«Сүйінбай» драмалық эпосының премьерасы өтеді

Маусым айының 1,2 күндері М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында авторы Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» драмалық эпос жанрындағы қойылымның премьерасы өтеді.

Қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі М.Ахманов. Режиссердің ассистенті - Ә.Оспанбаева, режиссердің көмекшісі - А.Қабдешова. Ал, көркемдеген суретші – Е.Тұяқов, киім үлгісінің суретшісі - Л.Возженникова. Музыкасын құрастырған Б.Ақтаев, балетмейстер - Г.Мұхамеджанова.

Қойылымның сипаттамасына тоқталсақ:

Драмалық Эпостың Басты Кейіпкері – Қазақ Айтыс Өнерінің Атасы, Айтулы Тарихи Тұлға – Сүйінбай Аронұлы...

         Эпос оқиғасы: Сонау... Бөрілі Байрақты Біртұтас Ұлы Түрік Қағанатының – іштен-сырттан бірдей... өлездене іріп-шіріп, енді-гәрі бұрынғыша біте-қайнасып-бірікпестей – бытырап, тоз-тоз – болып, тым-тырықай... «Тұрымтай – Тұсына, Балапан-Басына» кетіп жатқан – аң-босқын, ала-шапқын – зұлматты келеңсіз тұсынан – басталып, содан – соңғы... «алты-бақан – алауыз, қырық-пышақ – кер-абыз», бір кезгі... туысқан халықтардың өзара «қанды-қырғындарын» - қамтып, XIX-ғасырдың орта шеніндегі , күн аралатпай «қырылысқан – қырғи-қабақ ағайын», Қазақ-Қырғыз атты «Ене Таудың емшегін тел емген», төсекте – малы, төскейде – жаны қосылған, көршілес екі елдің, қалай - дүрдараз-ыдырасып, қалайша – қайта бауырласа-ымыраласқандығы жайлы...

«Қырғыз – қазақ бір туған» деп, дана халқымыз жәйдан-жәй айтпаса керек....

         Қойылымның ең қызығы, бүгінгі көрерменді, «Ұлы Дала театрымен» - қауыштырады.