М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 92-ші маусымын аяқтады

Бүгін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры өзінің 92-ші маусымын аяқтай келді. Театр маусымының жабылуы әртіс үшін жанына жақын, мерекелі саналатын, мерейлі күндердің бірегейі десекте болады.

Жаңару мен шығармашылық шабыттың, маңдай тер арқылы жеткен еңбек қашанда өз бағасын алары сөзсіз. Жабылу салтанаты –  бұл жасалған жұмыстың нәтижесін мақтанышпен паш ететін бітіру емтиханы іспеттес. Биылғы маусым жемісті гастрольдік сапарлардың көптігімен ерекшеленді. Жапония, Арменияға сапар сияқты әлем елдеріне сапарлармен, еліміздің Ақтөбе облыс орталығынан басталып, Батыс Қазақстан облысында, Арқалық қаласында, және Елордамызда «Алатаудан-Сарыарқаға сәлем!» деген атпен гастрольдік сапарларда болғанымен ерекшеленді.

Тағыда атап өтер биылғы жылдың басты жаңалығы, Елордамызда өткен жаңа ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің өтуі еді. Бұл Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған «Астана» театр фестиваліне Италия, Ұлыбритания, Литва, Польша, Германиядан танымал әлемдік театрлар келді. Әртүрлі елдердің 17 театры 18 атақты қойылымды ұсынды. 

Біздің театр ұжымы үшін жаңа белестерге мүмкіндік берген ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестиваліне ұйымдастырушы ретінде, көрермен ретінде де, қатысушы ретінде де көптеп қатыстық. Ол да осы маусымның үлкен жаңалығы болып табылады. Сонда-ақ, қазақ театры тарихында тұңғыш рет жақында Еуропадағы Франция еліндегі «Авиньон» фестиваліне қатысқалы отыр.

Театрымыздың 92-ші маусымы Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібек» сазды драмасымен жабылады. Бұл салтанатты жабылу рәсімінде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рахилям Әбдрахманқызы, Қазақстанның халық артисі Есмұхан Несіпбайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда және тағы басқа театрымыздың ардагер, аға буын өкілдері сахнаға көтерілді. Театр директорының орынбасары Алмас Әбілқасымұлы әр маусымда өзінің ерекшеліктерімен есте қалатынын, келесі маусымда жаңа премьералармен қуантатынын, жақында театр ұжымы Еуропадағы Франция еліндегі Авиньон фестиваліне жол тартатынын жеткізді.

Маусымның қортындысы «Қыз Жібек» сазды драмасымен жабылуы да тегін емес. Елордамыздағы «Алатаудан-Сарыарқаға сәлем!» гастрольдік сапарымыздың шымылдығы да осы қойылыммен ашылған болатын. Қазақтың лиро-эпостық жауһар жыры «Қыз Жібек» махаббат гимні десе болады. Осы эпос негізге алынған бұл туындыға да Қыз Жібек пен Төлегеннің жүрек тербірентер қайғылы махаббаты арқау болғанымен, ел бірлігі мен тұтастығы идеясы қатар өріліп, халықтың ой-арманы мен аңсары танылатын, бояуы жарқын қойылымда ұлттың өмірі мен тығыз байланысты дәстүрлер де  - бата сөз, қарғыс, жоқтау, зар, көңіл айту, қоштасу және тағы басқалары жақсы көрініс тапқан. 

- Қадірлі менің әріптестерім! Мінекей, ұлы Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібек» сазы драмасыменен өзіміздің маусымымызды жауып отырмыз. Үлкенді-кішілі барлық әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Өнердің қара шаңырағы деген атымыз бар. Қайда жүрсекте беделіміз зор, атақ абыройымыз бар екені ақиқат. Сондықтан ұлылардың салып кеткен жолы, үлкендердің бастап кеткен бастамасы, солардың ізін жалғастырып келе жатқан біздер. Кезекті демалыстан кейін, алдағы маусымда басымыз аман, бауырымыз бүтін, аман-есен қауышайық дегім келеді. Ел іргесі аман болсын! Елге береке бірлік берсін! Жаратқан қазақ деген дархан халықтың қашанда өз қолын, өз аузына жеткізсе екен деп тілеймін! – деді бүгінгі қойылымда Сырлыбай рөлін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрымыздың актері Саят Мерекеұлы.

Сонымен қатар Бурятия еліндегі "Гуннский" қоғамдық қорының жетекшісі, қоғамдық қайраткер Олег Булутов бүгінгі жабылу салтанатына қатысып, «Қыз Жібек» сазды драмасын бірге тамашалады.

Бұл маусымда философиялық ойларды, өткір драмаларды көрермендерге ұсынған  маусымы болды. Жемісті гастрольдік сапарлардың, жаңа белестер мен театр фестивальдарының маусымы болды. Жаңа таланттар тудырған, сүйікті әртістерінің шеберлігін шындаған, ең бастысы, жасалған еңбектің нәтижесін көрсетіп, көрермен алғысына бөленген маусым болғаны айдан анық.