Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтауы

М.Әуезов атындағы

 Қазақ мемлекеттік академиялық драма

театрының ұжымына

Сіздерді театрдың 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

Ұлы Мұхтар Әуезовтің есімін иеленетін бұл театрдың ұлт руханиятын дамытуда алатын орны өзгеше биік. Бүгінде өздеріңіз еңбек ететін өнер ұясының тарихы терең әрі тамаша дәстүрлерге бай.

Осы мерзім ішінде мұнда халқымыздың талай-талай аса дарынды актерлері мен режиссерлері еңбек етіп, халыққа танылды, өздерінің өшпес қолтаңбаларын қалдырып, көрермендердің шынайы сүйіспеншілігіне бөленді. Театр сахнасында әр жылдары ұлттық және әлемдік драматургияның үздік туындылары табысты қойылды.

Сіздердің қойылымдарыңыз арқылы мыңдаған қазақстандықтар адам жанының күрделі қалтарыстарына жаңаша үңіліп, хас өнердің нәрінен сусындап, жүректерін нұрландыра алды.

Ұжым алдағы уақытта да заман талабына сай мазмұнды қойылымдар ұсынып, адамгершіліктің асыл қасиеттерін паш ету арқылы көрермендерді гуманистік рухта тәрбиелеуге өздерінің лайықты үлесін қоса береді деп сенемін.

Баршаңызға зор денсаулық пен бақыт, өнердің қия жолында сәттіліктер мен табыстар тілеймін!

Қазақстан Республикасының

 Президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Астана, Ақорда, 2016 жылғы наурыз.