Им­пер­иядағы кеш» спектаклінің оқиғасы «Империя» деп аталатын мейрамханада өтеді. Мейрамхана иесі, кәсіпкер Айдарды (Р.Сенкебаев) туған күнімен құттықтап кел­ген бұрынғы ғалым әріптестері Сұл­танбек (Ж.Толғанбай) Тойболды (Д.Ақмолда), Нұрсұлу (Г.Жакупова) ақ тілек­терін ағыта жөнеледі. Спектакльдің алғашқы сахнасынан бастап-ақ режиссер А.Кәкішева Айдар мен оның әйелі Ұлжалғас (Н.Бексұлтанова) екеуінің арасында ешқандай да сыйластықтың жоқты­ғын аңғартып өтеді. Қонақтардың алдында тату-тәтті көрінуге тырысқан ерлі-зайып­тылардың жасанды әдептіліктерін Р.Сенкебаев пен Н.Бексұлтанова жақсы тапқан. Бірін-бірі қас пен қабақтан ұғысқан актерлер өз кейіпкерлерінің бір көңіл күйден екіншісіне ауысуын шеберлікпен бере ал­ды. Екі актердің ойыны әдемі актерлік дуэтке айналған.
Мұндай шығармалардың театр репертуарына келіп қосылуы, көрермен қауымды бір сәт ойлануға, өз іс-әрекеттеріне жауап беруге бастайтыны сөзсіз. 
Фестиваль кезінде негізінен актерлердің орындаушылық шеберлігі басты назарда болды. Былтырғы жылмен салыстырғанда, едәуір ілгерілеушіліктің бар екенін жоққа шығармаймыз. Өткен жылы актерлердің сахнада сөйлеу мәнеріне қатысты қазылар алқасы тарапынан бірнеше ескертулер жасал­ған болатын. Биыл сахна тілін да­мыту­ға олардың әжептеуір күш жұм­са­ғандарын байқадық. 
Театр – көрермендердің көз алдында өтетін өнер түрі. Содан болар, фестивальдік спектакльдердің барлығында да актер­лер көп қобалжыды. Бұл спек­такльдердің ырғақ-екпінінің дұрыс сақ­талмай, уақы­тын ұзартуға ұрындырды. Паузалар өте көп. Динамика жетіспей жатты. Режис­сер­лердің есіне сала кететін бір жәйт, театрға жаңадан келіп қосылған жас актерлердің көбі актерлік ансамбльге кіріге алмай жатты. Кейіпкердің өсу эволюциясы, рөлдің диа­лектикалық дамуы кейбір орын­дау­шылардың ойынында тым солғын болды. Психофизикалық әрекетті қатар алып жүру жағы да жетіспей жатыр. Біздіңше, спектакль тұтастығының толық сақталуына әлі де болса актерлердің бар­лы­ғы жұдырықтай жұмыла түсулері қажет.
Бұрынғы фестивальдерде тек актер­лердің ғана еңбегі марапатталып келсе, биыл ерінбей-жалықпай жұмыс істейтін режиссерлердің де еңбектері ескерілді. Спектакльдердің барлығынан да режис­серлік ізденістердің сілемі байқалатыны қуантады. 
Сөз соңында, Қазақтың М.Әуезов атын­дағы ака­демиялық драма театрының бүгінгі бағыт-бағдарының айқындығын, фестиваль мазмұнының жыл өткен сайын те­рең­деп, актерлерді жаңа белестерге бастап келе жатқанын баса айтқымыз келеді. Театрдың өз ішіндегі шығармашылық бә­секе орын­даушылардың шабытына қанат бітіріп, жаңа ізденістерге жетелейтіні бел­гілі. Ендеше, тарихы терең театрдың кө­ре­ремендерге берері әлі де мол екені даусыз.

Бақыт Нұрпейіс, 
Өнертану докторы, профессор. 
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының
 «Кино,ТВ және өнертану» факультетінің деканы.


Фестиваль қорытындысы бойынша «Тұсаукесер» жүлдесі «Тендерге түскен келіншек» қойылымындағы Сергей рөлі үшін Жанат Тынбаевқа, «Үміт» жүлдесі «Жаужүрек» қойылымындағы Цирк директоры рөлі үшін Бауыржан Маңжігітовке, «Есте қалар кейіпкер» жүлдесі «Қилы заман» қойылымындағы Рахымбай рөлі үшін Жалғас Толғанбайға, «Есте қалар кейіпкер» жүлдесі «Қыз мұңы» қойылымындағы Генерал рөлі үшін Ерлан Біләлға, «Ұлттық болмысты нанымды бейнелеген» жүлдесі «Қилы заман» қойылымындағы Қара жаулықты ана рөлі үшін Күнсұлу Шаяхметоваға, «Кейіпкерге сүйіспеншілік» жүлдесі «Тендерге түскен келіншек» қойылымындағы Сағила рөлі үшін Дәрия Жүсіпке, «Заманмен үндес кейіпкер» жүлдесі «Қыз мұңы» қойылымындағы Ғазиз рөлі үшін Азамат Сұрапбаевқа, «Сахналық үйлесім – актерлік дуэт» жүлдесі «Империядағы кеш» қойылымындағы Айдар Сейітқалиұлы рөлі үшін Руслан Сенкебаевқа, «Сахналық үйлесім – актерлік дуэт» жүлдесі «Империядағы кеш» қойылымындағы Ұлжалғас рөлі үшін Нұржан Бексұлтановаға, «Сахналық үйлесім – актерлік дуэт» жүлдесі «Жаужүрек» қойылымындағы Троицкий рөлі үшін Дулыға Ақмолдаға, «Сахналық үйлесім – актерлік дуэт» жүлдесі «Жаужүрек» қойылымындағы Екатерина рөлі үшін Назгүл Қарабалинаға, «Сахналық дәстүр сабақтастығы» жүлдесі «Қилы заман» қойылымындығы Жәмеңке рөлі үшін Бекжан Тұрысқа, «Уақытпен үндес көркем қойылым» жүлдесі «Империядағы кеш» қойылымының режиссері Алма Кәкішеваға, «Уақытпен үндес көркем қойылым» жүлдесі «Тендерге түскен келіншек» қойылымының режиссері Оразхан Кенебайға, «Ұлттық рухты көркем қойылым» жүлдесі «Қилы заман» қойылымының режиссері Әубәкір Рахимовқа, «Эпикалық көркем қойылым» жүлдесі «Жаужүрек» қойылымының режиссері Есмұхан Обаевқа берілді. Сондай-ақ, театрдың бір жылдық жұмысын насихаттағаны үшін «Театр және ақпарат» арнайы жүлдесімен «Заң» газетінің тілшісі Шолпангүл Қараева, «Айқын» газетінің тілшісі Қаншайым Бағдаулетова, «Литер» газетінің тілшісі Мира Мұстафина, «Астана» телеарнасының тілшісі Ришат Асқарбекұлы, «КТК» телеарнасының тілшісі Гүлмира Әбіқай сынды журналистер марапатталды.