ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның құттықтауы

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына

Құрметті театр ұжымы!

Еліміздің өнердегі мақтанышына айналған, көрермен ықыласына бөленіп келе жатқан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының 90 жылдық мерейтойына орай шынайы құттықтаған ізгі тілегімді қабыл алыңыздар.

Елімізде алғашқылардың бірі болып құрылған ұлттық театр өзінің 90 жылдық ғұмырында көптеген шет елдерде ұлттық өнердің ерекшелігін танытып, қазақ өнеріне дүниежүзінің көрермендерін тәнті қылды. Қазақстанның түкпір-түкпірінде гострольдік сапарда болып, өнерсүйер қауымның ықыласына бөленді. Өз қатарынан жүздеген өнерпазды қанаттандырып, бүгінгі таңда олардың есімі ел есінде, қалың қауым, салауатты жұрттың жадында сақталған.

Ата-бабамыздың мирас етіп қалдырған бай мұрасын дәріптеудегі зор үлесі үшін театр және ұжым мүшелері көптеген мемлекеттік наградалар мен марапаттауларға ие болды.

Қазақ даласынан қуат алып, төл өнерімізді насихаттаған М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ғұмыры лайым ұзақ болсын! Еліміздің көгінде шоқ жұлдыздай жарқырап, өнердің бұдан да биік шыңдарына шыға беруіне тілектеспін!

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары

Дариға Назарбаева