Түркі әлемінің ғалымдары Әкем театрында болды

Бүгін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына Алматыда өтіп жатқан Халықаралық Түркі әлемі зерттеулеріне арналған шараға қатысушы Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан мен Башқұртстаннан келген ғалым мен сарапшылардың бір тобы келіп қасиетті қара шаңыраққа бас сұқты.

Оларға 93 жыл тарихы бар өнер ордасының қойнауы қазынаға толы театр жәдігерлерімен ұлы тұлғаларының көзінің қарашығындай қорғап келе жатқан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы театр музейінің тарихы туралы құнды деректермен бөлісіп, театр тарихындағы ең алғашқы режиссер Жұмат Шаниннің, бүкіл Францияны дүр сілкіндірген Әміре Қашаубаевтың, Мұса Байзақовтың, Қалибек Қуанышбаев секілді театрдың алғашқы саңлақтарының өмір жолымен таныстырды.

Өз кезегінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, дені Түркиядан келген қонақтарға біздің түркі елдерінің тамырымыз, тегіміз бір екенін, ең алғашқы болып Қазақстанның Тəуелсіздігін таныған - Түркия мемлекеті екендігін айтты. Жақында Талдықорған қаласында Халықаралық театр фестивалі өтетінін, оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан түркі халықтарының театрлары қатысатынын, әрқашанда өнер мен мәдениет саласында түркі халқы ажырамастай бір екенін айтты.

Театрымызға келген ғалымдардың кейбірін атап өтсек; Түркия мемлекетінің Нийде Өмер Халисдемир университетінің ректоры Мухсин Кар, Түркология кафедрасының меңгерушісі Хикмет Қораш, Педагогика факультетінің деканы Бекир Чынар, Байланыс факультетінің деканы Зия Авшар, Халықаралық байланыстар басқармасының сарапшысы Хулия Үрінді көрмеде ілінген төте жазумен шыққан қазақ жеріндегі алғашқы газеттің театр туралы мақаласын оқып, театр жанындағы  музейді ұйымдастыру, қор жинау, мазмұндау, материалдармен толықтыру, ғылыми сараптау жұмыс барысымен таныс болды.

Содан соң, биылғы жылы адамзаттың Айтматовы, түркі халқының Ұлы жазушы атанған Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына орай театрымызда сахналанған «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымының премьерасын бірге тамашалады.

Айта кетейік, Алматыда өтіп жатқан Халықаралық Түркі әлемі зерттеулеріне арналған шараның өтуіне Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ұйытқы болуда. Шараның басты мақсаты Әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, ғылыми бағытта пікір алмасуды қамтамасыз ету, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау екен.

Бұл үш күнге созылатын басқосуда ғалымдар педагогика, тіл, әдебиет, тарихтан бөлек мәдениет, өнер саласында да пікір алмасып, болашақта түркі әлемінде ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру турасында уағдаласпақ.


Ә.КЕРЕЕВ