Сарапшы комиссияның қарауына 26 мемлекеттік музей қорынан 1 153 ұлттық мәдени игілік объектілері ұсынылды

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық мәдени игілік объектілерінің айрықша режимі бойынша сарапшы комиссияның (бұдан әрі - Сарапшы комиссия) кезекті отырысын өткізді.

Сарапшы комиссияның мақсаты -  отандық музейлердің қорындағы ел тарихы мен мәдениеті үшін айрықша маңызы бар ұлттық мәдени игілік объектілерін (бұдан әрі- ҰМИО) анықтау. Сарапшы комиссия ҰМИО деп таныған құнды жәдігерлер алдағы уақытта Мәдениет және спорт министрлігі жүргізетін «Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне» (бұдан әрі- Мемлекеттік тізілім) енгізілетін болады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өткен шараға Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті директоры К.Қ. Сейітова, Министрліктің Музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Г.А. Пазылова, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті  - Елбасының кітапханасы директорының орынбасары, т.ғ.к. К.К. Ақтаева, Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Н.А. Мұхамбеталина, Ә.Кастеев музейінің директоры, ф.ғ.д. Г.К. Шалабаева, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары А.К. Сатубалдин, архелог-ғалым, т.ғ.д.профессор Ж.Қ. Таймарамбетов, кескіндемеші-суретші, т.ғ.к. Қ.С. Ахметжан, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейі директорының орынбасары Б.Д. Дандығараева және т.б қатысты.

Сарапшы комиссия отырысының қарауына отандық 26 мемлекеттік музей қорынан 1 153 ұлттық мәдени игілік объектілері ұсынылды.

Соның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорынан 85 жәдігер; Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің қорынан 380 жәдігер; Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінен 69; Ықылас атындағы халық аспаптар музейінен (Алматы қаласы)- 8; Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «Алжир» мемориалды мұражай кешенінен - 3, С.Сейфуллин музейінен(Нұр-Сұлтан қаласы) - 7; Павлодар облыстық Мәдениет басқармасына қарасты 3 музейден (Невзоров музей-үйі, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі, Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи өлкетану музейінен) - 43; Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі - 48; Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі- 21; Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі- 14; Ақтөбе облыстық Мәдениет басқармасына қарасты 8 музейден (облыстық тарихи-өлкетану музейі, Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі, Әйтеке би, Байғанин, Ойыл, Хромтау, Ырғыз, Мұғалжар аудандық тарихи-өлкетану музейі)- 54 жәдігер; Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінен- 44 жәдігер Мемлекеттік тізілімге енгізу үшін қаралды.

Сарапшы комиссия шешіміне сәйкес ҰМИО деп танылған жәдігерлер Мемлекеттік тізілімге енгізіліп, бекітілген ресми құжат түрінде Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің порталына жарияланады.

Сондай-ақ Мемлекеттік тізілім  отандық музейлер қорынан немесе мәдени құндылықтарды зерделеумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар қарастыру үшін ұсынған жаңа объектілер мен заттар ҰМИО ретінде анықталған жағдайда тиісті мәліметтермен толықтырылатын болады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің

ресми интернет-ресурсынан