«Мен ішпеген у бар ма?» жаңа қойылымы хақында

М.Әуезов атындағы академиялық драма театры маусым жабылар тұста көрерменге жаңа қойылым тарту етті. Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Иранбек Ораз­баев­­тың «Мен ішпеген у бар ма?» спектаклі Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткері, Құрмет орденінің иегері, профессор Ораз­хан Кенебаевтың режиссерлігімен жұрт назарына ұсынылды.

Тарихи оқиғаға көркемдік көзқарас тұрғысынан келген қойылым авторларының өзіндік ізденістері байқалады. Баласын жайдақ суға теңейтін әке ұстанымы мен әділеттілікке ұмтылған жаңа буын тала­сынан өрбитін туынды бүгінгінің көзі ашық, көкірегі ұйқыдағы шендісі мен жаңалыққа ұмтылған жасампаз жасын көрсетуді мақсат тұтқандай. Абайға қатысты тарих, Әуезовтің ұсынуындағы Абайдың көркем бейнесі қай кезеңнің оқырманына болса да ұлы тұлғаны абсолюттік мінсіз кейіпкер образына енгізді. Бірақ жаңа қойылымды тамашалау барысында біз білетін биік Абай ол үдеден аласара береді. «Не Ораз­бай, Күнтумен бірге боласың, не менің теріс батамды аласың» деген Құнанбай шарты мен дегеніне көндіре алмай, алақа­нын теріс айналдыратын әке батасы да спек­такль басынан-ақ Абайды оп-оңай зарлы да шерлі кейіпке енгізіп жіберді. Көп көңіліне күрескерлігімен жақын әділетті образ осылайша «ә» дегеннен-ақ шарасыз, күйгелек кейіпке енді. Абайға қатысты тарих оның әкесі екеуінің бір-бірін көрмес­тей болып кектесіп кетпегенін көрсетеді. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем...» деп отыратын қазақ әр батаның салмағын сезінетін халық. Қойылымдағы әкенің теріс батасын, бәлкім, шығарма авторлары «ескі мен жаңа заман тартысын әке мен бала тартысы арқылы суреттедім» дейтін Мұхтар Әуезовтің түсіндірмесімен ақтар. Бірақ бүгінгі көзқарастағы көрермен үшін Құнанбай мен Абайды тек саналар қақтығысы мысалында ғана емес, олардың адами қарым-қатынастары, ата мен бала сабақтастығы, аға буын мен ұрпақ үндестігі арқылы көру маңыздырақ еді.

Абайдың рөлін сомдаған актер Берік Айт­жанов көрермен қауымға өзіндік із­дені­сімен танылып жүрген әртіс. Бірақ ол жаңа Абай бейнесін ашуда адуынды Құ­нан­бай, Оразбай мен Кунтулардан кейінгі саты­ға шегеріле береді. Тіпті әйелі Әйгерім­нің де бейнесі қойылым барысында одан озық тұрғандай.

Режиссердің айтуынша, «тән мен жан – сананың, ақ пен қараның, ескі мен жаңа­ның бітіспес тартысы, әсіресе қазіргі алма­ғайып, жаһандық экономика, геосая­си мүд­делер жағдайында аса өзекті болып отыр­ған тартыс. Бүгінгі таңда нәпсісін тый­ғанды – қор, нәпсісі билегенді – зор деген түсінік белең алып барады. Тарихта да ақыл­дыдан гөрі бай мен бағланның айтқа­ны болған. Бұл – қауіпті жағдай». Ұлы Абайға у ішкізген ел ішіндегі әділетсіздік, қа­раңғылық пен күндестіктен туатын оз­быр­лықтар, әлдінің әлсізге жасайтын әлімжеттіктері қай кезеңде де күн тәртібінен түспей келе жатқан тақырып. Жұрт назары­на «пейіліңді түзе, ниетіңді өзгерт» психо­ло­гиясын ұсынғысы келетін қойылым осын­дай қоғам дертімен алысқан күрес­кер­дің қайраткер, қажырлы, дана бейнесін емес, шарасыз зарлы тұлғаның кейпін ұсын­ғандай.

Ортасынан озған ауқатты, аузы дуалы, жұртқа ықпалды қажы Құнанбайды бүгін­гінің бейпілауыз байына сыншы, ақын, ұстаз, дана Абайды ел мүддесін ту ғып ұс­тар, қасына жұрт үйірсек кемеңгердің кей­пін­де емес, кектіден жәбір шеккен қорған­сыз­дың бейнесінде көру – жас көрерменге қойылым жүгін ұғындырып, бүгінгінің мұн­дай олқылықтарынан сақтандыра алды деуге бола ма?

Тарихи шындыққа көркемдік көзқарас формасы Абай заманындағы жағымсыз Ораз­бай мен Күнтулар бейнесін жауыздық­тың символындай етіп көрсетеді. Ал жұрт ау­зындағы кейбір дерек жазбалар Ораз­бай­дың өзіндік азаматтық ұстанымы бол­ғанын алдыға тартады. Мәселен, Абай қай­тыс болғанда ағайындарының біреуі ша­уып келіп, «Абай өліпті!» – деп Ораз­бай­дан сүйінші сұрапты. Сонда қатты ашу­ланған Оразбай әлгіні қамшымен осып-осып жіберіп: «Ол қазақтың сөзін сөйлеген Абай емес пе еді? Мен онымен сөз таластырсам, артымда атым қалсын дедім ғой. Қазақтың Абайы өлгенде несіне қуана­сың? Шын қасірет қазаққа енді туған екен ғой» деп, 40 қара көк атты ақын қа­за­сына бата есебінде байлаған деседі. Бұл форма тұрғысынан, қойылымдағы Ораз­бай мен Күнту бейнесі өздерін-өздері-ақ ақтап алады.

Біз үшін Абай – асқақ тұлға. Абайдың өлең болып өрілген уайымы, қара сөз бо­лып төгілген қуаныш пен қайғысы келе­шек­тен күдер үзгізбейді.

Абайдың сенімі – болашақта. Шығар­ма авторы Иран-Ғайыптың пьесасындағы ізденіс пен жанның айғайы да осы болашақтың уайымы, болашақтың зары екенін сезінесіз. Абай арқалаған ауыр жүкті қалың көпке ұсынудағы авторлар ізденісі­нен біз олардың «Білімдіден шыққан сөз – талаптыға болсын кез», – дейтін Абай мұратын көрдік. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа қойылымның талғампаз көптің жүре­гі­не қозғау салатыны анық.

Тақырыпқа орай

Оразхан КЕНЕБАЕВ, _Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері, профессор:

– Абай сахнаға көптік етпейді. Абай заманынан бері адам баласы туралы не өзгерді? Алсам, ішсем, жесем екен деген психология өзгерген жоқ. Содан бері тек киім ғана өзгерді. Психология сол күйінде қалды. Мен рухани бай адам­дардың қоғамы туса деп ойлаймын. Абай – қазақтың ар-намысын, ұж­данын жырлаған ақын. Сондықтан да Абайды еске алып қойсақ, артық емес. Ол бізді тазартады. Сонда ғана арсыздыққа бармаймыз. Қай басшы болма­сын, бай адамды тыңдаған, ақылдыны тыңдамаған. Сол уақыт жеткен сияқты қазір. Нәпсісін тыйғанды – қор, нәпсі билегенді зор дейміз. Осыдан құтылу керек. Елді немесе ұжымды кім билеу керек дегенде, Құнанбай: Оразбай, Күн­ту сияқты бауырлармен ел биле, – дейді. Ал Абай білімді билеу керек екендігін ерек­ше атап айтады. Осыдан шыққан соғыс қой. Мен отыз үш жасымда Құ­нанбайдың рөлін ойнағанымда оның адвокаты болыппын, толысқан шағымда проку­роры да болғанды дұрыс көрдім.

Шолпан ҚАРАЕВА

thenews.kz