Тарих толғауы – дөңгелек үстелде

Фестиваль тарихты жинақтап көрсету үшін 90 жылдық театр өмірін шартты түрде үш кезеңге бөліп, қарастырған болатын. 90 жылдықтың тұсауы кесіле салысымен, М.Әуезов атындағы академиялық театрдың Музей және мұрағат бөлімі әзірлеген көрме ашылды. Онда алғаш Ақмешіт қаласында ұйымдастырылған театрдың тарихы бүгінгі күнге дейін қамтылып, сан түрлі қызықты суреттер арқылы сөйлеген. Өнер мерекесінің үш күнінде де театрдың негізгі үш тағаны: актер, режиссер және драматургтің, олардан өзге театртанушылар мен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері, журналистердің басын қосқан үлкен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, театрдың кешегі тарихын толғайтын деректі фильмдер көрсетілді. Дөңгелек үстел 1926 мен 1956 жыл аралығындағы алғашқы кезең тақырыбын  «Сахна өнерінің қарлығаштары» деп атап, осы кезеңге сәйкес деректі фильм көрсетіліп, модератор, профессор Есмұхан Обаевтың жүргізуімен С.Оразбаев, Н.Мышбаева, Б.Имашева, С.Қожақова, Б.Жаңғалиева, Ә.Рахимов, Е.Тұяқов және жазушы-драматург Д.Исабеков сөз алды.

Жиырма минуттық деректі фильм театрдың бүкіл тарихын қамти алмасы анық. Ол мүмкін де емес. Тарих деген шетсіз-шексіз мұхит. Бірақ қорда сақталып қалған, бейнетаспаға түсіріліп қалған, мұражайда сақтаулы жазбаның бәрі ұсынылды. Спектакльдер мен артистердің барлығын дерлік  қамтуға тырысты. Сондықтан болар, дөңгелек үстелге жиналғандар өткен күнге саяхаттап келгендей күй кешті. Бұл үшін үлкен сахна суреткері, режиссер Әубәкір Рахимов бастаған ауқымды топ жұмыс істеді. Экраннан өзін, спектакльдегі серіктерін,  кеше ғана сахнада жасындай жарқылдап ойнап, бүгін өмірден озған көзкөрген аяулыларын көрген артистер көздеріне жас алып, өткен күнді еске алғандай басын изеп, мұңайып та, қуанып та отырды. Біз төменде дөңгелек үстел басындағы әңгіменің қадау-қадауын алға тартамыз.

Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның халық артисі: Өнер жолы – ауыр жол. 90 жас – қазақ үшін ақсақал жас. Осы театрда жұмыс істеп келе жатқаныма алпыс жылдай уақыт болды. Алдымыздағы аға-апаларымыздың қалай жұмыс істейтінін көрдік, сөз саптауынан үйрендік, сахнаға сүйіспеншілігін аңғардық. Ол кезде көп нәрсе жетіспейтін еді. Соған қарамастан ағаларымыз театрдың іргесін мықты етіп қалады. Осы кезге дейін өрлеу де , шаршау да болды. Оның арасында «ұжымдық басқару» деген шығып, театрдың бас режиссері болмай, екі жылдай басшысыз отырған кезі де болды, соның өзінде де театрдың деңгейі төмендеген жоқ. 1930-жылдары атылып кеткен Сәлімов деген режиссерден кейін ұстазымыз Тоқпанов бірінші кәсіби режиссер ретінде «Абайды» қойды. Бұл туралы көрнекті жазушы Ғ.Мүсірепов бүкіл қазақтан сүйінші сұрап, үлкен мақала жазды. Бұл бір тарихи сәт еді. «Бұрын әртістер сыртқы түріне, киіміне, жүріс-тұрысына мән беретін. Ішкі дүниесін ашуға келгенде кемшін болып жататын еді. Құдайдың берген талантының арқасында ондай кемшіліктерді де байқаған жоқпыз. Ғұмыры ұзақ болсын» деп бата беріп еді. Сол баталары қабыл болды. Қай елге, қай қалаға барсақ та, абыроймен оралып жатамыз.

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург: Ол заманда даладан келіп ойнаған актердің шеберлігі, кешіріп қойыңыз, оқу бітіріп, қолына диплом ұстаған артистің шеберлегінен әлдеқайда жоғары. Табиғи еді, олар ойнамайтын, өмір сүріп жүретін. М.Әуезовтің өзі бұл кезде әр спектакльдің репетициясына қатысып, әрбір сөзін қадағалап отырады екен. Қазір режиссерлер спектаклін екі сағаттан асырып қойса, көрермен сағатына қарағыштап, шыдамсыздық танытып жатады. Ілгеріректе «Ақан Сері – Ақтоқты» спектаклі үш сағаттан артық жүретін. Шетелде бес сағаттан артық жүретін спектакльдер бар. «Театр оранжереяда» екі антрактімен он екі сағаттық спектакльдер қойылады. Ал бүгінгідей айналасы 1,5 сағаттық спектакльде қандай шындықты, қандай өмірді көруге болады? Сондықтан, меніңше, академиядық театр бір-бір жарым сағаттық спектакльдерге ынтық болмағаны дұрыс. Мен бұл театрдан мәртебелі биік атына лайық басы бар, ортасы бар, аяғы бар, толыққанды драмалар көргім келеді. Антракт деген – театр мәдениеті. Онда адамдар пікір алмасады. Құдайға шүкір, осы үлкен театрдың сахнасында менің жеті пьесам қойылды. Ол мәтінмен жақсы жұмыс істейтін үлкен педагог-режиссер еді. Дауыс көтермейтін, сырбаз, мәдениеті жоғары адам болатын. Сол сабақтастық бүгінге дейін әдемі жалғасын тауып келеді. Менің тілегім, жүзжылдықты әдемі қалпымызда қарсы алайық.

Амангелді МҰҚАНОВ, өнертану кандидаты: Театр әкімшілігінің тарихты үш кезеңге бөліп 30 жылдан бөліп қарастырғанын, өзімше, дұрыс та шығар деп ойладым. Рас, кәсіби театрда үлкен жұмыс жасалды. «Театр сыны болған жоқ» деп айтып жатады. Әдебиет және өнер институтынан «Классикалық зерттеулер» деген 33 томдық еңбек жарық көрді. Соның 3 томын өнертанушылар құрастырды. «Театр тану болды ма, болмады ма?» деген сұраққа осы жинақтың ішіндегі зерттеу мақалалары жауап береді. Сахнаға байланысты сынды көбінесе қаламгерлер, режиссерлер, актерлердің өздері, жай ғана театрға ғашық көрермен  жазған. 1-томының өзіне 16 авторды енгіздік. «Классика емес» деуге аузың бармайды. 1914 жылы қойылған «Манап» спектаклі, «Хан Кене» туралы жазған Сәкен Сейфуллиннің тамаша мақалалары бар. Міржақып Дулатовтың «Біржан-Сара», «Манап» драмасы туралы тұщымды дүниесін  атап өтуіміз керек. Смағұл Садуақасовтың ұлттық театр туралы құнды идеялары мен ойлары әлі күнге маңызын жойған жоқ. «Осының бәрі қалай жазылған?» деп таңқаласың. Ж.Шаниннің, І.Жансүгіровтің, Б.Майлиннің, М.Әуезовтің, Бековтің, Т.Жүргеновтің, Ғ.Мүсіреповтің, Исмаиловтың, Ш.Құсайыновтың театр мәселелері туралы жазған еңбектері осы жинақта топтастырылған.   20-30 жылдардағы барлық басылым «байшыл, ұлтшыл, алашордашыл» деп бір бояумен қаралап отырды. Соған сәйкес кейінгі зерттеушілер театр туралы зерттеулерін бірсарынды жазғырып жазды. Осыған байланысты бұл кезеңді қайта жазу керек болды. 1978 жылы Ә.Тәжібаев бастаған институт ғалымдары екі томдық еңбек шығарды. Өкінішке қарай, онда да көп нәрсе айтылмай қалды. Сондықтан, 1920-50 аралығындағы үш репрессия кезіндегі тарих қайта қаралуы керек. Біз тарихты қайта қарамаймыз, тек толықтырамыз, айтылмаған сөзді қайта қарап, жазуымыз керек. Халық бар жерде театр бар. Келешекте жаңа еңбектермен толықтырылады деп сенеміз.

Әлия Бөпежанова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, сыншы: Театрды бір адам жасамайды, театр өнері – ұжымдық өнер. Тарихқа байланысты жасалатын дүние көп. Бұл театр бүкіл алаш қайраткерлерінің, қазақ зиялыларының арманынан туған театр. Қазақ халқы басқа халықпен терезесі тең болса екен деген алаш қайраткерлерінің үлкен арманынан, аңсарынан туғанын бүгінгі ұрпақ білуі керек. Алғаш театрды ұйымдастыру жұмысына саясаткерлер араласқан. Бүге-шігесіне дейін пысықтап, басы-қасында жүрген. Олар жан-жақты болған. Әлі көп зерттеулер жүргізілуі керек. Театр махаббаты, іңкәрлікті сүйеді. Жай спектакль болса да, ол жайдан-жай қойылмайды. Мақсат арқалап шығады. Бір спектакльдің сыртында қаншама еңбек жатыр. Идеясын, мақсатын аңғара білсе деймін.

Фестивальдің  екінші күні өткен дөңгелек «Қазақ театрының әлемдік деңгейге көтерілу кезеңі» деген тақырыпта өтті. Театрдың 1956-86 жылдың арасындағы 30 жылдық кезеңі туралы әңгімеге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сыншы Әлия Бөпежанова модераторлық жасады. Бұл кезеңде Т.Ахтанов, Қ.Мұхаметжанов, Қ.Ысқақовтың пьесалары қойылды. Театрдың қарымын, өзіндік бет-әлпетін танытатын режиссура екені анық. Режиссерлер Әзірбайжан Мәмбетов, Қадыр Жетпісбаев, Есмұхан Обаев, Бәйтен Омаров, Әубәкір Рахимов, Сәулебек Асылхановтардың қойылымдары тың ізденістерге толы болды. А.Әшімовтің Еламаны, Ы.Ноғайбаевтың Есені, Б.Римованың Еңлігі, Қ.Бадыровтың Абызы, Ф.Шәріпованың Толғанайы нағыз өнер туындылары еді.

Ал фестивальдің үшінші күніндегі әңгіме тақырыбы «Тәуелсіздік және театр» деп аталды. 1986 жылдан бүгінгі күнге дейін қамтылатын кезеңдегі оқиғаларды мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова әдемі ширатып отырды.

«1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейін-ақ алғашқы тәуезсіздік туралы идеялар туа бастағаны белгілі. Қоғам бетіне қалқып шыққан ойдың қай-қайсысы да қазақ үшін құнды еді» дейді сыншы. Бұрынғы ойын үлгісін жаңа өрнекке алмастырған орта, жас буын артистер де дөңгелек үстел басындағы әңгімеге қатысты. Суретші Мұрат Сапаров, артистер Бекжан Тұрыс, Шынар Асқарова, Шынар Жанысбекова, Гүлшат Тұтова, Зарина Кәрменова осы кезең аралығында өздері ойнаған спектакльдер туралы әңгімеледі. Дөңгелек үстелге қатысқан қонақтардың қызықты пікірін ұсынуды жөн көрдік.

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ, жазушы-драматург, профессор: Театрдың 90 жылдығы, сөз жоқ, ұлттың руханиятындағы айтулы оқиға, бұған ешкімнің таласы жоқ. Театр дегенде, алдымен М.Әуезов атындағы академиялық театр көзімізге елестейді, ауызға оралады. Бұл тек Қазақстан және Орта Азия елдерінде ғана емес, күллі посткеңестік кеңістіктегі шоқтығы биік ұжымдардың бірі. Мұны мен осы театрда қойылып жатқан спектакльдердің көркемдік деңгейіне қарап айтамын. А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу», сахнаның ақыны атанған У.Тинессидің «Шыны хайуанат», У.Шекспирдің «Гамлеті» биік деңгейде қойылған дүниелер. Жасырақ кезімде «Современник», МХАТ театрларының қойылымдарын көру бақытына ие болып едім. Салыстыра қарасам, бұлардың қай-қайсысы да солардан еш кем соқпайды. Көрермен бір нәрсені түсінсе екен деймін. Театрға адам ақпарат алу үшін келмейді. Адам театрға катарсиске түсу үшін, жан дүниесін тазарту үшін, рухани тебіреніске түсу үшін келеді. Ал қандай да бір кезеңдік көріністер театрда қойылмасын деген заң жоқ, бірақ оған арналған публицистикалық жанрлар жұмыс істейді. Оған саясаттанушылар саяси эсселерін арнасын. Мұндай тақырыптарға ғылыми монография жазылуы керек. Бірақ оған арнап спектакль қою тым артықтау секілді. Тарихи туындылар жазыла берсін, бірақ ол дүниелер драматургтің жүрегін жарып шығуы керек. Сонда ғана ол көрерменнің де жүрегіне жетеді. Бұл театр қашан да  мақтауға, мақтануға тұратын театр.

Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА, театр сыншысы: Театрды тәуелсіздік кезеңімен байланыстыра айтатын болсақ, егемендіктің алғашқы кезіндегі экономикалық ауыртпалықтан қиналса да, Қазақстанда бірде-бір театр жабылған жоқ. Барлық театрдың бағдаршамы іспетті М.Әуезов театры аймақтардағы барлық драма орталықтарына дем беріп, жол сілтеп отырды. Театрдың шығармашылық еркіндікті жаппай қазаққа таратудағы еңбегін атап өткеніміз жөн. Еркіндікті әркім әрқалай топшылап жатқанда, бұл театр соның ішкі мәнін жете түсінді. «Абылай ханның ақырғы күндері», «Абылай хан», «Еділ патша», «Шыңғысхан», «Томирис» секілді кең тынысты эпикалық спектакльдердің қайсысы да рухымызды асқақтатып, өзіміздің дербес ұлт екенімізді сезінуге септігі тиді. Бұл жылдарда театрда неше түрлі бағыт, алуан түрлі стильмен қойылған «Шағала», «Тоғышардың тойы», «Тұзды шөл» секілді адамды бей-жай қалдырмайтын ізденістерге толы спектакльдерді көріп, дағдарып қалған облыстық театрлар «мынандай да дүние жасауға болады екен ғой» деген ұғымды қалыптастырып, ойландырып тастайтын. Сол ізденіс бұл театрдан ешқашан үзілген емес. Тіпті фестиваль аясында тамашалаған Елік Нұрсұлтанның «Лир патша» атты өзіндік жұмысы сол ізденістің бар екенін айқындайды. Сондай-ақ тәуелсіздікпен бірге театрға өте талантты, әдемі жас буын өкілдері, жаңа суреткерлер, жаңа режиссерлер келіп қосылды. Бұл да мақтанарлық жағдай.

Дайындаған Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ