ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауы

Құрметті өнерсүйер қауым,

М.Әуезов атындағы

Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы!

Ұлт өнерінің қарашаңырағы, қазақ сахнасының алтын бесігі, қазіргі әлемдік деңгейдегі ұлттық театрлардың бірегейі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады» деп атап өткендей, театрдың ұлт руханиятын дәріптеудегі орны айрықша.

Қазақ театры болып ұйымдастырылып, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» қойылымымен шымылдығын ашқан өнер ордасында халқымыздың біртуар тұлғалары өнер көрсетіп, шығармашылық қалыптастыру жолында зор еңбек сіңірді.

Мәдениет пен өнер өлкесіне алғашқы қадам театр табалдырығынан бастау алады десек, руханият әлеміне лек-легімен теңдессіз сахна шеберлерінің келуі театрдың күрделі драмалық шығармаларды көрерменге асқан шеберлікпен ұсынуына мүмкіндік туғызды.

90 жылдық тарихында қалың көрермен қауымына мыңдаған қойылымдарын ұсынған театр репертуары әр кезеңде қазақ қаламгерлерінің туындыларымен, әлемдік драматургияның озық үлгілерімен толығып, жаңарып отырды.

М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Ғ.Мүсіреповтің «Ақын трагедиясы», Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Ғ.Мұстафиннің «Миллионер», Т.Ахтановтың «Боран», Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал» сияқты қойылымдары ұлттық драматургияның қайнар бұлағына айналса, Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша», Ә.Таразидің «Ақын… Періште… Махаббат», Д.Исабековтің «Жаужүрек», И.Сапарбайдың «Қыз мұңы», Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» және өзге де қарымды қаламгерлер шығармалары негізінде сахналанып жүрген қойылымдар қазақ театрының дамуын айғақтаған құнды дүниелер екені сөзсіз.

Тарихы тереңнен тамыр тартқан өнер ордасы ғасырға жуық мерзімде актерлік, режиссерлік шеберліктің шыңына  көтерілген бірнеше буынды тәрбиеледі. Олар өнерсүйер қауым мен қалың жұртшылығымыздың мақтан тұтар қайталанбас тұлғаларына айналды. Бүгінде киелі өнер шаңырағы ұлт руханиятының өрісін кеңейтіп, ел мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып келеді.

Мәңгілік ел болуды мақсат еткен халқымыздың ой-мұратына қанат бітірер замана шындығын лайықты бейнелейтін кәсіби еңбектеріңізге шығармашылық зор табыстар тілеймін!

Ізгі ниетпен,

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенатының Төрағасы

 Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Астана қаласы, 2016 жылғы наурыз.