Көрнекті театр-кино актері, Қазақстанның халық артисі Әнуар Боранбаевтың туғанына 70 жыл

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының Қазақстанның Халық артисі Әнуар Боранбаевтың 70 жылдығына арналған гастрольдік сапары Торғай өңірінде 6-11 маусым аралығында өтеді. 6 маусым күні туған жері Амангелді ауылында Ә.Боранбаевты еске алу кеші, арнайы көрме, спектакль қойылады. Ал, маусымның 7,8,9,10 күндері Арқалық қаласындағы жасөспірімдер театрында театр спектакльдері көрермендерге тегін қойылады.

         Көрнекті театр-кино актері, Қазақстанның халық артисі Әнуар Боранбаев қазақ сахна өнеріне атақты 60-жылғылардан кейін келген тегеурінді буынның көрнекті өкілі. Ол отыз жылдық шығармашылық ғұмырында ұлттық өнерге мол қазына салды, ұрпақтар жадынан өшпес көркем бейнелер жасады.

         Әнуар Боранбаев 1948 жылдың 14 наурызында Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келді. Оқушы кезіннн өнерге жақын ол 1965 жылы он бір жылдық орта мектепті бітірген соң Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтының студенті атанады. Бірақ, көңіл қалауы сахна болған соң  бір жылдан кейін ол оқуынан кетіп, Құрманғазы атындағы косерваторияның актерлік бөліміне түседі. Талантты жас 3-курста оқып жүргенде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына қызметке шақырылады. Оның қара шаңырақ театрда орындаған алғашқы рольдері - М.Әуезовтің «Түнгі сарынындағы» мұғалім Сапа, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-анасындағы» Майсалбек, Қ.Мұқашевтің «Дала дастаныныдағы» ақын Ілияс Жансүгіров бейнесі болды. Осы алғашқы рольдерімен-ақ театр іргетасын қалаушылар, аға буын Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Сәбира Майқанова, тағы басқалардың ыстық ықыласына бөленген  Әнуар Боранбаев  осы сахнада қалыптасты, өсті, қазақ өнерінің көрнекті тұлғасына айналды.

          Белсенді де тегеурінді шығармашылық иесі театрда жетпіске жуық роль орындап, әрқилы кейіпкерлерді сомдады. Ұлттық топырағы мықты, тіл құдыретін мейлінше терең сезіне білетін және рухани зердесі өте ұшқыр, аса ізденімпаз, ерекше еңбекққор актердің, әсіресе, драмалық, трагедиялық кейіпкерлерінің көрерменге әсер ету қуаты мол болды.  Оның М.Әуезов пьесалары бойынша қойылған спектакльдердегі рольдерінің жөні бөлек. Жоғарыда аталған «Түнгі сарындағы» Сапа, «Айман-Шолпандағы» Арыстан, Маман бай, «Абайдағы» Әбдірахман, «Таңғы жаңғырықтағы» Тоқпаев, «Қобыландыдағы» Бірсімбай, «Еңлік-Кебектегі» Кембай, «Қилы замандағы» Прокурор, «Қарагөздегі» Сырым, Дәулеткелді бейнелері басты-қосалқылығына қарамастан, бәрі де көркем де құнарлы шықты.  Оның кейіпкерлері қандай әлеуметтік топ-тап өкілі болсын мейлі, дараланып тұратын. Көрнекті театртанушы Б.Құндақбаев актер Боранбаев суреттеген кейіпкерлердің сахнада дараланып, өзіндік мінез-құлқы, толғанысы, көркемдік болмысымен шынайы шығуының себебі – актердің «сахналық бейненің жанды «суретін» салып, «өмірбаянын» жазуынан,  деп көрсетеді. Бұл ретте Әнуардың «Қарагөздегі» Сырым бейнесін ерекше атау керек. Осы рольді жасауда аға буынның тәжірибесін жақсы зерделеген актер  бейненің өзіндік дара нұсқасын жасады. Сырым – Әнуар сөзі жалынды ақын, сері, қарекеті ширақ, мақсаткер, күрескер тұлға болып өрнектелді. Көрнекті режиссер Ә.Мәмбетовтің ой-шешімдерін зерделей отырып, өзіндік ізденіс, көзқараспен келетін актердің сомдаған үлкенді-кішілі қай кейіпкері болсын, мазмұнды, құнарлы шығып отырды. Байыптап қарағанда актер Әнуар Боранбаев көрнекті режиссер Мәмбетовтің сүйікті актерлерінің бірі болғаны анық көрінеді, режиссер көптеген спектакльдерінде басты, шешуші рольдерді Әнуарға сеніп тапсырып отырған - Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Еламан, Т.Ахтановтың «Антындағы» Бөгенбай, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесіндегі» Момын шал, «Ғасырдан да ұзақ күнінде» Мәңгүрт, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елдесінде» Бекмырза, «Біз періште емеспізінде»  Жәкен Сабырбаев... Тізімді жалғастыра беруге болар еді.

         Ұлттық һәм дүниежүзілік классикалық туындыларда кесек рольдер орындап, тарихи кейіпкерлерді тамаша сомдаған Әнуардың тәуелсіздік кезеңіндегі табыстары да қомақты болды.  Жаны сергек, ойы терең актер А.Сүлейменовтің «Төрт тақта-жайнамазында» Райсобес, «Штат қысқартуында» Аханов, Б.Римованың «Абай-Әйгерімінде» Абай, Қ.Ысқақтың «Жан қимағында» Мұса, Төбе би, Ә.Кекілбаевтың «Абылай ханында» Тұрсынбай; А.Островскийдің «Жазықсыз айыптыларында» Незнамов, Шекспирдің «Ричард III» трагедиясындағы У.Кэтсби, «Асауға-тұсаудағы» Люченцио, Мольердің «Ақымақ болған басым-ай!» комедиясындағы Клитандр мырза,  Сотанвиль, т.б. көптеген рольдері қазақ сахна өнерін өсірген, театр тарихына енген рольдер деу керек.

         Өнерге қалтқысыз қызмет еткен ӘнуарБоранбаев – сан қырлы талант иесі болды. Ол кино өнерінде де өз биігінен көрініп, ұлттық кинода қайталанбс қолтаңбасын қалдырды. Оның кинодағы аса сәтті дебюті кинорежиссер Шәріп Бейсенбаевтың жазушы-драматург Дулат Исабековтің повесі бойынша түсірген «Гауһартас» фильміндегі Тастан бейнесі. Бұдан кейін «Түрксіб» фильмінде Тұрар Рысқұлов ролін орындаған актер «Қазақфильм» киностудиясының «Отқа оранған Орал», «Ақырғы аманат», «Ауылым Көкжотаның бөктерінде», «Созақтан шыққан Гамлет», тағы да басқа, сондай-ақ «Мосфильмнің» В.Цвигунның «Біз ораламыз» романы бойынша  кинотрилогиясына,  «Қырғызфильм» кинотуындыларына да түсіп, қалың көрерменге жақсы танымал болды.

         Республика радио-телевидение саласына да еңбегі сіңген хас актердің құлаққа жағымды қоңыр үні спектакльдер мен кинофильмдердің ғана емес, көптеген теле-радиоспектакльдердің, хабарлардың  көркін ашты, мағынасын тереңдетті. Бұл ретте де ол қара шаңырақ театрдағы алыптар дәстүрі мен дәрісін бойына жақсылап сіңірген өз буынының алдыңғы сапында жүрді. Жаны жарқын, пейілі кең, үлкенге інілік, кішіге ағалық таныта алған ол сахнада жақсы серіктес, өмірде адал дос,  қалың көрерменінің сүйіктісі болды.

         Тағдыр Әнуарды сынға салды. Қанша қиын болғанымен ол мойымады, шарболаттай шыңдала түсті. Ауыр операциядан шыққан соң  арада жыл өтпестен қасиетті сахнасына қайта оралды. 1994 жылдың сәуірінде «Ана-Жер-ананың» 30 жылдық мерекелік қойылымында  шықты. Бұрын Майсалбек ролімен танылған  актер бұл жолы пошташы шалдың ролін орындады. Сол бір ерекше кеште актер қаншалықты толқыса, оны сағынған көрермендердің де қуанышында шек болмады. Осыдан кейін актер жеңіл балдағын ұстап жүріп А.Сүлейменовтің «Штат қысқарту»,  Қ.Ысқақтың «Жан қимақ», Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан», Е.Замятиннің «Еділ патша»,  А.Бекбосынның «Соңғы сезім», А.Тасымбековтің «Кебенек киген арулар», тағы да басқа  пьесалар бойынша спектакльдерде әдемі өнер көрсетті. Сонымен қатар хас шебер Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында студенттерге актерлік шеберліктен дәріс оқып, өзінің шеберлік сырларымен бөлісті.

         Әнуар өзі де, өнері де көркем азамат еді. Ол суреткерлік және азаматтық тұлғасына кіршік түсірмеген, мазмұнды да саф өнерімен ұлтының рухани кемелденуіне үлкен үлес қосты. Оның мазмұнды да абыройлы өнер жолы мен адами болмысы ұрпақтар  жадынан өшпек емес.

         Бүгінгі таңда Қазақстанның халық артисі, көрнекті театр және кино актері Әнуар Боранбаевтың есімі туған ауданының орталығындағы мектепке және Арқалық қаласындағы кинотеатрға берілген. Оның өмірі мен өнерінен сыр шертетін, белгілі журналист-жазушы Қайсар Әлімнің «Актер тағдыры» атты кітабы 2008 жылы жарық көрді.

 

Әлия Бөпежанова,

театрдың әдебиет бөлімінің жетекшісі,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


Лебіздер:

 

Әнуарды ойласам, таңғажайып актер Әнуар Молдабеков те есіме түседі. Екеуі қос қанатым еді: Молдабеков пен Боранбаев. Қанаттарым қайырылды, майырылдым...

Әзірбайжан Мәмбетов

 

Әнуар Боранбаев қандай кейіпкердің бейнесін сомдаса да, кімнің ролін орындаса да қомақты көркемдік нәтижеге дарындылығының үстіне мол еңбегінің, жалықпай ізденуінің арқасында жетті.

Бағыбек Құндақбаев

 

Театр бар жерде, өнер бар ерде өнердің ақсұқғары Әнуар ұмытылмайды. Рухы биіктей береді.

Фарида Шәріпова

 

Әнуар қиын да қызығы мол өнер майданында абыройы аспандап, көрерменнің көкейінен шыққан ақберен  азамат еді.

Сәбит Оразбаев

 

 Қазақы мінезге бай, әдебиетті жақсы білетін, поэзияны сүйетін, жаны жайсаң, кішіпейіл де адал Әнуар бірден ұлы актерлер арасынан ойып тұрып өз орнын алды.

Есмұхан Обаев