Исрафил Исрафилов: Әзірбайжан театры мен М.Әуезов театры бірлесе жұмыс істейді деп үміттенем

Кеше М.Әуезов театрына Әзірбайжан мемлекеттік академикалық Ұлттық драма театрының директоры, Әзірбайжанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы Исрафил Исрафилов келді.

Құрметті қонағымызды театр директорының орынбасары Руслан Сеңкебаев күтіп алды.  Жалпы Алматыға, театрымызға алғаш рет табан тіреген Исрафил Исрафилов қазақ өнерінің қарашыңырағымен танысуды музейден бастады.

Ғасырға жуық тарихы бар, қойнауы қазынаға толы мәдениет ошағында жылдар бойы сақталған экспонаттар мен құжаттарды театр музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы таныстырды. Бізге де сұхбаттасудың сәті түсіп, Алатаудың баурайына еркелей орналасқан алып шаһар Алматыға жолы түскен Әзірбайжан театр директорынан сыр тартып көрдік.

Исрафил Исрафилов: «Мен жалпы Алматыға, М.Әуезов театрына бірінші рет келіп тұрмын. Әйтсе де көріп, естіп, жаңалықтарын оқып жүргендіктен, қарашаңырақ театр туралы біраз дүниеден хабардармын. Қазір спектакль көрейін деп отырмын. Бұл театрдың тамыры тереңде, тарихы бай. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген өнер ордасы. Театрда еңбек ететін көрнекті сахна саңлақтары кеңес одағы кезіндегі өнердің дамуына көп үлес қосты. Ұлы адамдар ұлы істер жасады.

Ал қазақ театрының бүгінгі жағдайына келсек, болашағы зор екені сөзсіз. Өйткені, Театр толық режимде жұмыс істейді, басқару мен ұйымдастыру да жоғары дәрежеде, ең бастысы,  театр труппасында талантты адамдар қызмет етеді. Сондықтан Әзірбайжан театры мен М.Әуезов театры бірлесе жұмыс істеуге барлық мүмкіндіктер бар және солай болатынына үміттенемін. Театр музейіне келсек, құжаттар мен экспонаттарға бай және жақсы ұйымдастырылған. Ең қызығы, мен он жеті жыл Әзірбайжанның мемлекеттік музейіне басшылық еттім. Сондықтан музей жұмысына өте жақынмын. Бөлім жетекшісіне қойған сұрақтарым да осы саламен тікелей байланысты істер атқарғанымды білдіреді. Музейде барлығы мұражайтануға байланысты кәсіби жасалған.

Еліме қайтып, орала сала, біріншіден, театр музейінің жетекшісі қолданған тәжірибені өзім басшылық ететін Әзірбайжан мемлекеттік академикалық Ұлттық драма театрына пайдаланып, осы істі жеке қолға аламын деген шешімге келдім. Оны Наргиз Тамабекқызына да айттым. Менің қызығушылығымды оятқан – көрнекті актерлердің костюмдерінің бәз баяғы қалпында сақталғаны, сонымен қатар құжаттарды жинақтап, бір ретке келтіру де үлкен шаруа. Кез келген музейге, әсіресе театр музейіне мұндай келелі істі жүзеге асыру бұйыра бермейді. Әрине, Әзірбайжанда, театрымызда музей бар, десе де дәл осындай кең көлемді емес, бірақ осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз»,  – дейді Исрафил Исрафилов. Санаулы минуттарға созылған сұхбатымыздан кейін құрметті қонағымыз, көрермен орындығына жайлана отырып, іліспе аудармамен қойылым көрді.

Дайындаған - Мөлдір БЕКЖАН