Жуырда Қазақтың М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры Исраил Сапарбайдың «Қыз мұңы» атты шығармасын сахналады. Режиссері – Төлеубек Аралбай. Көрерменге жол тартқан жаңа қойылым туралы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультетіндегі мамандардың пікірін жариялап отырмыз.
Меруерт Жақсылықова, театртанушы:
– Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20, Желтоқсан оқиғасының өткеніне 25 жыл толды. Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында қойылған көрнекті ақын-драматург Исраил Сапарбайдың «Қыз мұңы» спектаклі ұжымның осы айтулы мерекелерге жасаған тартуы деп білдік.
Шындығын айтқанда, ұлт мүддесі мен халық трагедиясын арқау еткен драматургиялық шығармалар саусақпен санарлық. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында өмірге келген аталмыш спектакльдің идеясы анық, өзектілігі талас тудырмайды.
Қойылымды тамашалай отырып, бүгінгі қазақ драматургиясына жаңа ізденістердің керектігін байқадық. Кейбір сәттерде драматургия заңдылықтарының, театр шарттылықтарының сақталмай жатқанын көзіміз шалды (орын мен уақыт бірліктері). Драма мазмұнына тоқталмай, оның сахналық нұсқасына көшсек, спектальдің көрерменге ой салары сөзсіз. Дегенмен, режиссерлік ізденісте де, актерлік ойын мәнерлерінде де, көркемдік бейнелік шешімінде (сценографиялық шешім) де жаңалық байқай алмадық. Ең бірінші мәселе – спектакль жанрының анықталмағандығы, осыдан келіп жанр табиғатын ашатын анықтауыш құралдар жүйесі де түзілмеген. Мизансценалық шешімдерде қайсыбір сәттер талас тудырады. Қойылымның музыкалық партитурасында жанр табиғатына сай үндестіктер болғанымен де, ұзын-сонар әндер спектакльдің темпо-ритмін тежейді. «Әрбір қойылым – жұмбақ» десек, сол құпияны шешудің кілті болары сөзсіз. Сол себептен режиссерге әлі де ізденген жөн деп білеміз.
Актерлік ойын өрнегінен рөл сұлбасы (рисунок роли), астарлы ой, терең психология, екінші план сынды шеберлік элементтері аңғарылмады. Сол себептен, актерлердің өнеріне жекелей тоқталмадық. Әсіресе, түнгі клуб өмірін көрсетуде жас актерлердің тосылып, сан-қырлы жастардың бейнесін жеткізуде шабандық танытқандары таң қалдырды. Ашығын айтсақ, осы көріністі қабылдай алмадық.
Күллі спектакль барысында селт еткізіп, көңілімізді тарқан тұс бас кейіпкер Ғазизді тергеу сахнасы. Шулаған иттердің шәуілдеген ащы дауысы аласапыран күндердің атмосферасын бір сәт есімізге түсірді. Бірақ, бұл сахна көпке созылмады. Нағыз тартыс 25 жылдан кейін тонын өзгертіп шенеунік болып жүрген азаматтардың бейнесін ашуға ойысып, өткен күн мен бүгінгі таң арасында сабақтастықты көрсетуге талпынды.
Жалпы алғанда, театр ұжымы едәуір еңбек еткен «Қыз мұңының» өз көрермені болатыны сөзсіз. Өз тарапымыздан драматург пен ұжым труппасын премьераларымен құттықтаймыз.
Анар Тылахметова, театртанушы:
– Театр өнерінің Желтоқсан көтерілісіне арнап «Қыз мұңы» спектаклін сахналауы үлкен қуаныш. Поэзия әлемінің қыр-сырын жетік меңгерген И.Сапарбайдың тарихи оқиғаға арнап пьеса жазуының өзі үлкен жетістік дер едік. Бірақ тың тақырыпқа бару үшін әрбір драматургке қиыннан қиыстырар кәсіби шеберлік қажет. Шынын айтатын болсақ, автордың бұл дүниесі тым солғын шыққан. Тіпті, тақырыбының өзі дұрыс қойылмаған екен. Спектакльде қыздың мұңы емес, 1986 жылғы қақтығысқа қатысқан Ғазиз атты кейіпкердің өмірі көрсетіледі. Ол сол алапат уақыттағы Ләззат атты ғашығының қорлығын, қиналысын еске алады. Тіпті осыны негізге алғанның өзінде өткен күннің тауқыметін көтерген жастардың жан-жарасын Ләззат арқылы да жеткізе алмаған. Пьеса кейіпкерлерінің даралық қасиеттері ашылмағандықтан, сахнадағы оқиғалар әрекеті бір-бірімен байланыспай жатты. Кез келген қойылымда пьесаның өзегі дұрыс табылмайынша сахнада көркем дүние шығуы да екіталай. Ал біз қойылымнан желтоқсан оқиғасын да, режиссерлік жұмысты да, актерлік ойынды да көре алмадық.
Түнгі клубта Сағыныш – Л. Қалдыбекованың туған күні тойланатын сахнада режиссер бүгінгі күндегі жастардың өмірін ашқысы келген, бірақ аталмыш сахнадағы той-думан өте жасанды шықты. Т.Аралбай қысқа етекті желіккен жеңілтек қыздардың көрінісін аша алмаған. Сахнада тек фонограмамен ән айтқан, селкілдеп би билеген актерлер концерттік бағдарлама қойып берді. Мұнда режиссердің көбінесе заманауи музыка мен жарық күшейткіштерге ғана сүйенгендігі аңғарылады. Ал сахнада жан алып, жан беріп жүрген бір орындаушыны көрмейсіз. Бәрі жеңіл, қолдан құрастырылған. Театр жанды өнер екендігін ескерсек, бұл қойылымға қарап өнер жолы өркендеудің орнына ұсақталып, шартты ойынның бейнесіне айналып бара жатқандай әсерде қаласыз.
Болашақта театр ұжымдары тарихи маңызы зор Желтоқсан көтерілісі жайлы сапалы пьеса жаздыруды әлі де қолға алар деген ниет білдірер едік.
Нартай Ескендіров, театртанушы:
– Біздің ойымызша, И.Сапарбай өзінің пьесасы арқылы қазіргі заманның шешілмей жатқан көптеген мәселелерін бедерлеген. Мәселен: тәуелсіздікке қол жеткізу жолында құрбан болған батыр ұлдарымыз бен қыздарымыздың қорлық, сұмдықтарды бастарынан өткізген, ержүрек батыр бейнелері жас ұрпаққа үлгі көрсетті. Ғазиз бейнесі арқылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан сол кездегі азаматтардың өмірінен үзінді көрдік. Ақша мен мансаптан бұрын адамгершілік қағидаларын берік ұстануды алға тартады.
Ұлттық рухты көтеретін осындай шығармалар көбейген сайын жас ұрпақ солғұрлым биік белестерді бағындыра береді. Қазақстанның басқа да театрларында аталмыш тақырыптағы сүбелі қойылымдарды насихаттау – режиссерлерге аманат.
Режиссер Т.Аралбай көрегендік танытып, актер таңдауда қателеспегендігін аңғартты. Ғазиз рөліндегі А.Сұрапбайды қызуқанды, достыққа адал, әдепті, қаншама қиындық көрсе де мойымай, сабыр сақтап, ақылға салып отырады. Біздің ойымызша Азамат аталмыш бейнені жоғары деңгейде орындап шықты деп айтуға болады. Актердің жасы, тәжірибесі мен мінезі Ғазиз бейнесімен жанасып, үйлесім тапқан.
Сағыныш рөліндегі актриса (Л.Қалдыбекова) өзіне тапсырылған образды сәтті бейнеледі. Сағыныштың туған күніне жиналатын сахнасында әрбір мизансценаға әлі де болса актерлерге батылдық пен сахнада өздерін еркін ұстауы жетіспей жатқаны аңғарылады.
Біздің ойымызша қазіргі қазақ театрындағы шешімін таппай жатқан мәселенің бірі – фонограммамен ән салу, сөз сөйлеу. Жанды дауыс әрқашан жоғары бағаланған. Мысалы, әкемтеатр тарихында актер дауысын өнердің ең бірінші орнына қойған. Кез келген спектакльде актерлер жанды дауыстарымен ән айтып, сөз сөйлесе, қойылымның көркемдік құндылығын арттыра түсері хақ. Сол себепті, режиссерлерге айтатын назымыз – осы олқылықтарды қайталамағаны жөн. Көрермен қауым өте сезімтал, әрбір көріністі сынай қарайды. Атам қазақ ән мен күйді орындаушылардың жанында отырып тыңдаған. Ал фонограмма актерлердің шынайы өнерін тұншықтырады.
Назым Дүтбаева
"Қазақ әдебиеті" газеті.