Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнуар Молдабековтің туғанына 80 жыл

Ұлттық актерлік мектептің көрнекті өкілі, Қазақстанның  халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың  лауреаты  Әнуар Абыханұлы Молдабеков  1938 жылдың 20-мамырында Алматы облысы, Іле ауданы, Комсомол ауылында дүниеге келді. Бала кезінен өнерге бейім өскен, әнші болуды армандаған ол 1956 жылы Алматы консерваториясының актерлік бөліміне түседі, ал, 1960-1962 жылдары М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы екі жылдық студияда Ә.Мәмбетов, Н.Жантөрин, тағы да басқа шеберлерден дәріс алып, оқып-бітіреді.

Өнер жолын С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрында бастаған Ә.Молдабеков ол сахнада М.Әуезовтің «Қобыландысында» Қобыланды, «Түнгі сарынында» Жантас, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Еркін, Шекспирдің «Ромео-Джульеттасында» Тибальт, тағы да басқа бірқатар роль орындап, тәжірибе жинақтады. Қарағанды театрының  отыз жылдығына орай Алматыда өткен гастролінде Қобыланды ролімен көзге түсіп, мамандар мен көрермендерден жақсы баға алған талантты жас 1964 жылы М.Әуезов театрының актерлік тобына қабылданды. Сол кезден бастап өмірінің соңына дейін осы сахнада жарқын да жасампаз өнер жасады.

Қара шаңырақ театрда  шығармашылығының жаңа кезеңі басталған  Ә.Молдабеков - ұлттық сахна өнерінің көшін бастаған 60-жылғылар буынының аса көрнекті өкілі. Ұлттық өнерді сапалық биікке көтерген, өзіндік актерлік мектебін қалыптастырған тұлға. М.Әуезов театрындағы жиырма жылдай уақыт ішінде ең алғашқы үлкен рольдері Пушкиннің «Шағын трагедияларында» Альберт, М.Әуезов, Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясы» драмасындағы Бақытжан (прототипі Бауыржан Момышұлы), Т.Ахтановтың «Боранда» Қоспаннан бастап ұлттық және әлемдік жауһарлардан, сондай-ақ өз кезіндегі заманауи драматургиядан алпысқа жуық, басым көпшілігі классикалық деуге болатын бейнелер сомдады.  Драма, трагедия, комедия жанрларының бәріне бесаспап хас шебердің Қобыланды, Кебек, Керім, Нарша (М.Әуезов. «Қара қыпшақ Қобыланды», «Еңлік-Кебек», «Абай», «Қарагөз»), Жантық (Ғ.Мүсірепов. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу»), Сәкен (С.Мұқанов. «Сәкен Сейфуллин»),  Майсалбек, Мәмбет (Ш.Айтматов. «Ана-Жер-ана», «Көктөбедегі кездесу»),  Тәңірберген (Ә.Нұрпейісов. «Қан мен тер»), Бозтайлақ (О.Бөкеев. «Құлыным менің»), т.б., сонымен қатар әлемдік классикадан –Ричард, Петручио (Шекспир. «Ричард III», «Асауға-тұсау), сондай-ақ С.Чекмарев (А.Абдуллин. «Ұмытпа мені, күнім»), Джордж (В.Дельмар. «Өкінішті өмір»), тағы да басқа көптеген бейнелері ұлттық сахна өнерінің алтын қазынасына қосылды. 

Сомдаған рольдері халықтық сипатымен ерекшеленген ол  кейіпкерлерінің өмірін шынайы кешіп, отты жүрегімен, рухани парасатымен құнарландырды. Ә.Молдабековтің сахнадағы соңғы аққу әні - А.Чеховтың көрнекті режиссер Ә.Мәмбетовтің қойылымындағы  «Сүйікті менің ағатайымындағы» Иван Войницкий бейнесі. «Осы бейнені жасау үрдісінде асқан кәсіби шеберлігі ғана емес, зор адамгершілігі мен жанының нәзіктігі тәнті етті» дей келе өз естелігінде  Ә.Мәмбетов  шәкірті Ә.Молдабековті  «сөз арасындағы паузаны да керемет ойнайтын Ұлы актер» деп  бағалады.

Ә.Молдабеков кино өнерінде де жасындай жарқылдады. Қалың жұртшылыққа, ең алдымен,  режиссер Ә.Мәмбетовтің «Ән қанатында» фильмі арқылы кеңінен танылды. Ақын-әнші Мұсаның (протототипі суырып салма ақын Иса Байзақов)  ролін  көркем сомдағаны үшін актер 1967 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Кинодағы келесі шыңы – С.Қожықовтың «Қыз Жібек» көркем фильміндегі Шеге бейнесі. Төлегеннің серігі, өзі ақын, өзі сері Шеге – актердің жарқын сомдауымен халықтың сүйікті кейіпкеріне айналды. Бұдан кейін де актер небір күрделі психологиялық рольдерді асқан шеберлікпен орындады. Атап айтқанда,  «Кездеспей кеткен бір бейнеде» Еркебұлан (прототипі С.Сейфуллин), «Қан мен тердегі» Еламан,  «Өтелмеген парыз» фильміндегі Қожабек ақсақал, т.б. көркем бейнелері ұлттық киноның сапалық белеске көтерілуіне үлес қосты.  Қысқалау ғұмырында  «Қилы кезең», «Аруана», «Қала қалқаны», «Жаушы», «Аптап», «Әпкем менің Люся», тағы да басқа,  бас-аяғы отыз шақты көркем фильмге түскен актер «Мосфильм», «Қырғызфильм», «Өзбекфильм» туындыларында да қызғылықты рольдер жасады, көркем фильмдерді қазақ көрерменіне жеткізу ісі –дубляжға көп еңбек сіңірді. Сан қырлы талант иесі поэзиялық шығармаларды аса көркем оқыды, оның қуатты да бояу палитрасы бай дауысы радио және телеспектакльдерде, мерекелік концерттерде көрерменнің құлақ құрышын қандырды.

М.Әуезов театры қатысқан Иран, Франция елдеріндегі халықаралық фестивальдарда талантымен қазақ театр өнерінің туын жоғары көтерген, КСРО Мәдениет министрлігінің драмалық өнер жөніндегі Көркемдік кеңесінің мүшелігінде өрелі ойларымен  ерекшеленген актер сахна өнері көшбастаушыларының бірі болды.

         Ә.Молдабеков Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1967), Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі (1970), Қазақ КСР халық артисі (1976) атанды,  Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

         Табиғи талант, текті болмыс пен жанкешті еңбекқорлығы, рухани-көркемдік ізденістері зиялы өнерге ұласқан Ә.Молдабеков Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Имашева екеуі қара шаңырақ театрда өнер серіктес бола жүріп отбасында ұл-қыздарына ұлағатты тәрбие берді. Сахнада «мың өліп, мың тірілген» ғажайып серіктес, ал, өмірде адал дос, шыншыл азамат, жастарға бейресми ұстаз, қадірлі аға бола білген хас шебердің тағлымды өнері кейінгі ұрпақты қашанда рухани нәрімен қуаттандыра беретіні сөзсіз.

 

Әлия Бөпежанова


 

Лебіздер:

 

Ол халықтың актері, халық арасынан шыққан данышпан. Өз заманында туған Ұлы актер!

Ә.Мәмбетов

 

Қобыланды...  - жас актер Ә.Молдабековтің жігері, жалын атқан жастығы, ішкі қызулығы, сүйкімді жүзі, ширақ қимылы қаһарман бейнесін жасауға үйлесімді келген.

Б.Құндақбаев

 

Ә.Молдабековтің Жантығы – сырттай Қарабайдың көлеңкесіндей көрінгенімен, шын мәнінде, оны аңдып жүрген ажал сияқты.

Қ.Мұхамеджанов

 

Страстный, нетерпимый, умеющий чувствовать сильно и глубоко Танирберген проходил в спектакле путь трагических потрясений... А.Молдабеков играл своего героя, исходя из перспективы дальнейшей судьбы,... всего его пути, вплоть до гибели.

И.Шостак

 

Әнуар өнердегі шоқтығы биік өнерпаз еді... Ол жасаған бейнелерді айта берсе таусылар ма! Бір-біренен өткен асылдар ғой ол!

А.Әшімов

 

Театр мен киноны қос тұлпардай ерттеп мінген Әнуар... өнер бәйгесінде басын бермейтін сәйгүлік тұлпардай еді.

Е.Обаев

 

...Ар тазалығы, шындық, адалдық, достыққа шынайы берілу... – осындай үлкен қасиеттердің жиынтығын бір Әнуардан көретінмін.

Ы.Ноғайбаев

 

Әнуар аз ғұмыр кешсе де өмір-өнер миссиясын орындап, адамдар жүрегіне із, көңілдеріне шырақ жағып кетті.

Ф.Шәріпова

 

Сілтесең – семсер, қорғансаң – қалқан орнына жүрген қайран Әнуар!..

А.Сүлейменов

 

Адам, Азамат Әнуар арқылы Актер, Суреткер Молдабековті танып-білдік.

Ә.Сығай

www.auezov-theatre.kz